Дағдарыс кезінде ақшаны қайда салу керек
Коллаж: Kazinform/ MidjourneyАСТАНА. KAZINFORM – Таяу Шығыста қақтығыс басталғалы алтынның бағасы аспандап тұр, қазір бағалы металдың 1 грамы 70 098 теңге шамасында. Кейінгі аптада нарықтағы құн төмендегенімен, сарапшылар баға әлі өседі деп отыр. Осы орайда елдегі алтын-валюта қоры мен алтын өндірісінің жай-күйін сараптап көрейік.
52 компания алтын өндіреді
Мұнай секілді алтынның да бағасы әскери шиеленіс кезінде көтеріледі. Мысалы, 2003 жылы АҚШ Иракқа басып кірген кезде алтын бағасы 5–6 пайызға ұлғайды, 2022 жылы Ресей-Украина дағдарысында 2 000 доллар деңгейінен жоғарылады. Міне, енді үрдіс жалғасып, Иранның айналасындағы ахуал кезінде алтынның бір унциясы шамамен 4 674-5 500 долларға жетті.
Экономист Сапарбай Жобаевтың пайымдауынша, алтын құнының қымбаттауына тек геосаяси мәселелер әсер етіп отырған жоқ, оған әлемдік ақша массасының көбеюі де себеп.
– Дүниежүзінде ақша массасы көбейіп жатыр. АҚШ, Қытай, Еуропа елдері өте көп көлемде ақша жинауды әдетке айналдырған. Мысалы, 5 млн ғана халқы бар шағын Норвегия мемлекетінің 1 трлн 200 млрд доллорлық тұрақтандыру қоры бар.
Бұл қаржы жай жатпайды, жиналған қаржы сенімді активке салыну керек. Әдетте мұндай қаражат шикізат өндіруге арналған ірі инвестициялық жобаларға бағытталатын. Алайда Қытайдың өркендеуіне байланысты ондай инфрақұрылымдық жобаларды, стратегиялық нысандарды салу оңай болып кетті, яғни шығынды ақтамайтын салаға айналды.
Оның үстіне, Трамптың құбылмалы саясатының әсерінен ірі халықаралық жобалардың келешегі белгісіз болып қалды. Сондықтан әлем елдері мен ірі инвесторлар қорындағы ақшаны алтынға салуға мәжбүр. Себебі алтынға әрқашан сұраныс жоғары, ежелден келе жатқан ең сенімді актив, – деп түсіндірді сарапшы.
Әлем елдері қаржы жүйесінің мұндай реакциясына әбден үйренген. Тұрақсыздық бола қалса, алтын қорын молайтып, керек кезде экспорттауға бейімделе білді.
Қазақстан да осыған ұқсас саясат ұстанып келеді. Әсіресе, алтын резервін көбейтуге басымдық береді. Мәселен, соңғы жиырма жылда алтын резервтері айтарлықтай артып, әлемдік рейтингте алтыншы орынға тұрақтадық: 2000-2024 жылдар аралығында алтын қоры шамамен 227 тоннаға өсті. Ұлттық банктің дерегінше, қазір алтын портфелінің көлемі - 47,2 млрд доллар, бұл - жалпы алтын‑валюта резервтерінің 71,9%-ына жуық.
Ұлттық банк алтынды қайдан алады?
Қазақстанда алтын өндірісі ауқымды. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің дерегіне сенсек, елде алтын өндіруге рұқсаты бар 52 компания тіркелген:
Абай облысында – 13,
Жамбыл облысында – 8,
Ақмола облысында, – 7,
Қарағанды облысында – 7,
ШҚО – 4,
Алматы облысында – 2 кәсіпорын бар.
Бұдан өзге Ұлытау, Павлодар, Түркістан облыстарында да кен орындары жұмыс істейді. Жалпы 52 кәсіпорын жылына орта есеппен 40 тонна алтын өндіреді. Мұндағы бағалы металдың негізгі сатып алушысы да – Ұлттық банк. 5 жылда Ұлттық банк отандық өндірушілерден 329 тоннадан астам аффинирленген алтын сатып алғанын білеміз.
Қазақстан неге алтынға құмар?
Қазақстанның алтын қоры тек отандық өнімнен тұрмайды. Ұлттық банк сыртқы нарықта да белсенді сатып алушы саналады. Мәселен, өткен жылы Қазақстан алтын сатып алудан әлемде 2-орынға шыққан болатын. Дүниежүзілік алтын кеңесінің (World Gold Council) мәліметіне сәйкес, 2025 жылдың қаңтар-қараша айлары аралығында орталық банк 49 тонна алтын еншілеген.
Экономист Сапарбай Жобаев мұнша көлемдегі алтынның қорды толықтырудан да өзге қызметі бар деп есептейді. Үкімет алтынды теңгені нығайтудың бір құралы ретінде пайдаланып келеді.
Фото: Сапарбай Жобаевтың жеке мұрағатынан
– Орталық банктердің негізгі мақсаты өз ұлттық валютасының сатып алу қабілетін сақтау, яғни инфляцияны тежеу екенін түсінуіміз керек. Валюта күшін алтын-валюта әсері белгілейді. Мәселен, кейде теңге өте құлдырап, доллар өсіп кетеді. Сол кезде Ұлттық банк алтын-валюта резервінен немесе Ұлттық қордан валюталық интервенция жасап, яғни биржаға валюта тастау арқылы бағаны ұстап тұруға әрекет жасайды. Қазір Ұлттық банктің алтын-валюта қоры 65 млрд доллар шамасында. Алтынның бағасы көбейген шақта ол қор да көбейіп тұрады, – деді Сапарбай Жобаев.
Спикердің пайымдауынша, алтын – тек тұрақтандыру құралы, елдер оны есеп айырысу үшін қолданбайды. Тарихта 1865 жылға дейін мемлекеттер арасындағы үлкен есеп айырысу алтынмен болушы еді: Еуропа, Азия алтынмен есеп айырысып келді. Алайда 1976 жылғы Ямайка халықаралық конференциясынан кейін аталған әдіс толық тоқтатылды.
Қазақстанның алтын сатып алуға құлық танытуына тағы бір себеп бар. Ол – халықаралық міндеттеме. Біз 1992 жылы Халықаралық валюта қорының мүшесі болдық. Ұйым ережесіне сәйкес әр ел ең азы 6 айлық импорт көлеміне тең алтын қорын сақтауы керек. Әрине, Қазақстан межені әуелгі онжылдықта орындап тастағанымен, әлем елдері секілді жарты жылдық қормен шектелгісі жоқ. Қазір осы міндеттемені орындау үшін әрі бәсекеден қалмаудың амалымен алтын көбейту белең алды.
Ахуалдың тағы бір оң тұсы, егер Ұлттық банк алтын-резерв қорын тоқтаусыз ұлғайта беретін болса, әлемдік аренада мемлекеттің қаржы-экономикалық тұрақтылық көрсеткіші жоғарылайды. Демек, өзге мемлекеттер несие беретін кезде біздегі алтын резервтік қордың көлемін есепке алып, қарызды төмен пайызбен ұсынуы ықтимал. Бұл - экономикаға көп көмек.
Инфографика: Kazinform
Алтын пайдасы: сенім мен капитал
Экономист Сапарбай Жобаев алтын қорының үш пайдасы бар деп отыр.
Біріншіден, алтын капитал ретінде тиімді. 1944 жылы Бреттон-Вудс конференциясында (Bretton Woods Conference) алтынды тек доллармен байланыстырған еді. Ал 1976 жылы Ямайка валюта конференциясынан кейін алтын еркін тауарға айналды. Бұл капитал болып есептелінеді.
Екіншіден, алтын – таза әрі бұзылмайтын, түрлі қышқылға төзімді металл. Оған қоса көп зергерлік бұйым алтыннан жасалады. Бұл - бағалы металды кез келген уақытта нарыққа шығаруға болады деген сөз.
Үшіншіден, алтын ірі өнеркәсіп өнімдеріне пайдаланылады. Ғарыш кемелерінде, жоғары технологияларда алтын элементі құрамдас бөлік саналады. Бұл бағыттар - әлемнің жетекші салалары және алдағы онжылдықта өндіріс көлемі көбеймесе, азаймайды. Сондықтан алтынды сақтау маңызды.
Фото: Kazinform
– Өте көп мөлшерде алтын өндіретін елдер Канада, Аустралия, АҚШ, Ресей, Қазақстан, Өзбекстан, Қытай және Оңтүстік Африка мемлекеттері. Алтынды әшекейде не өнеркәсіпте қолданады дедік. Ал Үндістан мен араб мемлекеттерінде алтынның сынығы көп. Олар әшекейлерден, ескі технологиялық қондырғылардан өте көп алтын өндіреді. Біз де мұндай әдіспен өндіреміз, бірақ қазып алатын алтынның үлесі жоғары, – деді сарапшы.
Кейінгі айларда халық арасында алтын сатып алу үрдісі басталғандай. Өткен жылы азаматтар 40 мыңға жуық алтын құймасын сатып алған.
Жалпы Ұлттық банк отандық нарыққа алтынды бірнеше арнамен жеткізіп отыр. Алғашқысы – екінші деңгейлі банктер және айырбастау пунктілері арқылы сертификатталған алтын құймаларын сатады.
Келесі әдіс – Ұлттық банктің аумақтық филиалдары мен Astana International Exchange (AIX) биржасында инвестициялық монеталар сату. Сатып алушының кейін инвестициялық монетаны UKI физикалық монетасына айырбастау мүмкіндігі бар.
Алайда халық инвестициялық монеталарға қарағанда алтын құймаларды көбірек сатып алатын болған. Мысалы, 2025 жылы Ұлттық банк екінші деңгейдегі банктер мен айырбастау пунктілеріне 886,3 келі алтын құйма сатты. Ал екінші деңгейдегі банктер мен айырбастау пунктілері халыққа шамамен 1,2 тонна өлшенген құйма сатқан.
Айта кетерлігі, Ұлттық банк алтын құймалар сатылымының көлемін алдағы екі жылда жылына 1,0-1,5 тонна деңгейінде сақтағысы келеді. Ал алтыннан жасалған инвестициялық монеталарды (BARYS, KOKBORI и UKI) жылына 45-50 келі деңгейінде ұстауға ниетті.
Бүгінде сарапшылар алтынның бағасына қатысты болжам айтуға құлықсыз. Бірі бағалы металл бағасының өсуін уақытша әсер санаса, бірі алтын құны енді 20 пайыздан артық төмендемейді деген пікірде.
– Бұрын криптовалюта шыққанда көп қаржы сол бағытқа кеткенін білеміз, тіпті 1 bitcoin 120 мың долларға дейін қымбаттаған еді. Қазір 75-80 мың долларға дейін түсіп, үштен бір құнын жоғалтты. Бірақ алтынға қатысты мұндай болжам айту қисынсыз. Қазір алтынға деген сенім акция, облигация, криптовалюта, мұнай, металл секілді активтерден жоғары болып тұр. Шикізат пен акциялардың бағасы өзгеруі мүмкін, ал алтынның бағасы өзгеріссіз қалады.
Егер АҚШ-тың монетарлы саясаты өзгермесе, алда алтынның бағасы өсетіні анық. Бәрі әлемдік геосаяси жағдайға байланысты: тыныштық кезінде баға тұрақты, аласапыран шақта – шарықтауы заңды, – деп түйіндеді спикер.
Өткен жылы Қазақстан халықаралық резервті 19,9 млрд долларға өсірді. Ұлттық банк резервтерінің өсімі толықтай дерлік монетарлық алтын есебінен болған. Оның қоры бір жылда бірден 23,4 млрд долларға (98%) артып, 47,2 млрд долларға жетті. Желтоқсан айындағы өсім қарқыны 6% болды. Әлемдік алтын бағамы осы қарқынмен өсе берсе, елдің экономикалық әлеуеті нығая түседі деген сөз.









