Ғалымдар қызылша шырынының тағы бір пайдасын анықтады
сурет: istockphoto.comҰлыбританиядағы University of Exeter ғалымдары қызылша шырыны егде жастағы адамдардың қан қысымын төмендетуге көмектесетінін анықтады. Зерттеу нәтижелері бұл әсердің ауыз қуысындағы бактериялар құрамының өзгеруімен байланысты екенін көрсетті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Зерттеуге 75 адам қатысқан. Олардың 39-ы – 30 жасқа дейінгі жастар, ал 36-сы – 60–70 жас аралығындағы егде жастағы адамдар.
Ғалымдардың түсіндіруінше, жас ұлғайған сайын ағзада қан тамырларын кеңейтіп, қан қысымын реттеуге көмектесетін азот тотығының түзілуі азаяды. Бұл зат тағам құрамындағы нитраттардан түзіледі. Нитраттар қызылшада, шпинатта, рукколада, балдыркөкте және басқа да көкөністерде көп кездеседі.
Тәжірибе барысында қатысушылар екі апта бойы күніне екі стақан нитратқа бай қызылша шырынын ішкен. Кейін олар плацебо сусынын қабылдаған. Зерттеушілер ауыз қуысы микрофлорасындағы өзгерістерді арнайы генетикалық талдау арқылы бақылаған.
Нәтижесінде егде жастағы адамдарда қан қысымы төмендеп, ауыз қуысындағы бактериялардың құрамы өзгерген. Атап айтқанда, Prevotella бактерияларының саны азайып, пайдалы Neisseria бактериялары көбейген. Ал жас қатысушыларда микрофлора өзгергенімен, қан қысымына айтарлықтай әсер байқалмаған.
Зерттеу авторлары қызылша шырыны дәрі-дәрмектің орнына жүрмейтінін ескертеді. Дегенмен ол дұрыс тамақтану мен салауатты өмір салтының пайдалы бөлігі бола алады, әсіресе егде жастағы адамдар үшін.










