Жарқын бастамаларға жол ашқан жүздесу
Жуырда «Руханият» орталығында аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тлеумбетовтің қатысуымен 27 ақпан - Дүниежүзілік үкіметтік емес ұйымдар күніне арналған мазмұнды кездесу өтті. Іс-шараға ауданымыздағы азаматтық қоғам өкілдері мен белсенді қоғамдық ұйым мүшелері қатысты.Кездесуде үкіметтік емес ұйымдардың қоғамдағы рөлі, әлеуметтік жобаларды іске асыру және мемлекет пен халық арасындағы өзара ықпалдастықты нығайту мәселелері талқыланды.
Жиында аудан әкімінің орынбасары Мемлекет басшысы – Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткен азаматтық қоғамды қолдау және қоғамдық диалогты дамыту бағытындағы бастамаларға кеңінен тоқталды. – Үкіметтік емес ұйым – әлеуметтік мәселелерді шешуде және азаматтық бастамаларды жандандыруда мемлекетіміздің ең сенімді тірегі. Өйткені, еліміз өз тәуелсіздігін алғаннан бері қоғамдық ұйымдар еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосуда.
Біздің ауданымызда да үкіметтік емес ұйымдар ел өміріндегі кез-келген шараға белсенді атсалысып, азаматтықтың жарқын үлгісін көрсетіп келеді. Бүгінде ауданымызда ресми тіркелген 35 қоғамдық бірлестік пен 12 қоғамдық қор болса, оның 25-тен астамы нақты жобалар мен бағдарламаларды белсенді іске асыруда. Мемлекеттің дамуына үлес қосқан азаматтарға лайықты құрмет көрсету – әрқашан басты мақсатымыз. Келер ұрпаққа берік, қуатты және әділ Қазақстанды қалыптастыру жолында тынымсыз еңбек етіп жүрген ауданымыздағы барлық Үкіметтік емес ұйымдардың өкілдеріне шынайы алғысымды білдіремін, – деді Дәурен Оңғарбайұлы.
Кездесу барысында бірқатар белсенді азаматтарға облыс және облыс әкімі орынбасарының, аудан әкімінің, Қоғамдық даму басқармасы басшысының «Алғыс хаттары» табысталып, ұйым өкілдері өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Мазмұнды кездесуде айтылған бастамалар алдағы уақытта да ауданымыздағы азаматтық қоғамның дамуына серпін берері анық.
«ҚАЗАЛЫ» ақпарат














