Әр адамның амандығы маңызды
Жаз басталысымен халықтың су айдындарына шомылу маусымы да қыза түсіп, ыстық күндері өзен-көлдер мен су айдындары тұрғындардың сүйікті демалыс орнына айналады. Алайда жағымды демалыс қауіпсіздік талаптарын сақтаған жағдайда ғана пайдалы әрі көңілді өтері сөзсіз.Бұл кезең төтенше жағдайлар қызметі үшін ең жауапты әрі қауырт уақыт болып табылады. Соңғы уақытта аймақтағы төтенше жағдайлардың қатарында суда кету жағдайлары орын алуда.Аудандағы ахуал мен атқарылып жатқан алдын алу жұмыстары туралы білу үшін Қазалы ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Алтынбек Қалиевпен сұхбаттасқан едік.
– Алтынбек Сауытбекұлы, қазіргі Қазалы ауданы су айдындарындағы қауіпсіздік жайы қалай? Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және судағы қайғылы оқиғалардың алдын алу бағытында бөлім тарапынан қандай кешенді жұмыстар атқарылуда? Сонымен қатар, қауіпсіздік талаптарын сақтамау деректері жиі кездесетін орындар мен негізгі тәуекел факторлары туралы білсек...
– Судағы қауіпсіздік – біздің бөлім қызметінің негізгі бағыттарының бірі. Әсіресе шомылу маусымы басталған кезде бұл мәселеге ерекше көңіл бөлінеді. Қайғылы жағдайлардың алдын алу мақсатында аудан аумағындағы су айдындарында тұрақты түрде профилактикалық жұмыстар жүргізілуде.
Атап айтқанда, тұрғындарға судағы қауіпсіздік ережелерін түсіндіру бойынша ақпараттық-түсіндіру шаралары ұйымдастырылып, жадынамалар таратылады. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдар мен полиция қызметкерлерімен бірлесіп, су айдындары маңында рейдтік іс-шаралар өткізілуде. Рейд барысында азаматтарға белгіленбеген орындарда шомылудың қауіптілігі түсіндіріліп, қауіпсіздік талаптарын сақтау жөнінде ескертулер беріледі.
Бүгінде негізгі мәселелердің бірі – азаматтардың, әсіресе жастар мен жасөспірімдердің қауіпсіздік талаптарына немқұрайлы қарауы. Кейбір тұрғындар рұқсат етілмеген орындарда шомылып, өз өмірлерін қауіп-қатерге тігуде. Сондай-ақ балалардың ересектердің қарауынсыз суға түсуі де алаңдаушылық туғызады.
– Аудан су айдындарындағы маусымдық жағдай қалай өтуде? Сандарды сөйлетсек...
– Бұл өте өзекті әрі жыл сайын күн тәртібінен түспейтін мәселе. Қазалы – аумағындағы су айдындары, әсіресе, Сырдария өзені мен суға түсуге тыйым салынған орындарда жыл сайын азаматтардың әртүрлі себептермен суға кетуі сияқты қайғылы жағдайлар орын алу ықтималдығы жоғары аудан. Статистикаға тоқталсақ, ағымдағы 2026 жылы суға кету жағдайлары тіркелген жоқ. Бірақ бұл босаңсуға себеп емес. Мәселен, 2025 жылы аудан аумағында белгіленбеген жерге суға түсу салдарынан 2 қайғылы оқиға тіркелді. Оның бірі – бала. Ал 2024 жылы 3 жағдай тіркеліп, 2 бала көз жұмған болатын. Көріп отырғаныңыздай, әрбір санның артында адам өмірі тұр.
– Маман ретінде бұл қайғылы жағдайлардың орын алуына негізінен не себеп болады деп айтар едіңіз... Инспекторлар қандай басты факторларды анықтап отыр?
– Біздің талдауымыз және белгілі болған қорытындылар нәтижесіне сүйенсек, адамдардың суда қаза болуының бірнеше негізгі себептері бар. Бірінші және ең бастысы – балалардың үлкендер тарапынан қарауынсыз қалуы. Екіншісі – суға түсуге арнайы белгіленбеген, қауіпті жерлерде шомылу. Үшіншісі – балық аулау кезіндегі қарапайым қауіпсіздік ережелерінің сақталмауы. Сондай-ақ, өзен немесе каналдардың кез келген, әрі арнайы зерттелмеген, ағысы қатты, терең, жағалары тікжар тұстарына бару және ең қауіптісі спирттік ішімдік ішіп суға түсу сияқты қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзу жағдайлары өлімге алып келеді.
– Тұрғындар сабақ алар ниетпен осы оқиғалардың нақты мысалдарын айта аласыз ба?
– Әрине. Өткен жылдың 5 тамызында Қазалы–Қарлаң автожолының 10-шақырымында, Сырдария өзенінің жағасында қайғылы оқиға орын алды. Әйтеке би кентінің 2015 жылы туған тұрғыны өзен жағасындағы тік жардан аяғы тайып кетіп, суға батып қаза болды. Қауіпсіздік талаптарын сақтамау мен ересектер бақылауының жеткіліксіздігі салдарынан жас баланың өмірі ерте үзілді.
Тағы бір қайғылы жағдай 2025 жылғы 23 шілдеде «Қарабұтақ–Қызылорда–Шымкент» автожолы бойындағы Алтай каналында тіркелді. Әйтеке би кентінің 1979 жылы туған тұрғыны достарымен бірге спирттік ішімдік ішіп отырған кезде абайсызда суға құлап, батып кеткен.
Бұл оқиғалар су айдындарының маңында қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтаудың, балаларды қараусыз қалдырмаудың және мас күйде суға жақындамаудың маңызын тағы бір мәрте көрсетеді.
– Шомылу маусымы кезінде өткізілетін іс-шаралар маңызы неде?
– Қазалы ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері жыл басынан бері азаматтардың судағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Суға шомылу маусымы басталғанға дейін аудандық білім бөлімімен бірлесіп, «Балалардың судағы қауіпсіздігі» тақырыбында арнайы іс-шаралар жоспары бекітілді. Жоспар аясында білім беру ұйымдарында оқушылар мен олардың ата-аналарына арналған кездесулер өткізіліп, судағы қауіпсіздік қағидаларын түсіндіру бойынша кең көлемді ақпараттық-насихат жұмыстары ұйымдастырылды.
Сонымен қатар аудан аумағындағы барлық ауылдық округтерде жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен бірлесіп, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Бұл шаралар барысында су айдындарында қауіпсіздік талаптарын сақтау, балаларды қараусыз қалдырмау, белгіленбеген орындарда шомылмау және төтенше жағдайлардың алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударылады.
Бұдан бөлек, аудан аумағындағы су айдындарында профилактикалық рейдтер ұйымдастырылып, тұрғындарға арнайы жадынамалар таратылуда. Негізгі мақсат – азаматтардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, тұрғындардың жауапкершілігін арттыру және судағы жазатайым оқиғалардың алдын алу. Өйткені көп жағдайда қайғылы жағдайлар қауіпсіздік талаптарын елемеу салдарынан орын алады. Сондықтан әрбір азамат өз өмірі мен жақындарының қауіпсіздігіне бейжай қарамауы тиіс.
– Жергілікті билік орындарымен байланыс қалай орнатылған? Жауапты кезең ішінде қандай көрнекі үгіт-насихат құралдары орнатылды?
– Тікелей байланыстамыз. Ағымдағы жылдың 18 наурызында Әйтеке би кенті, Қазалы қаласы және ауылдық округ әкімдеріне судағы оқиғалардың алдын алу бағытында атқарылатын іс-шаралар туралы арнайы ұсыныс хаттар жолдадық. Нәтижесінде, қазіргі таңда аудан бойынша 21 билборд және 55 ескерту тақтайшалары орнатылды. Сонымен қатар, ақпараттық насихатты да ұмыт қалдырған жоқпыз. Жыл басынан бері жергілікті баспасөз беттерінде 7 мақала жарық көрді. Әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларымыз бен көшедегі ЛЕД-экрандардан арнайы бейнесюжеттер тұрақты түрде көрсетіліп келеді. Жуырда ғана аудан әкімдігінің баспасөз орталығында полиция бөлімі, аудандық аурухана және біздің бөлім бірлесіп үлкен брифинг өткізілді.
Төтенше жағдайлар бөлімінің №9 Өрт сөндіру бөлімінің кезекшіліктен бос қызметкерлері күнделікті күшейтілген режимде аудан аумағындағы су айдындарында рейд ұйымдастырады. Бұл жұмысқа полиция бөлімі, БАҚ өкілдері және еріктілер де тартылған. Рейдтер күн сайын ең қауіпті уақыт саналатын сағат 12:00-ден 20:00-ге дейін үздіксіз жүргізіледі.
– Өзіңіз атап өткендей, осындай ауқымды жұмыстар атқарылып жатса да, адамдардың тыйым салынған жерлерге баруы тыйылмай тұруының шешімі неде?
– Иә, өкінішке орай, біз қанша жерден белсенді жұмыс істеп, ескерту жасасақ та, жаздың ыстық күндері тұрғындардың белгіленбеген, қауіпті жерлерге суға шомылу жағдайлары азаймай отыр. Адамдарды тек «болмайды» деп тыя бергеннен де нәтиже аз. Осы тұста өте маңызды қажеттілік туындайды: біз аудан тұрғындары мен қонақтары үшін суға түсуге қауіпсіз, заңды орындарды көбейтуіміз керек. Халыққа балама ұсынуымыз қажет.
–Тығыз жұмыс кестесіне қарамай, біз үшін уақыт тауып, сұрақтарымызға ашық жауап бергеніңізге ризашылығымыз шексіз. Атқарып жатқан жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз. Бастысы, жазғы маусым шығынсыз өтсін.
– Рақмет! Қауіпсіздік – қоғамның ортақ жауапкершілігі. Барша аудан тұрғындарын қауіпсіздік ережелеріне салғырт қарамауға шақырамын. Сақтансаңыз сақтайды дегенді әрбіріміз естен шығармағынымыз абзал.
Сұхбаттасқан Алтын ҚОСБАРМАҚОВА















