Тәрбие мен таным
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында Әйтеке би кенттік мәдениет үйінде «Таза аула – Таза аудан» атты мазмұны терең, тәрбиелік мәні зор іс-шара өтті. Табиғатты аялау, қоршаған ортаны қорғау және экологиялық мәдениетті қалыптастыруды мақсат еткен игі бастама көпшілікке ой салып, жауапкершілікке үндеді.Шараның прологы көрерменді бірден табиғат пен адам арасындағы нәзік байланысты сезінуге жетеледі. Жай әуенмен астасқан құстар үні, сахна төрінде ақ киім киген бала мен ақсақал бейнесі арқылы берілген көрініс – ұрпақтар сабақтастығы мен табиғатқа деген аманат ұғымын терең жеткізді. Экранда кезектесе көрсетілген ластанған және тазаланған табиғат көріністері көпшілікке үлкен ой салды. Ақсақалдың даналыққа толы сөзі мен баланың балғын сұрағы арқылы табиғаттың адамзатқа үнсіз ескертуі көркем түрде бейнеленді.
Прологтан кейін сахнаға тазалық жанашырлары шығып, тазалықтың тек сыртқы көрініс емес, ұлттың ішкі мәдениеті мен рухани деңгейінің айнасы екенін жеткізді. «Таза ел – қуатты ел», «Таза сана – кемел ұлт» деген ұрандар шараның негізгі идеясын айқындай түсті. Қолына күрек пен сыпырғы ұстаған жанашырлар символикалық түрде тазалық жасап, көрерменді нақты әрекетке шақырды.
Шараның ресми бөлімі жүргізушілердің мазмұнды сөзімен жалғасты. Олар «Таза Қазақстан» бастамасының бір күндік науқан емес, өмір салтына айналуы тиіс екенін атап өтті. Аудан көлемінде жыл бойы атқарылып жатқан абаттандыру, көгалдандыру, сенбілік жұмыстарының маңызы сөз болды. Әрбір тазаланған аула, әр егілген тал – болашаққа жасалған қамқорлық екені айтылды.
Мерекелік жиында аудан әкімі Алмасбек Есмаханов сөз сөйлеп, экологиялық мәдениетті қалыптастыруда мемлекет пен халықтың бірлескен іс-әрекеті ғана нақты нәтиже беретінін атап өтті. Сонымен қатар белсенді азаматтар мен мекемелерге алғыс білдіріліп, марапаттау рәсімі өтті.
Шара барысында мәдениет өнерпаздарының орындауындағы ән-күйлер көпшілікке ерекше әсер сыйлады. Балалар хоры орындаған «Табиғатты қорғайық» әні жас ұрпақтың табиғатқа деген жанашырлығын айшықтаса, халық әндері мен күмбірлеген күйлер ұлттық рухты асқақтатты. Әрбір өнер туындысы туған жерге, елге деген сүйіспеншілікті арттыра түсті.
«Таза аула – Таза аудан» мәдени іс-шарасы тек сенбіліктің қорытындысы ғана емес, экологиялық сана мен қоғамдық жауапкершілікті қалыптастыруға бағытталған тағылымды басқосу болды. Яғни тазалықты тәрбие арқылы, үлгі арқылы орнықтырудың жарқын көрінісі.
Қоршаған ортаның тазалығы – елдің келбеті, ұлт мәдениетінің өлшемі. Ауласын таза ұстаған адам – ел болашағына бейжай қарамайтын азамат. Осындай игі бастамалар әрбір жүректе жалғасын тауып, «Таза Қазақстан» идеясы халықтық қозғалысқа айналса, жарқын болашаққа бастар жол да айқын болмақ.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА














