Қазақстандықтардың жеке деректері саудаға түскен
Фото: ЖИҚазақстанда азаматтардың жеке деректерін заңсыз сатып келген топ ұсталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
АҚПАРАТТЫ ИНТЕРНЕТ АРҚЫЛЫ САТҚАН
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, биылғы наурыз айында қауіпсіздік органдары прокуратура органдарымен бірлесе отырып, Астана және Алматы қалаларында Қазақстан Республикасы азаматтарының жеке деректерін заңсыз жинау және таратуға қатысы бар деген күдікке ілінген адамдар тобының қызметін тоқтатты.
Тергеу материалдарына сәйкес, қылмыстық іс фигуранттары заңсыз жолмен алынған ақпаратты интернет арқылы сатып келген. Сатып алушылар қатарында кейбір микрофинанстық және коллекторлық ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ жеке тұлғалар болған,– деп атап өтті Ұлттық қауіпсіздік комитеті.

ЗАТТАЙ АЙҒАҚТАР ТАБЫЛДЫ
Тінту барысында компьютерлік техника, ақпарат сақталған электрондық тасымалдағыштар, ірі көлемдегі қаражат және басқа да заттай айғақтар тәркіленді.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 147, 208 және 210-баптары бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Атап айтсақ:
- 147-бап – жеке өмірге қол сұғу және жеке деректерді заңсыз жинау немесе тарату
- 208-бап – ақпараттық жүйелерге заңсыз қол жеткізу (хакерлік әрекеттер)
- 210-бап – ақпараттық жүйелердің жұмысына заңсыз араласу (жүйені бұзу, істен шығару)

Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабы 1-бөлігіне сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.











