Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауыр еңбек, аз зейнет: ауыл тұрғындарының зейнетақысы неліктен қаладан төмен

Ауыр еңбек, аз зейнет: ауыл тұрғындарының зейнетақысы неліктен қаладан төмен

БЖЗҚ мәліметінше, азаматтың ауылда немесе қалада тұруы болашақ зейнетақысына тікелей әсер етпейді
Ауыр еңбек, аз зейнет: ауыл тұрғындарының зейнетақысы неліктен қаладан төмен
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев
Қазақстанда ауыл тұрғындарының зейнетақысы қала халқына қарағанда төмен деген пікірді жиі естиміз. Мұны біреулер қазіргі жинақтаушы жүйенің кемшілігі десе, енді бірі ауылдағы жалақының аздығымен байланыстырады. Бірақ шын мәнінде мәселе неде? Ауылда өмір бойы еңбек еткен адамның зейнетақысы неге аз болуы мүмкін? Бұл мәселе бір ай бұрын Мәжіліс қабырғасында да көтерілген еді. Депутат Гүлдара Нұрым Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жолдаған депутаттық сауалында ресми мәлімет бойынша ауыл тұрғындарының табысты алмастыру коэффициенті қала тұрғындарынан 5,5 пайыздық тармаққа төмен екенін айтты. Оның пікірінше, ауылдағы еңбек өтілі, табыс деңгейі мен зейнетақы жарналарының тұрақсыз төленуі ескерілетін жеке тәсіл қажет. Бұл сұрақ шынымен өзекті. Себебі ауылдағы адам өмір бойы еңбектенеді. Мал бағады, егін егеді, мектепте сабақ береді, дәрігер болады, мәдениет саласында қызмет етеді. Бірақ зейнет жасына жеткенде олардың көпшілігі қала тұрғындарына қарағанда төмен төлем алады. Azattyq Rýhy тілшісі осы мәселенің себебін анықтау үшін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына ресми сауал жолдаған еді.

БЖЗҚ: мәселе ауылда тұрғанында емес

Қордың жауабы бір қарағанда түсінікті. БЖЗҚ мәліметінше, азаматтың ауылда немесе қалада тұруы болашақ зейнетақысына тікелей әсер етпейді. Жинақ көлемі еңбек табысына, міндетті зейнетақы жарналарының тұрақты аударылуына және олардың мөлшеріне байланысты қалыптасады. Яғни ауыл мен қала тұрғындары үшін бөлек ереже жоқ.
Егер ауылдағы мұғалім мен қаладағы мұғалімнің жалақысы бірдей болса және екеуі де қорға бірдей көлемде жарна аударса, олардың жинағы да бірдей қалыптасады. Қарапайым тілмен айтқанда, БЖЗҚ «ауыл болғаны үшін ешкімге төмен зейнетақы есептелмейді» дейді.

Заң бәріне бірдей. Бірақ мүмкіндік бірдей ме?

Яғни, жинақтаушы зейнетақы жүйесі өте қарапайым қағидамен жұмыс істейді. Кімнің табысы жоғары болса, оның қорға аударатын жарнасы да көп болады. Кімнің табысы төмен болса, оның жинағы да аз қалыптасады. Жүйе адамның қанша жұмыс істегенін есептемейді. Ол қорға қанша ақша түскенін ғана есептейді.
Дәл осы жерде ауыл мен қала арасындағы айырмашылық байқалады. Өйткені ауылдағы еңбек көбіне ауыр болғанымен, оның табысы әрдайым тұрақты болмайды. Көптеген ауыл тұрғыны ауыл шаруашылығында еңбек етеді. Бірі шаруа қожалығын жүргізеді, бірі мал бағады, енді бірі маусымдық жұмыс істейді. Табыс жыл сайын бірдей болмайды. Кейде өнім шықпайды, кейде мал шығынға ұшырайды, кейде нарықтағы баға төмендейді. Мұндай жағдайда қорға тұрақты жарна аудару да қиынға соғады.Демек, мәселе ауылдың мәртебесінде емес. Мәселе – ауылдағы экономиканың ерекшелігінде. 
Ресми статистикаға қарасақ, жағдай жақсарғандай әсер қалдырады. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, 2025 жылдың бірінші тоқсанында ауыл, орман және балық шаруашылығы саласында орташа айлық жалақының өсімі 20,3 пайызды құраған. Бұл – салалар арасындағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Бірақ бұл ауыл шаруашылығында ең жоғары жалақы төленеді деген сөз емес.
Экономикада жалақының өсу қарқыны мен нақты көлемі екі түрлі ұғым. Мысалы, 200 мың теңге 20 пайызға өссе, ол 240 мың теңге болады. Ал 600 мың теңге 10 пайызға өссе, 660 мың теңгеге жетеді. Яғни пайыздық өсім жоғары болғанымен, нақты табыс бәрібір төмен болуы мүмкін.
Қазақстандағы ең жоғары жалақы әлі де тау-кен өнеркәсібі, қаржы және сақтандыру, ақпарат және байланыс салаларында тіркелген. Статистика бойынша тау-кен өнеркәсібіндегі орташа жалақы республикалық орташа деңгейден 2,3 есе жоғары. Қаржы және сақтандыру саласында – 2,2 есе, ақпарат және байланыс саласында – 1,9 есе жоғары. Бұл салалардың басым бөлігі ірі қалаларда орналасқан.
Ал ауыл тұрғындарының негізгі бөлігі еңбек ететін салалардағы жалақы айтарлықтай төмен. Сәйкесінше, қорға түсетін 10 пайыздық міндетті зейнетақы жарнасының көлемі де аз болады.

Бейресми еңбек – болашақтағы ең үлкен қауіп

БЖЗҚ жауабындағы ең маңызды ойдың бірі – міндетті зейнетақы жарналарының тұрақты төленуі. Қордың мәліметінше, азамат ұзақ уақыт ресми жұмыс істемесе немесе жарна аудармаса, бұл оның болашақтағы төлеміне тікелей әсер етеді. Бұл ауылдық жерлерде ерекше өзекті мәселе екені рас.
Өйткені ауылда өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар көп. Кейбірі табысын толық көрсетпейді. Кейбірі ең төменгі жалақы көлемінде ғана көрсетеді. Ал кейбірі мүлде жарна төлемейді.
Гүлдара Нұрымның мәліметінше, бүгінде өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың 30 пайыздан астамы табысын ең төменгі жалақы деңгейінде көрсетеді. Сонымен қатар еңбекке қабілетті халықтың шамамен 20 пайызы зейнетақы жүйесіне мүлде қатыспайды. Мұның салдары бүгін байқалмауы мүмкін. Алайда 10-15 жылдан кейін осы азаматтардың басым бөлігі тек базалық зейнетақымен қалу қаупіне тап болуы ықтимал.
Сондықтан ауыл тұрғындарының төмен зейнетақысы – ең алдымен зейнетақы жүйесінің емес, ауыл экономикасы мен еңбек нарығының мәселесі. Егер ауылдағы тұрақты жұмыс орындары көбеймесе, еңбек өнімділігі артпаса және міндетті зейнетақы жарналары толық әрі тұрақты аударылмаса, бұл айырмашылық сақтала береді. Ал зейнетақы жүйесіне енгізілетін кез келген өзгеріс осы түйткілдерді ескергенде ғана өз нәтижесін беруі мүмкін.



26 маусым 2026 ж. 36 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930