Өлеңмен өрілген өмір
Жақында Ү.Түктібаев ауылдық кітапханасы, ауылдық клубының ұйымдастыруымен, «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығының тұжырымдамасы, «Әлем BOOK» жобасы аясында қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, белгілі ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шөмішбай Сариевті еске алуға арналған тағылымды шара өтті.Кітапхана оқырмандары, Б.Әбдіразақов атындағы №88 орта мектеп оқушылары мен ұстаздарының қатысуымен өткен «Сыршыл сезімнің ақыны» атты танымдық кеш сырлы қалам иесінің туғанына 80 жыл толуына арналды.
Рухани кеште ақынның өмір жолы мен шығармашылық мұрасы кеңінен сөз болды. Ұстаздар Н.Іздікбаева мен Қ.Қанағатқызы Шөмішбай Сариевтің қазақ әдебиетіне қосқан өлшеусіз үлесін атап өтіп, оның өлеңдеріндегі ұлттық рух, туған жерге деген сүйіспеншілік, адамгершілік құндылықтар туралы ой қозғады. Ақынның сөзіне жазылған түрлі тақырыптағы жүрек тебірентер жырлары оқылды. Шөмішбай Нағашыбайұлының өмірбаяны таныстырылып, ақын сөзіне жазылған «Қарағым-ай» және «Домбыра туралы баллада» әндері шырқалып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
Кеш барысында ақынның қарапайым болмысы, азаматтық келбеті мен шығармашылық ізденісі туралы естеліктер сөз болды. Тақырып туралы мазмұнды көрме ұйымдастырылып, оған библиографиялық шолу жасалды. Жас ақындар Шөмішбай Сариевтің поэзиясынан шабыт алатынын жеткізді.
Жас ұрпақтың отансүйгіштік, адамгершілік қасиетін дамытып, ақын мұрасын ұлықтау, кейінгі ұрпаққа насихаттау және ұлттық әдебиетке деген құрметін ұялату, кітап оқу мәдениетін арттыру мақсатын көтерген тағылымды жиын соңында қатысушылар ақын рухына тағзым етіп, оның шығармашылығы мәңгілік жасай беретініне сенім білдірді.
Гүлмира НИЕТОВА














