Қазақстандық фермерлерге салықты азайтып, мал сатып алуға арзан несие беріледі
Қазақстандық фермерлерге салықты азайтып, мал сатып алуға арзан несие беріледі
Фото: Ru.freepik.comПремьер-министрдің орынбасары, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қосшыда Ақмола облысының фермерлерімен кездесті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Былтыр өңірде рекордтық көрсеткіште, яғни 7,6 миллион тонна астық жиналды. Бұл Қазақстандағы жалпы өнімнің төрттен бірінен асады. Сонымен қатар майлы дақылдар егістігі қарқынды түрде кеңейіп жатыр: бір жылда 2,5 есеге өсіп, алғаш рет 500 мың гектарға жетті. Биыл бұл көрсеткішті тағы арттыру жоспарланып отыр.
Кездесудегі негізгі жаңалық – мал шаруашылығына арналған екі жаңа несиелік бағдарлама іске қосылды.
“Бұл жоспар саланың жүйелі мәселесін – өндірістің барлық кезеңінде қолжетімді қаржыландыру тапшылығын шешуге бағытталған. “Игілік” және “Береке” бағдарламалары асыл тұқымды мал сатып алуға жылдық 6% мөлшерлемемен беріледі. “Игілік” – орта шаруашылықтарға, “Береке” – ірі шаруашылықтарға арналған. Бұл бағдарламаларға мемлекет 374 миллиард теңге бөлді”, – деді Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин.
“Игілік” бағдарламасы – 100-ден 500 басқа дейін ірі қара және 500-ден 1000 басқа дейін ұсақ мал ұстайтын шаруашылықтарға арналған.
“Береке” – 500 бастан жоғары ірі қарасы және 1000 бастан асатын ұсақ малы бар ірі шаруашылықтарға бағытталған.
Жақын арада ауыл шаруашылығы жануарларының басқа түрлері бойынша да несиелеу бағдарламаларын кеңейту жоспарланып отыр.
“Бұл басымдық импортқа тәуелді азық-түлік өнімдерін өндіруді дамытуға және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге беріледі. Мемлекет саланы қолдау тетіктерін күшейтіп жатыр, ал 2026 жылы негізгі назар елдің бәсекелік артықшылығы ретінде мал шаруашылығын дамытуға аударылады”, – деді Серік Жұмағарин.
Ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін жеңілдіктер сақталды: пайда салығы – 3%, әлеуметтік салық – 1,8%, ал жер, мүлік және көлік салықтары 70%-ға төмендетілген. 2026 жылдан бастап ҚҚС жүктемесі 80%-ға қысқарады.
Фермерлер мемлекеттік қолдауды нақты тиімділік көрсеткіштеріне байланыстыруды, отандық және импорттық асыл тұқымды малға берілетін субсидия шарттарын теңестіруді, сондай-ақ астық экспортындағы көлік субсидияларының кешігу мәселесін шешуді сұрады.










