Жеті сұлудың сарқырамасы
Фото: ашық дереккөзден алындыӘлемнің ашылмаған құпиясы мен қызығы таусылған ба? Мерекелік нөмірге дайындық барысында әйел затының қадір-қасиетіне қатысты тың дерек іздеп, ғаламтордың тереңіне бойлаған едім. Түсінгенім, табиғаттың талай ғажайыбын назардан тыс қалдырыппыз.
Жер бетіндегі тіршілік атаулыны «Табиғат-Ана» деп аялауымыздың астарында үлкен мән жатыр. Өйткені Ана – бәрінен биік, бәрінен қасиетті. Осы бір асыл ұғымды әлем халықтары жер-су, тау-өзен мен қала аттарына мадақ етіп қосқан.
Солардың бірі әрі бірегейі – Норвегиядағы «Жеті апалы-сіңілі» немесе «Жеті қарындас» сарқырамасы. Күміс таспасы көк аспанмен астасқан бұл сарқырама тек табиғаттың туындысы емес, әйел затына көрсетілген зор құрметтің символы іспетті. Нәзіктік пен қуатты қатар ұстаған осы бір табиғат туындысы туралы естігеніңіз бар ма еді?
Иә, Норвегияның інжу-маржаны саналатын Гейрангерфьорда жартастарындағы «Жеті апалы-сіңлі» сарқырамасының орны бөлек. Көк аспанмен астасқан биік құздан 250 метр биіктіктен құлап, жеті түрлі ағынмен тасқа соғылатын бұл сарқырама – алыстан қарағанда жеті арудың бұрымындай көрінеді. Сондықтан да жергілікті халық оны «Жеті қарындас» деп атайды. 2005 жылы ЮНЕСКО-ның алтын тізіміне енген бұл мұғжиза – әлемдегі ең сұлу су сарқырамасы саналуы да осыдан.
Сарқырама турасында тарихта түрлі аңыз бар. Көне заманда бір жас әрі өр мінезді Викинг өзіне жар іздеп жолға шығады. Тағдыр айдап, ол жеті бірдей сұлу қыз өсіп отырған отбасына тап болады. Қыздардың әдемілігі сондай – бірінен бірі өтеді. Жігіт қайсысын таңдарын білмей, басы қатады.
Ақыры, қолына аппақ «Қалыңдық жамылғысын» алып, «ертең келемін, сонда жүрегімнің қалауын айтамын» деп аттанады. Бірақ, ертеңіне келгенде де таңдау жасай алмай, дәрменсіз күй кешеді. Уақыт тоқтап, жігіт қарама-қарсы жартаста мөлт еткен жас болып, «Күйеу жігіт» сарқырамасына айналады. Ал оның қолындағы қалыңдыққа арналған пердесі желмен ұшып, жартастың бір шетіне ілініп, «Қалыңдық жамылғысы» деген атқа ие болған.
Жергілікті халықтың арасында бұл хикаяның тағы бір қызықты нұсқасы бар. Жеті сұлудың арасынан таңдау жасай алмаған, не болмаса қатал әкеден рұқсат ала алмаған күйеу жігіт таусылмас мұңға батып, қайғысын бөтелкемен бөліскен деседі. Расында да, бүгінде «Күйеу жігіт» сарқырамасына мұқият қарасаңыз, су ағындарының ортасынан бөтелкенің бейнесін анық көруге болады.
Жеті қарындас – мәңгілік жастық пен сұлулықтың нышаны, ал оған қарама-қарсы тұрған «Күйеу жігіт» дер кезінде шешім қабылдай алмаған өкініштің бейнесі. Бірақ соған қарамастан, олар ғасырлар бойы фьордтың екі жағалауында тұрып, су сылдырымен бір-біріне сыр айтып, махаббат дастанын жырлап келеді.
Арайлым ЖҮСІПОВА














