Қазақстанның балабақшаларында «ойыншыққа таласқан» бүлдіршіндерді татуластыратын мамандық пайда болды
Бұндай мамандар мектепте де, колледжде де жұмыс істейді

Фото: istockphoto.com

Фото: istockphoto.com
Оқу-ағарту министрлігі балабақша, мектеп және колледждерде медиация жүйесін іске қосып жатыр. Осы құрылымға енген тәрбиешілер балабақшадағы бүлдіршіндердің, мектептегі оқушылар мен студенттердің арасындағы, тіпті, ұстаз бен ата-ана арасындағы дауларды шешеді, деп жазады Azattyq Rýhy.
Министрліктің ресми сайты хабарлағандай, бұл қызметтің басты мақсаттарының бірі – буллингтің алдын алу.
«Бұл құрылымға енген мамандар балабақшада келіспей қалған балаларды татуластыру үшін тәрбиешілер мен ата-аналарға көмектеседі. Сондай-ақ, балалардың бойында кішкентай кезінен бастап тіл табысу, ойыншықтарын бөліп беріп, ортақ мәмілеге келу және жанжалдардан бейбіт жолмен шығу дағдыларын қалыптастырады», - деп сендірді министрлік.
Ал, колледждерде бұл тетік студенттер арасындағы араздықты шешуге, қорлық көрсету жағдайларына жол бермеуге және білім алушылар арасындағы қақтығыстарды азайтуға септігін тигізбек екен.
«Жұмыс біркелкі болуы үшін Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы әзірлеген әдістемелік ұсынымдар мен ережелер негізге алынады. Онда дауларды шешу мен агрессияның алдын алудың нақты жолдары жазылған», - деп хабарлайды министрлік.
Медиация тобының құрамына директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, педагог-психологтар, әлеуметтік мамандар, ата-аналар, қоғамдық ұйым өкілдері, сондай-ақ жас ерекшелігіне қарай білім алушылардың өздері де кіреді.












