Ауыл дәрігерлеріне берілетін әлеуметтік төлем екі есе өсті
Сонымен қатар оларға баспана мәселесін шешуге де мүмкіндік беріліп отыр
Фото: © freepik.com

Фото: © freepik.com
Қазақстанда кадр тапшылығын жою үшін ауылдық жерлерге баратын медицина мамандарына көрсетілетін әлеуметтік қолдау көлемі айтарлықтай ұлғайтылды. Әлеуметтік төлемнің жалпы сомасы 2,2 млрд теңгеден 4,5 млрд теңгеге дейін өскен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мемлекет тарапынан ауылға аттанған ақ халаттыларға тек қаржылай көмек қана емес, баспана мәселесін шешуге де мүмкіндік беріліп отыр.
Атап айтқанда:
Аудан орталықтарындағы мамандарға 2500 АЕК, ауылдық жерлердегілерге 2000 АЕК көлемінде бюджеттік несие қарастырылған.
Жаңадан барған маманға 100 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем беріледі.
Балабақшадан орын алу, балаларының жоғары оқу орнына түсуі кезіндегі жеңілдіктер, әскери қызметті мамандығы бойынша өтеу немесе кейінге шегеру мүмкіндігі бар.
Сонымен қатар, жергілікті мәслихаттар дәрігерлерді тұрақтандыру үшін қосымша субсидиялар, жалдамалы пәтер ақысы мен коммуналдық төлемдерді өтеу сияқты көмек түрлерін ұсынып отыр.
«2025 жылдың қорытындысы бойынша 1760 дәрігер түрлі қолдау шараларымен қамтылды. Оның ішінде 727 маманға қызметтік пәтер берілсе, 1714 дәрігер көтерме жәрдемақы алды. Ауылдық жерлерге барлығы 1005 маман барды», — деп хабарлады мекеме өкілдері.
Мамандардың біліктілігін арттыру мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Бүгінде 24 мың медицина қызметкері біліктілігін арттырды.
Министрлік медицина қызметкерлерінің құқықтарын қорғауға бағытталған 2026–2028 жылдарға арналған әлеуметтік әріптестік жөніндегі салалық келісімге қол қойды.














