Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жолдағы жауапсыздық – жасырын қатер

Жолдағы жауапсыздық – жасырын қатер

Күні кеше көзіме бір дерек оттай басылды. Қазақстан жол-көлік оқиғалары бойынша әлемдік деңгейде алдыңғы қатарда. Өкінішке қарай, бұл – дамудың немесе жетістіктің емес, адам өмірін жалмаған қайғылы көрсеткіштің көшбасшылығы. Ресми мәліметтерге сүйенсек, елімізде күн сайын орта есеппен алты адам жол апатынан қаза табады. Яғни әр күні алты отбасының шаңырағына қайғының қара бұлты үйіріліп, алты ана баласынан, алты бала әкесінен немесе анасынан айырылады.
Қазіргі таңда жол-көлік оқиғалары ұлттық деңгейдегі күрделі мәселе болып отыр. Көлік санының артуы, жүргізушілер мәдениетінің төмендігі, жол сапасының нашарлығы, заң талаптарының сақталмауы – бұлардың барлығы апаттардың жиілеуіне әсер ететін факторлар. Дегенмен, мәселенің түп-төркіні бұдан да тереңде болуы мүмкін. Елдегі жол апаттарының жиілеуіне нақты не себеп? Біз қай тұста қателесіп жүрміз? Осы жағдайдың алдын алу үшін қоғам ретінде нені өзгертуіміз қажет? Көптің көкейіндегі сауалдарға үңіліп көрдік.

Қазіргі қоғамда ақпарат ағынының жылдамдығы соншалық, бір сәтке ғана телефонға үңілсеңіз, сан түрлі жаңалықтың куәсі боласыз. Алайда сол жаңалықтардың арасында жүректі сыздататын, ойға қалдыратын ауыр оқиғалар да аз емес. Жуырда әлеуметтік желіде тараған екі бірдей жол апаты жайында жаңалық желдей есті.
Наурыз айының ортасында Қызылорда қаласында болған қайғылы жағдай талайдың қабырғасын қайыстырды. 13 наурыз күні Тәуелсіздік пен Алисова көшелерінің қиылысында орын алған жол апатынан 45 жастағы Алмас Айыпов көз жұмды. Ол алты баланың әкесі еді, оның екеуін бауырына басып, тәрбиелеп отырған. Туыстарының айтуынша, соққының күші тым қатты болған: марқұм мінген ВАЗ-2104 көлігі шамамен 70 метрге дейін ұшып кеткен.
Апатқа қатысқан екінші көлік – Lexus 460. Рөлде 23 жастағы жүргізуші болған. Жақындарының сөзінше, ол қала ішінде рұқсат етілген жылдамдықтан бірнеше есе асып, шамамен 200 км/сағ жылдамдықпен жүрген. Оқиғадан кейін жүргізуші оқиға орнын тастап кеткен деген де ақпарат бар, алайда бұл ресми түрде нақтыланбаған.
Тағы бір күмәнді жайт – марқұмның көлігіндегі бейнетіркегішке қатысты. Туыстары жазба бар екенін, бірақ файл ашылмайтынын айтады. Бұл деректердің әдейі жойылуы немесе жасырылуы мүмкін деген күдік туғызады. Айыповтың отбасы істің әділ әрі ашық тергелуін талап етуде.
Араға небәрі бірнеше күн салып, 21 наурыз күні Алматы қаласында тағы бір жантүршігерлік жол апаты болды. Түн ішінде Әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында Zeekr көлігінің жүргізушісі қарсы жолаққа шығып кетіп, Mercedes көлігімен соқтығысқан. Апат салдарынан Mercedes ішіндегі үш жас – оқиға орнында қаза тапты. Ал апатқа себепкер болған жүргізуші аман қалған.
Әлеуметтік желі қолданушылары бұл жағдайды көше жарысының салдары деп бағалауда. Қазір қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Бірақ қандай үкім шықса да, қиылған ғұмырларды қайтара алмайтыны анық.
Жолдағы тәртіптің әлсіреуі, жауапсыздық пен немқұрайлылық адам өмірін ойыншыққа айналдырып бара жатқандай. Апаттан кейін Алматыда жүргізілген рейдтер соны тағы дәлелдеді. Небәрі үш күнде 5 мыңнан астам жол ережесін бұзу дерегі тіркелген. Олардың ішінде мас күйде көлік жүргізгендер, құжатсыз рөлге отырғандар және жылдамдықты шамадан тыс асырғандар бар.
Тіпті бір жүргізушінің қала көшесінде сағатына 250 шақырым жылдамдықпен жүйткігені анықталып, 10 тәулікке қамауға алынған.
Несін жасырайық, Қазақстан жолдары соңғы жылдары тек қозғалыс алаңы емес, адам тағдыры сыналатын қауіпті кеңістікке айналып барады. Соңғы екі бірдей қайғылы оқиға қоғамды селт еткізіп, автожолдардағы өлім-жітім мәселесін қайтадан күн тәртібіне шығарды.
Energyprom жариялаған деректердің өзі-ақ жағдайдың қаншалықты ушығып кеткенін көрсетіп отыр. Ресми статистикаға сүйенсек, 2020 жылы Қазақстанда 13,3 мың жол-көлік оқиғасы тіркелсе, 2025 жылдың қорытындысында бұл көрсеткіш 36,1 мыңнан асқан. Яғни небәрі бес жылда 2,7 есеге өскен. Ең алаңдатарлығы, осы уақыт ішінде көлік саны айтарлықтай артпаған. Демек, мәселе техниканың көптігінде емес, тәртіп пен жүйенің әлсіздігінде жатыр.
2026 жылдың қаңтар-ақпан айларының өзінде 4 мыңнан астам жол-көлік оқиғасының тіркелуі – алаңдататын айқын белгі. Апат салдарынан зардап шеккендер саны да жыл сайын үдей түсуде. 2020 жылдан 2025 жылға дейін жараланғандар 2,6 есеге артса, қаза тапқандар саны 16,7 пайызға көбейген. Бір ғана 2025 жылдың өзінде 49,2 мың адам түрлі жарақат алып, 2,3 мың адам көз жұмды. Ал биылғы жылдың алғашқы екі айында 5,6 мың адам жарақаттанып, 222 адамның өмірі қиылды.
Жылдар тізбегіне үңілсек, жағдайдың қалай күрт ушығып бара жатқанын анық көреміз. 2021 жылы – 13,9 мың, 2022 жылы – 14,8 мың, 2023 жылы – 15,9 мың, 2024 жылы – 31,6 мың, 2025 жылы – 36,1 мың жол-көлік оқиғасы тіркелген. Бұл – жай ғана сан өсімі емес. Бұл – бақылаудан шығып бара жатқан жүйенің көрінісі, қалыпты жағдайға айналып бара жатқан қауіпті үрдіс. Әрбір көрсеткіштің артында адам тағдыры тұрғанын ескерсек, бұл динамика тек статистикалық емес, әлеуметтік дабыл екенін түсіну қиын емес.
Зардап шеккендер статистикасы да көңіл көншітпейді. 2022 жылы 21,6 мың адам жол апатынан зардап шексе, 2023 жылы – 22,1 мың, 2024 жылы – 43,5 мың, ал 2025 жылы бұл көрсеткіш 51,6 мың адамға жеткен.
Халықаралық салыстыру жағдайдың қаншалықты күрделі екенін айқын аңғартып отыр. 2023 жылы жолдағы өлім-жітім коэффициенті Германияда 100 мың адамға шаққанда 2,6 болса, Қазақстанда бұл көрсеткіш 12,7-ге жеткен. Яғни төрт еседен астам жоғары. Орталық Азия мен ТМД елдері арасында Қазақстан осы көрсеткіш бойынша алдыңғы қатарда, бірақ бұл – мақтанатын емес, күйінетін “көшбасшылық”.
Салыстырмалы түрде алсақ, Түрікменстанда бұл көрсеткіш 5,1 болса, Тәжікстанда – 5,7, Ресейде – 8,4. Бұл айырмашылықтар кездейсоқ емес. Бұл – жүйелі жұмыстың, қатаң тәртіптің және қауіпсіздік мәдениетінің нәтижесі.
Дамыған елдер жол апаттарын тағдырға тапсырып қоймайды. Олар оның алдын алады. Жол қозғалысын сауатты ұйымдастырады, инфрақұрылымды уақытылы жаңартады, көшелерді таза ұстайды, қала сыртындағы жолдардың сапасын қатаң бақылайды. Ең бастысы, адам өмірін бірінші орынға қояды. Ал бізде көбіне себеп салдардан кейін ізделеді. Әр апаттан кейін ғана қозғалыс басталып, уақыт өте бәрі қайта ұмытылады. Бірақ статистика ұмытпайды. Ол жыл сайын қайта оралып, шындықты бетке басады.
Сарапшы мамандардың сөзіне сенсек, жолдағы қауіп – темірден емес, тәртіптен. "Рөлдегі жауапсыздық, жылдамдыққа әуестік, ережеге немқұрайлық – міне, негізгі себептер. Жол мәдениеті заңмен емес, сана деңгейімен өлшенеді.Сондықтан бұл мәселенің шешімі тек айыппұлмен немесе камерамен шектелмейді. Бұл – кешенді өзгерісті қажет ететін ұлттық деңгейдегі міндет. Жүйе түзелмей, тәртіп қалыптаспай, статистика да түзелмейді" дейді сарапшылар.
Қазақстан жолдарында орын алатын апаттардың маңызды бөлігі жол төсемінің кемшіліктерінен туындайтыны статистикамен дәлелденген. Ағымдағы жылдың қаңтар-ақпан айларында жол апаттарының 22,4%-ы жолға қатысты факторларға байланысты болса, 2025 жылдың басында бұл көрсеткіш 30,5%-ға жеткен. Қала ішіндегі және қала сыртындағы трассаларда жолдың тайғақтығы, шұңқырлар, жол жиегінің тегіс еместігі апаттардың жиі себебі болып отыр. Мысалы, 2025 жылы жол төсемінің тайғақтығынан болған жол-көлік оқиғалары 2024 жылмен салыстырғанда 2%-ға артқан, ал шұңқыр мен жолдың тегіс еместігінен туындаған апаттар бірнеше есе көбейген. Сонымен қатар жарықтандырудың аздығы мен жаяу жүргіншілер жолдарының болмауы да қауіптілікті айтарлықтай ұлғайтады.
Алайда тек жол сапасы емес, жүргізуші куәлігін алу жүйесіндегі жемқорлық та жол қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы жолдауында куәліктерді заңсыз сатып алу жолымен жол-көлік оқиғаларының өсуін атап өтті. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, 2026 жылдың басынан бастап Астана, Ақмола және Павлодар облыстарында жүргізуші куәліктерінің заңсыз сатылуы жүйелі түрде жүзеге асырылып келгені анықталды. Орта есеппен әрбір куәлік 1,6 миллион теңгеге сатылған. Бұл – жолда білімсіз жүргізушілердің жүретінін және өлімге әкелетін "конвейердің" бар екенін көрсетеді.
Мемлекеттік органдар бұл кемшілікті түбегейлі жоюға бағытталған шараларды енгізуде: емтихан сыныптары металл іздегіштермен, деректерді қорғау жүйелерімен, жалған медициналық анықтамаларды тексеретін жүйелермен жабдықталды. Бірақ сарапшылар мұны жеткіліксіз дейді: жүйелік жемқорлықты түпкілікті жою үшін куәлікті заңсыз бергендерді қатаң жауапкершілікке тарту керек.
"Жолда жүрген сайын үрейленемін. Қалада да, трассада да апат қаупі жоғары. Адамдардың көлікті басқаруға дайын еместігін көру қорқынышты. Куәлікті ақшаға алғандар жолға шығып, өз өмірін де, өзгелердің өмірін де қауіпке тігіп отыр. Мемлекет тек жол төсемін түзеп қана қоймай, жүргізуші даярлығына қатаң бақылау енгізуі керек", – дейді әлеуметтік желіде пікірін қалдырған Біржан Несіпбек есімді азамат.
Ал тағы бір әлеуметтік желі қолданушысы мынадай пікір қалдырыпты.
"Цифрландыру мен жүйені жетілдіру – жақсы бастама. Бірақ бастысы – адал ниет. Егер шенеуніктер мен әкімшілердің ниеті дұрыс болмаса, технология тек пара көлемін көбейтеді. Жолдағы қауіп тек жол сапасымен емес, адамның жауапкершілігімен өлшенеді", – дейді Ербол Сансызбаев.
Жолдағы әр қадамымыз – тек өзіміздің ғана емес, өзгелердің өміріне де әсер ететін жауапкершілік. Бір сәттік абайсыздық, бір ереженің бұзылуы ойламаған трагедияға апаруы мүмкін. Сол себепті әр әрекетімізді абайлап, ережеге сай, мәдениетті түрде жасау – тек заңды сақтау ғана емес, ол бір-бірімізге деген жанашырлықтың көрсеткіші. Сондықтан жолға шыққанда сапардың соңы мен салдары қандай боларын санада салмақтаған абзал. Байыпты қадам өзімізбен бірге өзгені де сақтайтынын ұмытпайық.

Арайлым ЖҮСІПОВА

31 наурыз 2026 ж. 115 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930