Болгарияда Парламентті кезектен тыс сайлау басталды
Фото: depositphotos.com19 сәуірде Болгарияда Парламентті кезектен тыс сайлау басталды. Бұл - кейінгі бес жылдағы сегізінші сайлау, - деп хабарлайды Massaget.kz Deutsche Welle басылымына сілтеме жасап.
Сайлау 2025 жылғы желтоқсандағы жаппай сыбайлас жемқорлыққа қарсы наразылықтар аясында консерваторлар құрған үкімет отставкаға кеткеннен кейін тағайындалды.
Елдегі саяси дағдарыс 2021 жылдан, экс-премьер Бойко Борисовтың үкіметі биліктен кеткен кезден бері жалғасып келеді.
Жеңіске кім үміткер?
Сауалнамаларға сәйкес, сайлау бәйгесінде бұрынғы президент Румен Радевпен байланысты жаңа центристік-солшыл "Прогрессив Болгария" коалициясы көш бастап тұр. Коалиция шамамен 35 пайыз дауыс жинауы мүмкін.
Бұған дейін елді тоғыз жыл бойы басқарған Радев басқарудың "олигархиялық жүйесімен" күресу қажетін мәлімдеді. Ол Ресеймен қарым-қатынасты қалпына келтіруді жақтап, Украинаға берілетін әскери көмекті сынайды.
Негізгі бәсекелес ретінде Бойко Борисов бастаған еуропашыл ГЕРБ партиясы саналады. Болжам бойынша, бұл партия шамамен 20 пайыз дауыс алуы мүмкін. Үш рет премьер-министр лауазымын атқарған Борисов өз партиясының еуроаймаққа қосылуды қоса алғанда, елдің негізгі жетістіктерін қамтамасыз еткенін айтады.
Нәтижелер қашан шығады?
Сайлау учаскелері жергілікті уақыт бойынша сағат 7:00-де ашылды және 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Сайлаушылардың шамамен 39 пайызы дауыс берген 2024 жылғы сайлаумен салыстырғанда бұл жолы келушілер саны жоғары болады деп күтіледі.
Дауыс берудің алдын ала қорытындыларын 20 сәуірде жариялау жоспарланған.
Болгария НАТО мен Еуропалық Одаққа мүше, ал 1 қаңтардан бастап ел еуроаймаққа еніп, Шенген аймағына қосылды.











