«Қырық рет қан тапсырғандар алады»: Қазақстанда тағы бір марапат түрі пайда болды
Марапатқа ие болу үшін үміткерлер белгілі талаптарға сай болуы тиіс
Фото: © freepik.com

Фото: © freepik.com
Қазақстанда қан мен оның компоненттерін өтеусіз тапсырған азаматтарды марапаттауға арналған «Құрметті донор» атты жаңа ведомстволық төсбелгі пайда болмақ. Тиісті қаулыны Қазақстан Республикасы Үкіметі қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жаңа марапатқа алғаш болып белгіленген талаптарға толық сәйкес келетін 481 тұрақты донор ие болады.
Үкімет қаулысына сәйкес, «Құрметті донор» төсбелгісі Қазақстан азаматтарына, сондай-ақ Қазақстанда өтеусіз донорлық жасаған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға беріледі.
Марапатқа ие болу үшін үміткерлер мына талаптардың біріне сай болуы қажет:
- қан және (немесе) тромбоцитті кемінде 40 рет өтеусіз тапсыру;
- қан плазмасын кемінде 70 рет өтеусіз тапсыру.
Жаңа марапат өмірді құтқаруға үлес қосып жүрген тұрақты донорлардың еңбегін мемлекеттік деңгейде мойындауға бағытталған. Осылайша, ұзақ жылдар бойы өтеусіз донорлықпен айналысып жүрген азаматтардың еңбегі алғаш рет арнайы ведомстволық наградамен бағаланбақ. Төсбелгілерді «Қазақстан теңге сарайы» әзірлейді. Оның дизайны Қазақстан Республикасы Геральдика жөніндегі республикалық комиссиясының келісімімен бекітілген.
Төсбелгінің негізгі белгісі – қанық қызыл эмальмен көмкерілген қан тамшысы. Оның ортасында ақ түсті эмальмен жүрек соғысының графикалық ырғағы бейнеленген. Композиция күңгірт түсті дөңгелек жиекпен қоршалған.











