Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » 101 гүлдің жыры: текке кеткен түлектер тренді

101 гүлдің жыры: текке кеткен түлектер тренді

Сараптама

Сұр көйлек, ақ фартук. Қос бұрымға таққан үлкен ақ бантик. Жұлынбаған қас, салонға жасалмаған шаш, боялмаған түр. Биылғы түлектер мұндай ностальгиядан жұр. Түнгі 00.00-ден бастап макияжға жазылып, таң кіремін дегенше шашын әрлеп әуреленді. Оны қойшы, бантик тақпаған оқушы түгіл, бума-бума ақша кеткен 101 гүлдің жыры болды. Ата-ана, бауыр-туыс шашылды. Түлектер гүл алып, бір-бірімен жарысты. Кімнің ұпайы түгел?
Скриншот ашық дереккөздерден

Кешегі өткен соңғы қоңырауда түлектерге сыйлап жатқан құшақ-құшақ гүл мен қымбат сыйлық желіде әлі де талқыланып жатыр. Жыл сайын түрлі тренд қуалан талайы тағы бір үрдіс ойлап тапты. Әлеуметтік желілерде ата-аналардың оқушыларға құшақ-құшақ гүл, қымбат сыйлық, тіпті көлік тарту етіп жатқан видеолары көбейді. Кей түлектерге арнайы мобилограф жалдап, салтанатты күннен тұтас контент түсірді. Ал мұны көбі ысырапшылдыққа балап, «баланы қуанту» емес, ата-аналар арасындағы бәсекеге ұқсатқандарын айтады. Әсіресе қарапайым гүлмен келген не ешқандай тосынсый алмаған балалардың көңілі түскені де жасырын емес. Ата-анадан гөрі, бітірушілердің де осы талапты қойғаны рас. Өйткені мұндай оқиға әлеуметтік желілерде қаптап жүр.

«Қайын сіңілім биыл 11-сынып бітіреді. Соңғы қоңырауға көйлегін тіктіріп, макияжы мен шаш үлгісіне дейін аға-жеңгесі болып бәрін төлеп бердік. Енді маған «әке-шешем 101 раушан әкеледі, сендер 101 пион алып келіңдер. Тағы макияждан бастап кешке дейін түсіретін мобилограф жалдап беріңдер. Үстіне қымбат сыйлық күтем» деп отыр», – дейді желі қолданушысы.

Тағы бір ата-ана мектептегі жағдайдың жарысқа айналып бара жатқанын айтады.

«Соңғы қоңырауда бәрі бір-бірімен бәсекелесіп жүргендей көрінді. Ата-аналар балаларына жаппай үлкен гүл шоқтарын әкеліп жатыр. Ал құшақ гүлсіз тұрғандар – мұғалімдер ғана», – дейді ол.

Тіпті бір ата-ананың келініне "Гүлді ұнатпады, мұғалімдерге беретін гүл әкелгеннес деп ренжіді" деген аудио да көпшіліктің ызасына тиді. Қош. Мұндай трендтің соңы неге апарады?

ТҮЛЕКТЕР ТРЕНДІ

2026 жылғы мектеп бітіру кештері ерекше бір жаңа трендпен – түлектерге 101 раушан гүлін сыйлау үрдісімен есте қалмақ. Бұл жай ғана гүл шоғы емес, әлеуметтік желілердегі актуалды мәдениет пен жасөспірімдер арасындағы статусқа деген ұмтылыстың айқын көрінісі. Трендтің негізгі себептері: «Визуалды статус». Бұл құбылыстың негізінде «көріну» және «танымал болу» қажеттілігі жатыр. Неліктен дәл 101 раушан?

101 раушан – бұл көлемді, әсерлі және қымбат көрінетін кадр. Жастар үшін бұл түлектер кешіндегі ең басты аксессуарға айналды. Мектеп бітіру кеші – жасөспірімдер үшін есейгендіктің символы. Кімнің гүлі үлкен болса, сол ортада назарда болады деген жасырын бәсекелестік трендті күшейте түседі. Гүлдердің көптігі – ата-ананың немесе сыйлаушы тараптың «махаббатының шексіздігін» білдіретіндей қабылданды. Бұл трендтің жасөспірімдерге тигізетін екі жақты әсері бар. Оң әсері - Мерекелік көңіл-күйді көтереді және эмоциялық байланысты нығайтады.Гүлдер әдемілік пен нәзіктіктің символы ретінде салтанаттылық береді. Ал теріс жағы - Ата-аналарға түсетін қаржылық қысым. Бақытты материалдық затпен өлшеуге деген ұмтылысты қалыптастырады. Текке кеткен ақшаны ертеңі солған гүлдерден, тапталған қораптар мен жарнама парақшалардағы гүлді қайта сатуға қойғаннан байқауға болады.

БҰЛ НЕГЕ АЛЫП КЕЛЕДІ?

Мамандар бұл трендті «демонстративті тұтыну» (conspicuous consumption) деп атайды. Жастар өздерінің әлеуметтік желідегі образын нақты әлемдегі жетістіктерімен (білім, тұлғалық даму) емес, материалдық заттар арқылы көрсетуге бейім.

Қаржылық қысым: Трендтің жаппай сипат алуы орташа табысты отбасыларға үлкен психологиялық және қаржылық салмақ салады. «Өзгелерден қалыспау» қорқынышы отбасылық бюджетті тиімсіз жұмсауға итермелейді.

Эмоцияның құнсыздануы: Мереке – мектепті бітіріп, үлкен өмірге қадам басу. Алайда, трендтің кесірінен негізгі мән (білім, достық, болашаққа сенім) екінші орынға сырғып, гүлдің саны мен бағасы бірінші орынға шығып отыр.

101 раушан тренді – 2026 жылғы цифрлық дәуірдің өнімі. Ол өз кезегінде жасөспірімдердің эстетикалық талғамын қанағаттандырғанымен, тәрбиелік жағынан ойлануды қажет ететін тұстары бар. Мектеп бітіру кеші – гүлдердің көлемімен емес, жадыда қалатын жарқын сәттермен, достықпен және болашаққа деген үлкен мақсаттармен бағаланса, нұр үстіне нұр болар еді.

ШЕТЕЛДЕГІ ЕРЕКШЕЛІК

Әлемде гүл сыйлау мәдениеті әрқалай қалыптасқан. Біздің қоғамда гүл – құрмет пен махаббаттың басты нышаны болғанымен, басқа елдерде гүлге қатысты мүлдем бөлек, тіпті кейде түсініксіз көрінетін дәстүрлер мен тыйымдар бар. Шетелдерде гүл сыйлаудан бас тартатын немесе бұл мәселеге өте сақ қарайтын елдер мен мәдениеттерді саралап көрейік. Еуропаның көптеген елдерінде мысалы, Германия, Франция, Австрия гүл сыйлау – жақсы әдет. Алайда, гүлдің түрі мен санына қатысты қатаң этикет бар. Жұп сан: Еуропаның көптеген мәдениетінде жұп санмен гүл беру – өлімнің немесе жерлеу рәсімінің белгісі. Сондықтан олар гүлді тек тақ санмен (3, 5, 7...) сыйлайды. Гүл түрлері: Кейбір елдерде (мысалы, Францияда) хризантема тек зиратқа апаратын гүл болып саналады, сондықтан оны үйге сыйлық ретінде алып бару – үлкен қателік.

Жапонияда гүл сыйлау өнері (икебана мәдениеті) өте дамыған, бірақ бұл жерде «артық гүл» деген ұғым жоқ. Жапондар қарапайымдылықты бағалайды. Олар үшін «101 раушан» сияқты алып шоқтар өрескел, тіпті әдепсіз көрінуі мүмкін. Олар үшін бір-екі тал сапалы гүл – тереңірек құрметтің белгісі. Ақ гүлдер көбінесе қайғылы оқиғалармен байланыстырылады. Сондықтан мерекеге ақ гүл сыйлау – Жапонияда өте сақ болуды қажет ететін жайт.

Кейбір консервативті шығыс қоғамдарында гүл сыйлау дәстүрі біз ойлағандай кең тарамаған. Кейбір мәдениеттерде гүл – тез солып қалатын, «пайдасыз» зат ретінде қарастырылады. Олардың орнына өмір бойы қалатын немесе нақты пайдасы бар заттарды сыйлауды артық көреді. Кейбір араб елдерінде гүлді жат ер адамның әйел адамға сыйлауы оның отбасылық құндылықтарына қол сұғу ретінде қабылдануы мүмкін. Сондықтан гүл сыйлау бұл жерде өте жақын туыстар немесе жұбайлар арасындағы ғана іс болып табылады. Әлемдік гүл саудасының орталығы болса да, голландиялықтардың да өз ерекшелігі бар. Олар үйге қонаққа барғанда гүл сыйлауды жиі жасайды, бірақ көбінесе «гүл шоғын емес, өсімдік (вазон)» сыйлағанды жөн көреді. Олар: «кесілген гүлдер – өлген гүлдер, ал өсімдік – тіршіліктің белгісі» деген логиканы ұстанады. Неліктен кей елдер гүлден бас тартады? Гүлдерді өсіруге кететін су және химиялық заттарға қарсылық. Гүлдер тез солады, ал олардың орнына есте қалатын немесе пайдалы заттарды (кітап, сертификат, хобби заттары) сыйлау трендке айналған. Гүлдің түсі мен санының мағынасы (жерлеу, қаралы күн, сәтсіздік нышаны).

Әлемдегі «гүл сыйлаудан бас тарту» тренді біздің «101 раушан» сияқты эмоционалды бұрқыраған трендтерден мүлдем өзгеше. Шетелдерде бұл – ұқыптылық, прагматизм және мәдени ерекшеліктерді құрметтеу. Біздің жастар да болашақта «гүлдің санына емес, оның мағынасы мен оны сыйлаудың мәдениетіне» көшсе, бұл трендтің де сапасы арта түсер еді.

Жапондарша айтсақ, гүлдің сұлулығы оның санынды емес, оның композициясында және оны сыйлаушының ниетінде. Ал ысырапшылдық гүлді «сұлулық нышанынан» «статус белгісіне» айналдырды. Біз гүл сыйлағанда оның табиғи сұлулығына емес, оның «нешеу» екеніне назар аудара бастаған сәттен бастап, нағыз мәдениеттен алыстаймыз. Гүлді ысырап ету – табиғат берген сұлулықты бағаламау және оны тек «әлеуметтік мақсатта» пайдалану. Болашақта біздің жастар «101 раушан» емес, «1 тал мағыналы гүл» немесе «ұзақ өмір сүретін өсімдік» сыйлау трендіне көшсе, бұл қоғамның рухани жетілгенінің белгісі болар еді.

Айнұр ӘЛИ
26 мамыр 2026 ж. 109 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930