Қызылордада интернет-алаяқтықтың ашылу көрсеткіші 14 пайызға артты
Қызылорда облысында интернет-алаяқтық өткен жылғыдан 3,2%-ға төмендеді, яғни биыл 6 айда 211 дерек тіркелді.Фото: Өңірлік коммуникация қызметі
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қылмыстың 50%-ы ашылып, көрсеткіш салыстырмалы түрде 14%-ға жақсарды. Тергеп-тексеру нәтижесінде 38 күдіктіге қатысты 113 қылмыстық іс сотқа жолданды.
– Қылмыстық кодекстің 232-бабының 1-бөлігінде көзделген дроперлердің іс-әрекетіне қатысты 17 қылмыстық іс тіркеліп, 11 іс сотқа жолданды. Ұлттық банктің «Антифрод» жүйесіне 1493 инцидент енген. 5 млн теңгеден астам қаражат бұғатталған. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында бұғатталған 1,2 млн теңгеден астам қаражат жәбірленушілердің пайдасына өндірілді. Қалдықтағы 3,8 млн теңгені қайтару бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр, – деді департамент басшысының бірінші орынбасары Серік Тоқтыбаев.
Еске сала кетсек, елімізде жыл басынан бері интернет-алаяқтықтың саны 7%-ға азайды.