ӘСКЕРГЕ ШАҚЫРУ МӘСЕЛЕСІ ҚАРАЛДЫ
Аудан әкімі аппаратының басшысы Ринад Тілептің төрағалығымен мерзімді әскери қызметке шақырудың көктемгі науқанына дайындық және оны ұйымдастыру мәселелері бойынша мәжіліс өтті.Жиында Мемлекет басшысының 2026 жылғы 14 наурыздағы №1202 Жарлығына сәйкес басталған көктемгі әскерге шақыру науқанының барысы талқыланып, бірқатар өзекті мәселелер көтерілді. Атап айтқанда, өткен жылғы күзгі шақыру науқанының қорытындысы сараланып, жоспарлы көрсеткіштердің толық орындалмау себептері сынға алынды.
Мәжіліс барысында аудан әкімі аппаратының басшысы Ринад Тілеп аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің басшысы Нұрлан Көлбаевқа әскерге шақырылушыларды зерделеу, іріктеу сапасын арттыру, нақты деректер базасын қалыптастыру және «Интеграцияланған шлюз» ақпараттық жүйесіндегі мәліметтердің өзектілігін қамтамасыз ету бағытында нақты тапсырмалар берді. Сондай-ақ, шақыру қағаздарын «1414» сервисі арқылы жеткізу, азаматтардың шақыру пунктіне уақытылы келуін қамтамасыз ету, әскери қызметтен жалтарып жүргендерді анықтау және заң аясында шара қолдану мәселелері кеңінен қаралды.
Жиында жергілікті атқарушы органдарға, қала, кент және ауылдық округ әкімдеріне әскерге шақырылушылардың тізімін тұрақты түрде нақтылап отыру, көшіп кеткен немесе басқа өңірлерде жұмыс істейтін азаматтар бойынша деректерді жаңарту тапсырылды. Сонымен қатар, полиция органдарымен бірлесіп, әскери қызметтен жалтарған азаматтарды жеткізу жұмыстарын күшейту қажеттігі атап өтілді.
Бұдан бөлек медициналық комиссия жұмысының сапасын арттыру, цифрландыру бағытындағы «е-Medosmotr» жүйесін енгізу мүмкіндіктері қарастырылып, тиісті ұсыныстар әзірлеу тапсырылды.
Жастар арасында әскери қызметтің маңыздылығын насихаттау, патриоттық тәрбиені күшейту, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде түсіндіру жұмыстарын жандандыру да күн тәртібінен тыс қалған жоқ.
Жиын соңында Ринад Ибайдуллаұлы әскерге шақыру жұмыстары – мемлекеттік маңызы бар міндет екенін атап өтіп, барлық жауапты мекеме басшыларын бұл бағыттағы жұмыстарға жауапкершілікпен қарауға шақырды.
Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі














