Батыс Қазақстанда 75 мыңға жуық донор есепте тұр
Фото: Pexels
Батыс Қазақстан облысында 75 мыңға жуық донор электронды есепке алынған. Облыстық қан орталығының директоры Қуаныш Қалиевтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, аталмыш орталыққа қоса 15 аудандық, 10 қалалық және облыстық медициналық ұйым қызмет етеді.
Қуаныш Жарылқасынның сөзіне қарағанда, орталық қажетті заманауи жабдықтармен және білікті қызметкерлермен толық жабдықталған.
Облыстық қан орталығы үш рет ұлттық талапқа және екі рет 15189-2015 халықаралық стандартына сәйкес аккредиттелген.
«Жыл сайын 14 маусымда Дүниежүзілік қан доноры күні аталып өтіледі, өйткені дәл осы күні 1868 жылы белгілі аустриялық дәрігер, Нобель сыйлығының екі дүркін лауреаты Карл Ландштейнер дүниеге келді. 1901 жылы ол аса маңызды жаңалық адамның АВО жүйесі деп аталатын қан тобын анықтады. Бұл ғылыми жаңалық қан құю арқылы адамдардың өмірін сақтап, мыңдаған науқастың денсаулығын қалпына келтіруге мүмкіндік берді», дейді орталық директоры.
Директордың айтуынша, донорлар ерікті түрде берген қан мен оның компоненттері – жоспарлы емдеу және шұғыл медициналық көмек көрсету кезінде өте құнды ресурс.
Қан тапсыру адам денсаулығы үшін қауіпсіз. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексінің 206-бабына сәйкес, он сегіз жасқа толған, қажетті медициналық тексеруден өткен және қарсы көрсетілімі жоқ кез келген адам ерікті түрде медициналық мақсатта қолданылатын қан мен оның компонентінің доноры болуға құқылы. Қанды өтеусіз тапсыру – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы стандартының бірі. Донорлық шын ниетпен көмек қолын ұсыну деп қабылданады. Сондықтан да донорлық ерікті және өтеусіз болуы қажет.
«Облыстық қан орталығында донордың денсаулық қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінеді. Донордың денсаулық жағдайы мен зертханалық тексеру нәтижесі бағаланып, дәрігер қан тапсыруға рұқсат береді. Донордан қан дайындау тек бір рет қолданылатын шығын материалымен атқарылады. Қанды білікті медбике – эксфузионист алады, олар жеке қорғаныс құралдармен қамтамасыз етілген (медициналық халат, қалпақ, бір рет қолданылатын қолғап). Қан тапсыру барысында донор медицина қызметкерлерінің бақылауында болады, оның жағдайы нашарласа, қан дайындау тоқтатылып, тиісті медициналық көмек көрсетіледі», дейді Қ.Қалиев.
Ересек адам үшін 500 мл қан тапсыру қауіпсіз және бұл көлем тез қалпына келеді.
Бүгінгі таңда облыстық қан орталығы қан компоненттерінің он түрін дайындап, медициналық ұйымдардың сұранысын толық орындайды, ол үшін күнделікті донор саны 30-35 болуы тиіс.
«Донордан жаңа алынған қан және қан компоненттін дайындауға болады. Жаңа алынған қанды сол күні эритроцит пен плазмаға бөлеміз. Эритроцитті сақтаудың ең ұзақ мерзімі – 42 күн. Егер осы уақыт ішінде эритроцит құйылмаса, олар есептен шығарылады, сондықтан біз ай сайынғы қажеттілікті ескере отырып, қажетті мөлшерден артық дайындамаймыз. Сондықтан бір уақытта 100 адамның қан тапсырғаны тиімсіз, яғни артық мөлшерде қан дайындау керек емес», дейді орталық басшысы.
Донор болу құрметті және жауапты миссия екені белгілі, өйткені науқастың денсаулығы мен өмірін сақтап қалудан артық ерлік жоқ. Айталық, 2023 жылы облыста 2 717 науқасқа 12 670 түрлі қан компоненті (күніне 7-8 науқасқа 34-35 бес доза) құйылды.
«Облыстық қан орталығында инфекцияларды диагностикалауға ерекше көңіл бөлінеді. Донорлық қан В және С вирустық гепатитінің маркерлеріне, мерезге және АИТВ инфекциясына тексеріледі. Зертханада қан екі сатылы скринингтен (антиденелерін анықтаудың ИХЛА иммунологиялық әдісі мен ПТР диагностикасының молекулалық-генетикалық әдісінің үйлесімі) өтеді, яғни зертханалық талдау адамның қатысуынсыз атқарылады. Зертхана сапалы және заманауи автоматтандырылған құралдармен жабдықталған. Тағы бір айтар жайт – дайындалған барлық қан компоненттері 100 пайыз лейкофильтрленген яғни лейкоциттен тазартылған, бұл науқастың трансфузияға реакциясын азайту үшін жасалады. Қазақстан – Франция мен Германиядан кейін тромбоциттерді толық инактивациялауға көшкен әлемдегі үшінші ел. Облыста құйылған қан арқылы инфекция жұқтыру жағдайы тіркелген жоқ», деп түйіндеді сөзін Қ.Қалиев.