Көлігін 71 миллион теңгеден қымбатқа сатқан қазақстандықтарға қосымша салық салынады

Енді темір тұлпарын 71 миллион теңгеден қымбатқа сатқандарға қосымша 10% салық салынады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақстандықтар автокөлігін 71 миллион теңгеден астам қаражатқа сатса, қосымша 10% салық салынады. Есесіне 10-20 жыл айдалған көліктерге 30%, ал одан ескілеріне 50% жеңілдік берілмек.
Келесі жылдан бастап көлік салығынан босатылатын адам саны қысқарады. Қаңтарда күшіне енетін жаңа салық кодексіне сәйкес, көлік үшін алынатын төлемнен соғыс ардагерлері, КСРО мен Қазақстанның еңбек ерлері, арнайы орден иегерлері, “Батыр ана”, “Алтын алқа”, “Күміс алқа” наградаларын алған көпбалалы аналар толық босатылады.
Ал мотоколяска немесе автокөлігі бар мүмкіндігі шектеулі жандар үшін жеңілдік тек бір көлікке беріледі. Ал мемлекеттік органдар мен білім мекемелерінің қозғалтқыш көлемі 3 мың текше сантиметрге дейінгі бір жеңіл көлік пен бір автобусы, фермерлердің шаруаға қолданып жүрген агротехникасы салықтан босатылады.