Қазақстандықтар үшін отбасы деген не?

Бүгін – отбасы күні. Елімізде 6,2 миллионнан астам отбасы бар. Отандастарымыз 1994 жылдан бері отбасы күнін атап өтеді. Осы орайда Қоғамдық даму институты қызықты деректер жариялады. Соның бірсыпырасын назарларыңызға ұсынамыз.
Құндылықтар тоғысы
Елімізде 2022 жылы «Қазақстандық отбасылар» ұлттық баяндамасы жарық көрді. Сауалнамаға 3000 респондент қатысты. Статистикаға сүйенсек, халықтың 93,5%-ы отбасының маңызын жоғары санайды. Отау құрғандардың 95,4%-ы өміріне дән риза.
Осы сауалнама барысында ұйымдастырушылар респонденттерге «отбасы деген не?» деп сауал қойған. Қатысушылардың 44,9%-ының ойынша, отбасы дегеніміз – бақыт және махаббат. 41,7%-ы үшін – ұрпақ жалғастыру, 40,7%-ы отбасын өмірдің мәніне теңеген. Қалған 23%-ы отбасы ұғымын жауапкершілік пен міндет деп түсінген.
Қуантарлығы, респонденттердің 59,9%-ы некеге тұру себебін махаббатпен байланыстырған. Ал 17%-ы көзқарасы мен мүдделері ортақ болған соң шаңырақ көтергенін айтқан. 10,7%-ы бала туу қажеттілігінен некеге отырған. 5,5%-ы ата-анадан тәуелсіз болу үшін осы таңдауды жасаған. 5%-ы өмір сапасын жақсарту үшін, қалған 1,2%-ы басқа себептерді белгілеген.
Тең құқылы отбасы көбейіп келеді
Қоғамдық даму институтының мәліметінше, маңызды шешімдерді бірлесе қабылдайтын отбасылар саны артқан. Дәстүрлі модель сақталғанымен, тең құқылы қатынастар дамып келеді. Сауалнамаға қатысқандардың 55%-ы ер адамды отағасы деп атайды. 35%-ы маңызды шешімді бірлесе қабылдайтынын атаған.
Әйелдердің 44,5%-ы тұрақты түрде бала қараса, ерлердің 25,6%-ы осы міндетті атқарады.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, ерлер арасында некеге тұрудың орташа жасы – 27,9. Әйелдер арасында некеге тұрудың орташа жасы – 25,3. Бұл қазақстандықтардың отбасын құруға саналы түрде қарай бастағанын білдірсе керек. Соған сай ажырасу саны да азайып келеді. 2019 жылы 60 мың жұп ажырасса, 2025 жылы 45,7 мың жұп некені бұзуға арыз берген.
Отбасы жылуы – дастарқанда
Отбасылық дәстүрлер некені нығайта түседі. Отандастарымыз туған күнде бас қосқанды, мемлекеттік мерекелерді атап өткенді, діни рәсімдерде, отбасылық түскі және кешкі асты бірге ішкенді жақсы көреді. Респонденттердің 21,8%-ы кино, театр, музейге бірге баратындарын белгілеген.
Репродуктивті денсаулық маңызды
Сауалнамаға қатысушылардың 73,5%-ы бала тууды жоспарлау қажет деп санайды. Алайда іс жүзінде жүйелі дайындықтан өтетіндердің үлесі – 17%. Мысалы, Абай облысы (99%), Ұлытау облысы (97,1%), Қостанай облысы (87,5%), Алматы қаласы (83,7%), Ақтөбе облысы (82%) тұрғындары бала тууды жоспарлау қажет деп санайды.
Әлемнің әр түкпірінде «Аналар күнін», «Әкелер күнін» атап өтеді. Елімізде де осы атаулы датаыл сайын дәстүрлі түрде "Аналар" мен "Әкелер күнін" тойланып келеді. "Мерейлі отбасы" ұлттық конкурсы тағы бар. Бұл шаралар қоғамда үлкен қолдау тауып, ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтуға сеп болды.











