Түрік инвесторларының жаңа жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері талқыланды
Бүгін Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаев «TUKIB» түрік-қазақ кәсіпкерлері қауымдастығының өкілдерімен кездесті. Кездесуде өңірде инвестициялық жобаларды іске асыру мүмкіндіктері талқыланды.«Мемлекет басшылары Қасым-Жомарт Кемелұлының, Режеп Тайип Ердоғанның көшбасшылығымен бүгінде екі ел арасындағы кеңейтілген стратегиялық әріптестік жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Бұл өз кезегінде сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстардың қарқынды дамуына серпін берді.
Бүгінде Қызылорда облысы тарихи мұрасымен ғана емес, инвестициялық мүмкіндіктерімен де ерекшеленеді. Өңірде агроөнеркәсіп кешенін, құрылыс индустриясын, тау-кен және өңдеу өнеркәсібін дамытудың, көлік-логистикалық әлеуетті арттырудың, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздері саласында ауқымды жобаларды жүзеге асырудың қажетті алғышарттары бар. Осы бағытта әрбір инвестормен ашық, сенімді және ұзақ мерзімді әріптестік орнатуға дайынбыз», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.Аймақ басшысы «Қазақстан Зираат Банкінің» Қызылорда қаласында филиалын ашып, өңірдегі кәсіпкерлердің қаржы ресурстарына қолжетімділігін арттыруды ұсынды.Аймақтың қарқынды дамуын ескере отырып «Қазстройподряд» компаниясымен облыс орталығында заманауи сауда және ойын-сауық орталығын салу, «Тиряки Холдингпен» бірлесіп керамикалық плита және санитарлық бұйымдар өндірісін іске қосу мәселелеріне тоқталды.
Өңдеу өнеркәсібінде «YDA Holding»-тің тәжірибесін пайдаланып, жаңа өндірістік жобаларды жүзеге асыруға, «Mir Yıldız» компаниясының қатысуымен геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге шақырды.Өңірдің көлік-логистикалық әлеуеті жыл сайын артып келеді. Осыған байланысты «Қорқыт Ата халықаралық әуежайын» сенімгерлік басқаруға алу мүмкіндігін қарастыру және халықаралық хаб ретінде дамыту, «Alarko Holding»-пен жоғары технологиялық жылыжай кешенін, «Aksa Energy»-мен бірлесіп ет өңдеу комбинатын салу бағытында ынтымақтастық орнату ұсынылды.Кездесу қорытындысында тараптар инвестициялық ынтымақтастықты кеңейуге, бірлескен жобаларды жалғастыруға ниетті екенін білдірді.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі













