Вандализмге кім тоқтау қояды?
Кеше ғана жарық сәулесін төгіп тұрған аялдама бүгін қираған, кеше таза болған қабырға бүгін шимайға толған, ал кеше жайлы көрінген саябақ бүгін сынған орындықтармен ластанған. Соңғы кездері ауданда осындай жағдайлар жиілеп келеді. Нақтырақ айтсақ, Әйтеке би кентіндегі 5 квартал аймағын жалғайтын жаяу жүргіншілер көпірінде вандализм фактілері тіркелді. Белгісіз тұлғалар көпір қабырғаларын бүлдіріп, қоғамдық мүлікке зиян келтірген.Ең алаңдататыны, біз осындай көріністерге бой үйретіп барамыз. Таңғалмаймыз, қарсылық көрсетпейміз, тек үнсіз өтеміз. Әйтсе де, мұндай жағдайларға үнсіз қарап қана қою қауіпті. Қоғамдық мүлікті қорғау – әрқайсымыздың міндетіміз, ал жауапкершілік пен тәртіпке үйрету – біздің болашағымыздың кепілі.
Несін жасырайық, біз вандализмді көп жағдайда «ұсақ бұзақылық» деп қабылдаймыз. Сынған шам, бүлінген орындық, боялған қабырға – көзге үйреншікті көрініс. Бірақ мәселенің тереңіне үңілсек, бұл – қоғамдық тәртіптің әлсіреуі, жауапкершіліктің жоғалуы, ортақ құндылықтарға деген құрметтің төмендеуі.
Вандализмнің таралу себептерін зерттей келе, біз оның бір ғана факторға сүйенбейтінін, керісінше бірнеше фактордың өзара ықпалы арқылы өрістейтінін бағамдадық.
Біріншіден, отбасылық тәрбие әлсіреді. Егер балаға «бұл – болмайды» деген нақты шектеу қойылмаса, ол шекараны сезінбейді, қоғамдық орын мен жеке кеңістіктің айырмасын ажырата алмай өседі. Екіншіден, патриоттық сезімнің әлсіреуі. Өз қаласын, өз көшесін, өз елін шын жүректен сүйетін адам оны бүлдірмейді. Ал «бұл – менікі емес» деген сезім болса, адам немқұрайлы болып, зиян келтіруден тартынбайды.
Үшіншіден, жазасыздық факторын айтуға болады. Көп жағдайда мұндай әрекеттер жауапсыз қалады, ал жазасыз қалған қылық қайталануға бейім болады. Төртіншіден, қоғамдық бақылаудың әлсіздігі. Біз көріп тұрып үнсіз қаламыз, араласқымыз келмейді. Бірақ дәл осы бейтараптық – мәселені ушықтыратын басты себептердің бірі.
Кінәлі кім? Тәрбие ме, әлде жүйе ме? Мүмкін, біз ең бастыны ұмытып кеткен шығармыз. Өйткені қала – тек ғимараттар мен көшелердің жиынтығы емес. Бұл біздің өмір сүретін ортақ кеңістігіміз, ортақ үйіміз. Өкініштісі, біз сол ортақ үйге дұрыс иелік етпейміз, оны бағалай білмейміз.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, елордада бір жылдың ішінде қоғамдық мүлікті бүлдіру деректері бойынша 300-ден астам адам жауапкершілікке тартылған. Жалпы, 2025 жылы Қазақстан бойынша осы құқықбұзушылыққа қатысты 1 200-ден астам әкімшілік іс қозғалған.
Әлемдік тәжірибе вандализммен күресте қатаң шараларды қолданатынын білдік. Мысалы, Сингапурде вандализм ауыр құқықбұзушылық саналады: кінәлілерге айыппұл салынады, қамау жазасы қолданылады, кейде тіпті таяқпен жазалау шаралары қарастырылған. Ал Германияда айыппұл көлемі өте жоғары, сонымен қатар зиян келтірілген мүлікті кінәлілер өздері қалпына келтіруге міндетті және жастар арасында профилактикалық жұмыстар жиі жүргізіледі.
Қазақстанда да вандализм үшін заңнамалық жауапкершілік қарастырылған. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабына сәйкес ұсақ бұзақылық жасағандарға 20 АЕК көлемінде айыппұл немесе 5–15 тәулікке дейін әкімшілік қамау жазасы қолданылады. Ал егер зиян көлемі ірі болса, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 202-бабы бойынша 200 АЕК-ке дейін айыппұл немесе қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Қоғамдық мүлікті бүлдіру – немқұрайлылық пен жауапкершіліктің жоқтығының айқын көрінісі. Өкінішке орай, көптеген адамдар жалпыға ортақ мүлікті өзінікі сияқты бағаламайды, жауапкершілікті сезбейді және вандализмге қатысты келеңсіздіктерді көргенде елемей қалады. Осындай әрекеттер бір-бірімен жалғасқан немқұрайлылық тізбегін қалыптастырады. Егер бұл үрдіс тоқтамаса, салдары ауыр болуы мүмкін.
Біріншіден, қаланың көркі бұзылады. Таза, әдемі орта адамның өмір сапасына әсер ететіні белгілі. Ал бүлінген орта күйзеліске, немқұрайлылыққа итермелейді. Қираған жарық шамдары мен сынған құрылымдар қауіпсіздік деңгейін төмендетеді. Қоғамдық сана әлсірейді, ал бұзақылық қалыпты құбылысқа айналған кезде әлеуметтік мәселелер ушығып, шешімі күрделене түседі.
Мәселені шешу жолы туралы пікірлер әр түрлі. Бірі – бұл тек жеке адамдарға ғана байланысты емес дейді, ал енді бірі тәрбиесіздік пен қоғамдық сананың әлсіздігінен туындайтынын айтады.
Кент тұрғыны Нұрай Жетілгеннің ойынша, мәселенің түпкі шешімі бала тәрбиесінде жатыр.
«Балаға жастайынан жан-жағына жанашырлық танытуға, мемлекет мүлкін қадірлеуге үйрету қажет. Жалпыға ортақ дүниеге де оның жауапкершілігі бар екенін санасына сіңірген бала ғана жан-жағына қамқор болады», – дейді ол.
Ал Айзат Көпбаева бұл мәселеге қатысты ойын былайша жеткізді.
«Менің ойымша, вандализм – тек жеке адамдардың абайсыз әрекеті ғана емес. Бұл – қоғамдағы жауапкершіліктің әлсіреп, ортақ құндылықтарға деген құрметтің азаюының айнасы. Біз көріп тұрып үнсіз қалсақ, осындай әрекеттерді рұқсат еткендей болып саналамыз. Сондықтан әрбір адам өз қаласы мен ортаға жауапкершілікпен қарауы керек», – дейді кент тұрғыны.
Мирамкүл ШАМШАЕВА













