Қазақстандық студенттер мейрамханада 1 еуроға түскі ас іше алады
Франция студенттерді әлеуметтік қолдау шараларын кеңейтіп жатыр, бұл жеңілдіктер біздің еліміздің азаматтарына да тарайтын болды.
Фото: ЖИ көмегімен жасалдыЖеке хикая: әке арманы мен Париж тұманы
Отандасымыз, полиглот Сабина Сәдуақасова Сорбонна университетін (Université Paris 1 Panthéon-Sorbonne) "халықаралық құқық" мамандығы бойынша бітірген. Бүгінде ол Германияда тұрады және ірі халықаралық консалтингтік компанияда жұмыс істейді, деп жазды inbusiness.kz сайты.
"Мен аса ауқатты емес, бірақ интеллигент адамдар отбасында туып, өстім: анам мұғалім. Әкем сонау кеңес дәуірінде СІМ құрылымдарында қызмет атқарды, ол француз тілін еркін меңгерген кісі. Әкеме Парижге бару бақыты тек бір рет бұйырды, бірақ бұл қалаға мәңгілікке ғашық болу үшін сол бір сапардың өзі жеткілікті болыпты. Содан бері ол балаларының Францияда тұрғанын көруді армандайтынын жиі айтатын. Бойымда француз тіліне деген сүйіспеншілікті әкем оятты, ұстазым да өзі болды. Содан мен Қазақстандағы университетті аяқтамастан, Сорбоннаға оқуға түстім. Онда оқу тегін, өйткені ол мемлекеттік университет. Алайда студенттерге бәрібір қалтасынан қомақты шығын шығаруға тура келеді", – дейді Сабина.
Білімге барар бұралаң жол: студенттік билеттің құны
Сәдуақасованың түсіндіруінше, Франция университеттеріне тегін негізде оқуға түскеннің өзінде, қазақстандықтар бірқатар міндетті шығындарға дайын болуы керек.
Негізгі шығындарға мыналар жатады:
- мүшелік жарналар (2025 жылғы мәлімет бойынша): аспиранттар мен докторанттар үшін шамамен 350 еуро, магистранттар үшін шамамен 220 еуро, бакалавриат студенттері үшін 170 еуро;
- әкімшілік алымдар: оның көлемі университетке, сондай-ақ факультет пен таңдалған мамандыққа байланысты;
- міндетті медсақтандыру: құны жылына шамамен 196 еуро;
- факультетаралық өзара көмек жарналары – 90-нан 500 еуроға дейін жетеді.
Сонымен қатар, Сорбоннада оқитын барлық студенттер бір рет тілдік курстардан өтіп, сертификат алуға міндетті. Стандартты курстың құны 1 250 еуродай. Қарқынды курстікі – шамамен 2 250 еуроны құрайды.
"Университетіміздің басты корпустары мен оның әкімшілігі Париждегі әйгілі Латын кварталында орналасқан. Қалтасы таяз студенттер үшін ол аудандағы қоғамдық тамақтандыру орындарында түстену немесе тұрғын үй жалдау мүмкін емес деуге болады. Париж кедей студенттерге қатал қала: бұл әлемдегі ең қымбат шаһардың бірі. Кейде университет асханасындағы тамаққа да ақша жетпейтін, ол жерде де бәрі қымбат еді. Содан амалсыз, шоколад батончиктермен күнелтуге тура келетін. Бірақ барлық қиындықтарға қарамастан, бұл соған тұрарлық еді", – деп бөлісті бүгінгі айлық жалақысы 8,5 мың еуроға жететін Сабина.
Табақтағы революция: дәмді ланч бір кофенің бағасымен
Енді Франциядағы шетелдік студенттердің жағдайы елеулі жақсаруы мүмкін. Қазақстандық шәкірттер француз құрбы-құрдастарымен тең дәрежеде небәрі 1 еуроға түскі ас ішу құқығына ие болды.
euronews телеарнасы хабарлағандай, бұған дейін бұл шара тек әлеуметтік осал санаттағы жергілікті студенттерге ғана қолданылатын. Алайда 2026 жылғы 4 мамырдан бастап бұл жеңілдікті Францияның ЖОО-ларында тіркелген барлық студентке жаюға шешім қабылданды.
Өйткені биылғы қаңтарда студенттік кәсіподақтар жүргізген сауалнама көрсеткендей, студенттердің 48%-ы қаржылық себептерге байланысты ашқұрсақ жүреді екен. Елдің 2026 жылға арналған бюджетінде білім алушыларды қолдауға шамамен 50 миллион еуро қарастырылып қойды.
"Өткен дүйсенбіден бастап барлық студенттер, табыс деңгейіне қарамастан, бүкіл Франция бойынша университет асханаларында 1 еуроға тамақтана алады. Бұған дейін тек шәкіртақы алатын және қиын жағдайдағы студенттерге ғана арналған бұл схеманы премьер-министр Себастьян Лекорню кеңейтті. Ол биылғы қаңтар айында білім алушылардың төлем қабілетін қолдауға бағытталған реформалар сериясын жариялады. Студенттік ұйымдар дәл осы шараны көптен бері талап етіп келген еді", – деп хабарлады "Еуроньюс".
Қолжетімділік алгоритмі: жүйе қалай жұмыс істейді?
Франция Үкіметі 1 еуролық тамақтану бағдарламасы "Crous-тың барлық мейрамханаларында (Франциядағы Студенттерге қызмет көрсету орталығының университеттік асханаларында), сондай-ақ мүмкіндігінше, желінің басқа да қоғамдық тамақтану орындарында: дәмханаларда, кафетерийлер мен буфеттерде әрекет ететінін" мәлімдеді.
Жеңілдікпен тамақтану құқығына студенттік билеті немесе кәсіби студенттік куәлігі бар барлық тұлғалар – соның ішінде тағылымдамашы-стажерлар, дуалды оқу нысанындағы студенттер ("сэндвич" жүйесі), докторанттар және азаматтық қызметтердің қызметкерлері ие болды. Өз мәртебесін растау үшін Izly жүйесінде белсенді аккаунты болуы қажет.
Сәдуақасова түсіндіргендей, Izly – бұл студенттік тұрмыстың бірыңғай цифрлық экожүйесі: қазақстандық Halyk немесе Kaspi сервистеріне ұқсас, бірақ тек университет ортасына ғана арналған француздық төлем жүйесі. Сервис кампус аумағында немесе қаладағы барлық қызмет түрлерін төлеудің әмбебап құралы болып табылады.
Izly функционалы тек тамақтануды ғана емес, сонымен қатар тұрмыстық қызметтердің кең ауқымын төлеуге мүмкіндік береді: ксерокөшірме жасаудан және сусындар мен жеңіл тағамдар сататын автоматтарды пайдаланудан бастап, кір жуу орындарының қызметіне дейін қамтиды.
Сонымен қатар, Crous-тың және басқа оқу орындарының онлайн-тапсырыс жүйесіне біріктірілген осы сервис студенттерге олардың онлайн-тапсырыс сайттарындағы сатып алуларға кедергісіз қол жеткізуді қамтамасыз етеді. Сервиспен интеграция пайдаланушыларға "адалдық бағдарламаларына" қатысуға жол ашады: жүйе бонустар жинауға, сондай-ақ науқан-акцияларды, жеңілдік купондарын және арнайы ұсыныстарды пайдалануға мүмкіндік береді.
Парижде 1 еуроға қалай тамақтануға болады?
Бұл үшін студентке App Store немесе Google Play арқылы Izly мобильді қосымшасын жүктеп алып, жеке аккаунтын белсендіруі және шотын толтыруы қажет.
Мобильді телефон арқылы төлем жасау үшін қосымшаны ашып, "Төлеу" функциясын таңдап, QR-кодты генерациялау және оны Crous желісінің кез келген мейрамханасында кассирге көрсету керек. Бұған дейін жеңілдікпен тамақтану үшін аз қамтылған отбасылардан шыққан шәкірттер студенттік карталарды пайдаланатын.
Әрине, Парижде 1 еуроға мейрамханадағы жеңсік асты немесе дәмі тіл үйірер қымбат стейкті дәмету мүмкін емес. Дегенмен, Франция билігі бағдарламаның гастрономиялық ләззатқа бағдарланбағанына, ол өмір сүру құнының қымбаттауы жағдайында студенттерді қолдаудың нақты құралына айналатынына екпін түсірді.
""€1-ға тамақтану" мәзіріне негізгі тағам және 2-еуден аспайтын қосымша позиция (бұл жеңіл тағам, сорпа, ірімшік, десерт, жемістер және басқа да өнімдер) кіреді. Бұған тоймаса, қалауы бойынша студент тағы басқа тағамдарды қосымша сатып ала алады, бірақ олар әрбір аймақтық Crous бөлімшесінің директорлар кеңесі айқындаған бағамен сатылады", – деп мәлім етті Crous басшылығы.
Бағдарлама аясында әрбір студент бұл жеңілдікті түскі уақытта бір рет қолдана алады. Сонымен қатар, егер жақын жерде оқу күні аяқталғаннан кейін де жұмысын жалғастыратын университет мейрамханалары болса, бұл мүмкіндікті кешкісін де пайдалануына болады.
Жаңа бастаманы жүзеге асыру үшін Үкімет 2026 жылғы мемлекеттік бюджетте шамамен 50 млн еуро қарастырды. Өз кезегінде Crous желісі осы бағдарлама бойынша тамақтанатын студенттер санының күтілетін өсімін еңсеру үшін тағы 200 қызметкерді жұмысқа алуды жоспарлап отыр.
Статистикаға сәйкес, тек 2025 жылдың өзінде Crous жүйесінде 44 миллионнан астам түскі ас берілген, бұл бір жыл бұрынғыдан 1,4%-ға артық. CROUS үшін бір реттік тамақтанудың нақты құны 8–9 еуродан асады: мемлекет айырмашылықты өз мойнына алып, субсидиялайды.
Бүгінде Францияда білім алып жатқан қазақстандық студенттердің саны туралы нақты ресми деректер жоқ. Әйтсе де, сарапшылар олардың санын шамамен 1 мың адам (кей жылдары 600 болған) деп бағалайды.
Бірқатар жетекші қазақстандық университеттердің студенттері халықаралық академиялық ұтқырлық (ICM) аясында, Erasmus+ бағдарламасының арқасында Еуропаның, соның ішінде Францияның 12 жетекші университетінде білім алу мүмкіндігіне ие.
Қазақстандық ЖОО-лар ынтымақтастық және алмасу бағдарламалары бойынша Erasmus+ конкурстарына жыл сайын қатысады. Алайда француз ЖОО-ларында оқуға арналған гранттарды жылына тек оншақты студент қана иеленеді. Қазақстандықтарды қабылдайтын университеттердің арасында – Université de Lille (Лилль университеті), Université de Poitiers (Пуатье университеті), Université de Lorraine (Лотарингия университеті) және басқа да жоғары оқу орындары бар.
Сенадағы өзгеріс лебі: жаңа көкжиектер мен ескі кедергілер
Бірақ әлеуметтік жеңілдік ұсынумен қатар, Франция ақылы негізде оқитын шетелдік студенттер үшін қаржылық шарттарды бір мезгілде қатайтып та жатыр. 2026 жылдан бастап Еуропалық Одаққа кірмейтін елдердің, соның ішінде Қазақстанның азаматтары "Жоғары білім үшін Францияны таңда!" атты жаңа мемлекеттік стратегия аясында оқу ақысын жоғарылатылған құнмен төлеуге мәжбүр болады.
Ресми түрде бұл шара сонау 2019 жылы қабылданған екен, алайда іс жүзінде француз университеттері ұзақ уақыт бойы оны елемеген, жаппай қолданбаған.
ЕО-дан тыс елдерден келген студенттер үшін сараланған-дифференциалды оқу ақысы енгізілетінін Францияның жоғары білім министрі Филипп Баптист Le Parisien газетіне сұхбатында мәлімдеді. Министр француз жоғары білімінің халықаралық аренадағы тартымдылығын арттыруға бағытталған осы жаңа стратегияның негізгі ережелерін таныстырды.
Шетелдіктер үшін оқу құнын реттеу мүмкіндігі 2019 жылы, "Францияға қош келдіңіз!" атты ескі бағдарламасы аясында пайда болған еді. Алайда, министрдің өзі мойындағандай, осы уақытқа дейін Еуроодақтан тыс елдерден келген студенттердің тек 10%-ы ғана жоғарылатылған тарифтерді төлеген.
Енді жағдай түбегейлі өзгереді. Еуропалық емес мемлекеттерден келген студенттердің көпшілігі бакалавриат бағдарламалары бойынша оқу үшін қазіргі 178 еуроның орнына жылына 2 895 еуро төлеуге мәжбүр болады. Магистратура құны бүгінгі 254 еуроның орнына 3 941 еуроға дейін өседі.
Франция билігі бағаның осылай өсетініне қарамастан, Францияда оқу АҚШ немесе Ұлыбританияның жетекші университеттеріне қарағанда бәрібір айтарлықтай арзан болып қала беретінін алға тартты.
"Осының өзі білім беру курсының нақты құнының шамамен 30%-ы ғана! Тіпті өсімді ескергеннің өзінде, француз білімі АҚШ немесе Ұлыбританияның ірі университеттеріндегі оқудан әлдеқайда арзан болып қала береді", – дейді Филипп Баптист.
Сонымен бірге Үкімет ең талантты шетелдік студенттерді қолдау тетіктерін сақтауға уәде етті. Сырттан келген үздік талапкерлер гранттар мен шәкіртақыларға үміткер бола алады. Ал, әрбір университетке, ең алдымен халықаралық ынтымақтастық және академиялық алмасу туралы келісімдер аясында өздерінің еуропалық емес студенттерінің 10%-ына дейінгісін оқу ақысын төлеуден босату құқығы беріледі.
Франция Үкіметі "Жоғары білім үшін Францияны таңда!" жаңа стратегиясы арқылы шетелдік студенттерді өз экономикасы мен ғылымының болашағы үшін стратегиялық маңызды деп санайтын бағыттарға қайта бағыттайды. Оған жасанды интеллект, цифрлық технологиялар, кванттық әзірлемелер және биотехнологиялар сияқты мамандықтар жатады. Шетелдік студенттерге арналған барлық гранттардың 60%-ын дәл осы бағыттарға резервтеу жоспарлануда.













