Қазақстандағы интернет әлемдегі ең арзан интернеттердің бірі деп танылды

Қазақстан тіркелген интернет құны бойынша әлемдегі ең қолжетімді елдердің қатарына енді. Global Broadband Price League рейтингіне сәйкес, елде үй интернетінің орташа айлық бағасы 15,23 доллар (7 422,80 теңге). Көрсеткіш Жапония, Германия, АҚШ және Оңтүстік Корея сияқты дамыған мемлекеттерден әлдеқайда төмен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Global Broadband Price League-тің жаңа рейтингінде Қазақстан тіркелген (үй) интернеттің құны бойынша 214 елдің ішінде 19-орынға жайғасты. Зерттеу авторлары Қазақстандағы 11 тарифтік ұсынысты саралап, рейтингке енгізілген орташа бағаны айына 7 499 теңге немесе 15,23 доллар деп есептеген. Көрсеткіш Қазақстанның әлемдік салыстыруда үй интернеті ең арзан елдердің қатарына кіретінін көрсетеді.
Ал көпшілік жоғары технологиялы ел ретінде танитын Жапонияда (астанасы – Токио) тіркелген интернеттің орташа құны айына 32,62 доллар (15 898,34 теңге) болған. Қазақстандағы бағадан екі еседен де жоғары. Рейтингте Жапония 76-орында болса, Қазақстан 19-орында тұр.
Рейтинг қалай жасалды?
Зерттеу авторлары әлемнің 214 еліндегі 2 631 интернет тарифінің бағасын жинақтаған. Қазақстан бойынша талдауға 11 тариф енгізілген. Зерттеуде тек тіркелген интернет қызметі есепке алынған. Мобильді интернет, 4G және 5G тарифтері қарастырылмаған. Сондай-ақ корпоративтік ұсыныстар мен қосымша қызметтермен біріктірілген пакеттер мүмкіндігінше есепке алынбаған. Егер қандай да бір елде интернет жеке сатылмаса, құрамында интернеті бар ең арзан пакет таңдалған.
Тарифтер тек ең арзан ұсыныстармен шектелмеген. Авторлар әртүрлі жылдамдық санаттарын қамтуға тырысқан. 30 Мбит/с-қа дейін, 31-100 Мбит/с, 101-300 Мбит/с, 301-999 Мбит/с және гигабиттік тарифтер.
Есептеу кезінде жаңа абоненттерге арналған уақытша жеңілдіктер, қосылу ақысы, роутер құны, кэшбэк және басқа да жарнамалық ұсыныстар ескерілмеген. Тек тұрақты ай сайынғы төлем негізге алынған.
Зерттеудің тағы бір маңызды ерекшелігі бар. Кестеде орташа баға көрсетілгенімен, елдердің рейтинтегі орны тарифтердің медианалық мәні бойынша анықталған. Яғни бұл ең арзан тарифтерді ғана емес, елдегі интернет бағасының жалпы деңгейін көрсетуге бағытталған тәсіл.
Сондықтан Қазақстан үй интернетінің құны бойынша әлемдік деңгейден қалып қойды деген пікірді статистика растамайды. Керісінше, тіркелген интернеттің бағасы Қазақстанда көптеген дамыған мемлекеттерге қарағанда төмен. Олардың қатарында Жапония, Ұлыбритания, Германия, АҚШ және Оңтүстік Корея бар.
Сол себепті саланың басты міндеті интернетті кез келген жолмен арзандату емес. Негізгі мақсат – қолжетімді бағаны сақтай отырып, қызмет сапасы абоненттердің талабына сай келмейтін өңірлерде интернеттің сапасын жақсарту.
Еске салайық, бұған дейін Жетісу облысында байланыс сапасының нашарлығына байланысты сот тәртібімен ұялы байланыс операторы тұтынушыларға төленген қаражаттың бір бөлігін қайтарған. Тұрғындар 41 күн бойы мобильді интернет пен байланыс қызметін толық пайдалана алмағанын айтып шағымданған. Осылайша, оператор сотта талаптардың негізді екенін мойындап, тараптар медиативтік келісімге келген еді. Соның нәтижесінде абоненттерге жалпы 234 мың теңгеден астам өтемақы төленді.













