“Бюджеттен басқа жол жоқ”: вице-министр кімнің жалақысын көтеру қиынға соғатынын айтты
Фото:depositphotos.com
Қазақстанда бизнеске көрсетілетін мемлекеттік қолдауды жұмысшылардың жалақысын өсірумен байланыстыру жоспарланып отыр. Бұл туралы ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин мәлімдеді, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Әмриннің айтуынша, бүгінде мемлекет бизнеске тікелей субсидиялаудан бастап кредит беру, кепілдік беру және келісімдер аясындағы жұмыстарға дейін түрлі қолдау шараларын көрсетіп келеді. Ол кәсіпкерлер тарапынан бұған жауап ретінде қарсы міндеттемелер болуы тиіс екенін атап өтті.
"Егер мемлекет субсидиялауға, кредит беруге немесе кепілдік беруге қаражат бөлсе, жаңа талаптар пайда болады. Оның ішінде еңбекақыны одан әрі өсіру мәселесі де бар", - деді вице-министр.
Ол мемлекеттік қолдаудың бір бөлігі жалақыны көтеруге бағытталуы тиіс екенін түсіндірді. Бұл ретте, егер қолдау өнімділікті арттыруға бағытталса, онда еңбек өнімділігі де өсуі тиіс.
"Еңбек өнімділігі өспейінше, жалақыны көтеруге болмайды. Сондықтан (бизнеске - ред. ескерт.) мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну кезіндегі қарсы міндеттемелердің бірі - еңбекақыны көтеру болады", - деп атап өтті Әмрин.
Вице-министр азаматтық қызметшілердің жалақысына жеке тоқталды. Оның мәліметінше, Қазақстанда 9,32 миллион жалдамалы жұмысшы бар. Осы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша орташа жалақы шамамен 431 мың теңгені, ал медианалық жалақы шамамен 345 мың теңгені құрады.
Әмрин қазіргі уақытта ең жоғары жалақы тау-кен секторында - орта есеппен 800–900 мың теңге екенін айтты. Сондай-ақ қаржы секторында, өңдеу өнеркәсібінде, көлік және қоймалау салаларында да жоғары жалақы төленеді.
Бұл ретте, вице-министрдің сөзінше, бұл салаларда салыстырмалы түрде аз адам жұмыс істейді. Ал төмен жалақы, керісінше, жұмысшы саны көп салаларда: білім беру, денсаулық сақтау және мемлекеттік қызметте шоғырланған.
"Мысалы, білім беру саласында 1,2 миллионнан астам жалдамалы жұмысшы еңбек етеді. Яғни жалақысы төмен салаларда халықтың едәуір бөлігі жұмыс істеп жатыр. Бірақ олардың жалақысын бюджеттен басқа ешқандай көзден көтеру мүмкіндігіміз жоқ", - деді Әмрин.
Оның айтуынша, жалпы жалақы өсімін қамтамасыз ету үшін дәл осы санаттағы жұмысшылардың еңбекақысын көтеру мәселесін қарастыру қажет.
Сонымен қатар Әмрин табиғи монополиялар субъектілерінің қызметкерлеріне де жалақыны көтеру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын хабарлады. Оның сөзінше, "Тарифті инвестицияға айырбастау" бағдарламасы аясында тарифтерді көтерудің бір шарты - өндірістік қызметкерлердің жалақысын өсіру .
"Басшылық құрамның емес, дәл өндірістік қызметкерлердің", - деп нақтылады вице-министр.
Бұдан бөлек, әлеуметтік серіктестік және еңбекақы төлеудегі салааралық алшақтықты азайту шаралары қарастырылған. Әмриннің айтуынша, әкімдіктер қазірдің өзінде бизнеспен және кәсіподақтармен жұмыс жүргізіп жатыр, ал әлеуметтік келісімшарттардың бір талабы - жалақыны көтеру болып бекітілген.











