ҰҚК ауыр қылмыс қаупі төнген кезде интернетті жаппай өшіре алады
Конституциялық сот ауыр қылмыс қаупі төнген кезде байланысты уақытша шектеу Конституцияға сай келетінін растады.

Фото: pixabay.com
Астана, NEGE. Конституциялық сот «Байланыс туралы» заңның 41-1-бабы 1-2-тармағының, яғни Ұлттық қауіпсіздік комитетінің лауазымды тұлғаларына ауыр және аса ауыр қылмыстардың алдын алу үшін байланыс пен интернетті тоқтатуға рұқсат беретін норманы Конституцияға қайшы емес деп тапты.
«Жүргізілген тексеру нәтижелері бойынша Конституциялық сот «Байланыс туралы» заңның 41-1-бабының 1-2-тармағында Конституцияға қайшылық жоқ деп санайды. Конституциялық бақылау органы заңда көзделген шектеулер ақпаратты еркін алу құқығын өз бетінше шектеуге емес, конституциялық құрылысты қорғауға, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтауға бағытталады деп атап көрсетті», – делінген ресми түсіндірмеде.
Сондай-ақ мұндай шара уақытша сипатқа ие екені атап өтілген. Сондай-ақ Конституциялық сот өкілдерінің нақтылауынша, бұл норма адамды Конституциямен кепілдік берілген ақпаратты еркін алу және тарату құқығынан айырмай, жедел түрде құқыққа қайшы іс-әрекеттердің алдын алу үшін қолданылады.
Айта кетейік, бұған дейін заңгер Елжан Қабышев Конституциялық сотқа жүгінген болатын. Ол аталған норманы Конституцияға қайшы деп тануды сұраған, өйткені оның пікірінше, бұл норма азаматтардың ақпарат алу және тарату құқығын, сондай-ақ сот арқылы қорғану құқығын шектейді.
Өз өтінішінде Қабышев мұндай шектеулердің тым кең көлемде және жеткілікті сот бақылауынсыз қолданылуы мүмкін екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл сөз бостандығы мен ақпаратқа қол жеткізу құқығына қауіп төндіреді.
Алайда Конституциялық сот бұл уәждермен келіспеді.












