Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Айбынды елдің айбарлы мерекесі

Айбынды елдің айбарлы мерекесі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Бұл – батыр бабалардың даңқты жолы мен бүгінгі буынның туған елге қызмет ету дәстүрін тоғыстыратын мереке. Отан қорғау - қасиетті парыз әрі мәртебелі міндет. Халқымыз антына адал, сертіне берік перзенттерін ерекше қадірлейді», – деп айтқандай, 7 мамыр – Қазақстан Республикасы үшін айтулы мемлекеттік мереке.
Бұл күн тек әскери қызметшілердің кәсіби мейрамы ғана емес, елдің егемендігі мен қауіпсіздігінің айнымас нышаны.
1991 жылы Қазақстан дербес мемлекет болғаннан кейін өзінің қорғаныс жүйесін құру қажеттілігі туындады. Тәуелсіздікті нығайтуда ел өзін-өзі қорғауға қабілетті болуы керек еді. 1992 жылдың 7 мамырында сол кездегі Президент Нұрсұлтан Назарбаев тиісті Жарлыққа қол қойды. Аталмыш құжат бойынша Қазақстан аумағындағы бұрынғы КСРО Қарулы Күштерінің бөлімдері, мекемелері және құрамалары республиканың құзыретіне өтті.
Президент Жоғарғы Бас Қолбасшы болып жарияланды.
Алғашқы Қорғаныс министрі болып генерал-полковник Сағадат Нұрмағанбетов тағайындалды.
Бұл күн кездейсоқ таңдалған жоқ. Ол тұғырлы Тәуелсіз мемлекеттің өз әскерін құрудың ресми бастауы болды. Алғашында тек әскери қызметкерлердің кәсіби мерекесі ретінде аталып өткен күн 2012 жылы өзінің 20 жылдық мерейтойы қарсаңында мемлекеттік мереке мәртебесін алып, бүкіл халықтық демалыс күніне айналды.
«7 мамырдың Мемлекет үшін маңызы қандай?» деген сауалға жауап іздесек, оның қажеттілігіне тереңдей түсеміз.
Бұл датаның таңдалуы кездейсоқ емес. 1992 жылы 7 мамырда Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қорғаныс комитетін Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі етіп қайта құру туралы» және «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» Жарлықтарға қол қойды.
Осы сәттен бастап еліміздің жеке, дербес әскерінің тарихы басталды. 2012 жылы бұл күнге мемлекеттік мереке мәртебесі беріліп, демалыс күні ретінде бекітілді.
Әскери ардагер Тілекқабыл Әлбетияровтың айтуынша, мерекенің басты маңыздылығы зор.
«7 мамырдың қоғам үшін бірнеше негізгі аспектісі бар. Біріншіден, ол – тұрақтылық кепілі: Кез келген мемлекеттің басты тірегі – оның айбынды әскері. Бұл мереке ел іргесінің беріктігі мен мемлекеттің қорғаныс қабілетін паш етеді.
Екіншіден, ұрпақтар сабақтастығы үлгісі, жалғастығы. 9 мамыр – Жеңіс күнімен ұштасуында үлкен мән бар. Ол ата-бабалардың ерлігі мен бүгінгі сарбаздардың қаһармандығы арасындағы рухани көпір іспетті.
Үшіншіден, патриоттық тәрбие құралы. Жастар арасында Отанға қызмет етудің беделін арттырып, ұлттық рухты оятуға ықпалы зор.
Төртіншіден, ерлікке лайықты құрмет белгісі Күндіз-түні ел тыныштығын күзеткен шекарашылар, десантшылар, ұшқыштар мен теңізшілер сынды барлық әскери сала мамандарына көрсетілетін жалпыхалықтық құрмет. Мереке барлық әскери қызметкерлерді, осы саладағы қыз-келіншектер, ардагерлерді Отан алдындағы борышын өтеген азаматтарды құрметтеуге арналған», – дейді ол.
Қазіргі таңда Қазақстан Қарулы Күштері заманауи техникамен жабдықталған, жоғары дайындықтан өткен мобильді күшке айналды. Біздің әскеріміз халықаралық бітімгершілік миссияларына қатысып, елдің тұрақтылығын қамтамасыз етеді және әлемдік деңгейде де өзінің кәсібилігін дәлелдеп келеді.
Ұлттық Қарулы Күштердің дамуы халықаралық стандарттарға сай жабдықталған.
Қуатты армия – тек көп сарбаз немесе заманауи техника ғана емес. Ол кәсіби дайындалған әскери мамандар, заманауи қару-жарақ, мықты тәртіп пен басқару жүйесі, елге деген адалдық пен рух көрінісі
Әлемде Коста-Рика, Исландия, Панама сынды армиясы жоқ немесе тұрақты әскері болмайтын елдер де бар. Алайда олардың қауіпсіздігін халықаралық келісімдер, полиция күштері арқылы сақтайды.
Ал қуатты армиялары бар мемлекеттер санатында АҚШ, Ресей, Қытай бар. Олар әлемдегі ең ірі және технологиялық армия, әскери әлеуеті жоғары мемлекет, саны мен техникасы бойынша алдыңғы қатардағы күш. Бұл елдердің армиясы заманауи технология, үлкен қаржыландыру және кәсіби дайындықпен ерекшеленеді.
Еліміздің армиясы соңғы жылдары жаңғыртылып, әскери қызметкерлердің кәсіби деңгейі де артып келеді. Бұл салада біз мақтан тұта алатын бірнеше маңызды бағыт бар.
Қазақстан Қарулы Күштері 1992 жылдан бері қалыптасып, бүгінде кәсіби, жүйелі құрылымға айналған армия. Құрлық әскерлері, әуе қорғанысы күштері және әскери-теңіз күштері өзара үйлесімді жұмыс істеп, ел қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Бұл – қысқа тарихи кезең ішінде жеткен үлкен нәтиже.
Біз мақтан тұтатын басты құндылықтардың бірі – Мемлекет ұстанып отырған бейбітшілікке бағытталған саясат. Қазақстан ешқашан агрессиялық мақсат ұстанбаған ел. Керісінше, ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан санаулы мемлекеттердің бірі ретінде әлемге үлгі көрсетті. Бұл қадам еліміздің халықаралық беделін арттырды.
Сонымен қатар, қазақстандық әскери қызметкерлердің бітімгершілік миссияларға қатысуы – үлкен жетістік. Біздің сарбаздар Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында түрлі елдерде қызмет атқарып, әлемдік қауіпсіздікке өз үлесін қосып келеді. Бұл – армияның тек қорғаныс емес, гуманитарлық миссияларды да орындай алатынын көрсетеді.
Тағы бір маңызды тұс – кәсібилік пен тәртіп. Соңғы жылдары «Отан қорғау – қасиетті парыз әрі мәртебелі міндет» деген жолдарды ұстаным еткен, армияда келісімшарт негізіндегі қызмет кеңейіп, әскери мамандардың деңгейі артуда. Арнайы дайындықтан өткен офицерлер мен сарбаздар заманауи талаптарға сай қызмет етеді.
Техникалық жаңғырту да назардан тыс қалған емес. Қазақстан армиясы заманауи әскери техникамен кезең-кезеңімен жабдықталып келеді. Әуе қорғанысы жүйелері, ұшқышсыз аппараттар, байланыс құралдары – барлығы да жаңартылу үстінде.
Бұдан бөлек, Қазақстан – тұрақты түрде өтетін халықаралық оқу-жаттығулар – тәжірибе алмасудың маңызды алаңы. Мысалы, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы аясындағы жаттығулар қазақстандық әскердің дайындығын шыңдайды.
Қазақ халқының батырлық дәстүрі, ел қорғаған ерлердің өнегесі бүгінгі сарбаздардың бойынан көрініс табады. Армия тек қарумен емес, рухпен де күшті.
Ел қорғаны – ерлік пен елдіктің өлшемі. Тәуелсіздіктің берік қалқаны әрі болашаққа деген нық сенімге лайықты құрмет – 7 мамыр — жай мереке емес, еліміздің күші мен бірлігінің мерекесі. Әрбір қазақстандық үшін Отан қорғаушыларға алғыс айтатын, болашағымызды ойлайтын күн.
Бүгінгі жас буын бейбіт өмірдің өздігінен келмейтінін түсініп, Отанды сүю – сөзбен емес, іспен дәлелденетін қасиет, тәртіп пен жауапкершілік – нағыз азаматтың белгісі екендігін біліп, елге қызмет етудің маңызын түсіндіріп, «Мен – қазақстандықпын» деген мақтаныш сезімін ояту құралы.
Ел қауіпсіздігі – әр адамның ортақ міндеті. Айбынды армия – мемлекет кепілі болса, ал сол құндылықты сақтау – бүгінгі ұрпақтың қасиетті міндеті.
Алтын ӘДІЛХАНҚЫЗЫ
05 мамыр 2026 ж. 75 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031