Қазақстанда жемқорлар енді сайлау комиссиясына мүше бола алмайды
Фото: ChatGpt арқылы жасалдыМәжіліс “Сайлау туралы” конституциялық заңға енгізілетін түзетулер жобасын мақұлдады. Құжатты вице-премьер Серік Жұманғарин таныстырды. Заң жобасында сайлау комиссиясы мүшелеріне қойылатын талаптар күшейтілген. Бұл туралы Stan.kzақпарат агенттігі хабарлайды.
Құжатқа сәйкес, сайлау комиссиясы құрамына қатысты талаптарды күшейеді. Енді сыбайлас жемқорлық қылмысы, ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталған азаматтар сайлау комиссиясының құрамына кіре алмайды.
Сонымен қатар жеке жауапкершілік жүйесі енгізіледі. Егер комиссия мүшесі алғаш рет заң бұзса, оған ескерту беріледі. Ал алты ай ішінде қайтадан тәртіп бұзса, оның өкілеттігі бірден тоқтатылады.
Енді бір адам бір уақытта мәслихат депутаты мен әкім лауазымына қатар үміткер бола алмайды. Сонымен қатар бірнеше округте бірдей әкімдікке түсуге тыйым салынады.
Дауыстар тең түскен жағдайда да жаңа тәртіп енгізілген. Егер кандидаттар бірдей дауыс жинаса, аумақтық комиссия бір ай ішінде қайта дауыс беру өткізуге міндетті болады.
Азаматтардың сайлау құқығын қамтамасыз ету үшін енді вахталық әдіспен жұмыс істейтін орындарда және уақытша оқшаулау мекемелерінде сайлау учаскелерін ашуға рұқсат беріледі.
Сенім білдірілген тұлғаларға қойылатын талаптар да өзгерді. Енді бұл мәртебені кәмелетке толған, Қазақстан азаматы саналатын, сайлауда үміткер ретінде тіркелмеген және жергілікті өзін-өзі басқару органдарына кірмейтін азаматтар ғана ала алады.
Айта кетейік, бұған дейін Құрылтай сайлауын өткізуге 15,5 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалатынын жазған едік.












