Суға барсаң, сақ бол
Жаз келді дегеннен-ақ, барлығымыз суға түсіп, сергуге асығамыз. Суға сүңгіп, салқындаймын деудің соңы қайғылы жағдайға душар ететіндігін көпшілігі білсе де, серпілемін деп сәтсіздікке ұшырап жатыр. Мұны мамандар тұрғындардың сақтық шараларына салғырт қарайтындығымен байланыстырады. Осы ретте суға шомылу маусымына дайындық барысын білмек ниетпен Қазалы аудандық Төтенше жағдайлар бөліміне хабарластық.
Бөлім мамандарының сөзіне сенсек, суға түсу маусымына дайындық әлдеқашан басталып кеткен. Десе де халық арасында түсіндірме жұмыстары ұдайы жүргізілсе де, суға шомылу маусымында адам қазасы жиі орын алатын көрінеді. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, жалпы төтенше жағдайлардың түрі бойынша адамдардың судағы қазасы бірінші орынға шыққан. Ал сандық статистика былай сөйлейді. Былтыр елімізде суға шомылу маусымы басталғанға дейін су айдындарында 12 адам суға кеткен. Оның біреуі – бала. Ал 2021 жылы облыс бойынша суда 49 адам қаза тапқан болса, оның 24-і бала болған. Ал Қазалы ауданы бойынша 3 адам суға кеткен. Бұл әлбетте, қауіпсіздік ережелерін сақтамағандықтан болып отыр. Құтқарушылардың айтуынша, суға кетудің негізгі себебі қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзу болып саналады.
– Жыл басынан бері судағы қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде ұйымдастырып келеміз. Құтқарушылардың, полиция қызметкерлерінің, БАҚ өкілдерінің қатысуымен аудан аумағынан өтетін Сырдария өзені жағалауында орналасқан су айдындарында күшейтілген рейдтік іс-шаралар да жүзеге асып келеді. Десе де қолға алынған шараларға қарамастан адамдар оқыс оқиғаларға жиі тап болуда. Қайғылы жайттар көбіне жабдықталмаған жерлерде немесе мас күйде суға түскендіктен орын алуда. Тұрғындарға су айдындарының белгіленбеген жерлеріне суға түсуге болмайтындығын қаперіне салғымыз келеді. Сондай-ақ қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтанса екен дейміз, – дейді Қазалы аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің инженері, азаматтық қорғау аға лейтенанты Сұлтанай Серікқалиұлы.
Суға түсушілерге судағы қауіпсіздік турасындағы түсіндірме шаралар үздіксіз жүргізілуде. Аталған шара суға түсу маусымы аяқталғанға дейін жалғасын таппақ. Ал құтқарушылар орын алуы мүмкін оқыс оқиғаға тас-түйін дайын екендіктерін байқатып, рейд жұмыстарын ары қарай жалғастыруға бекініп отыр.
Өмір – қолымыздағы ең қымбат қазына. Сондықтан өз өміріңізді қауіптен сақтаңыз. Суға түсерде қарапайым ережелерді ескеріңіз. «Сақтанғанды сақтайтынын» да естен шығармағаныңыз абзал.
Арайлым ЖҮСІПОВА