Топ-баннер
Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Елімізде 1 наурыздан бастап не өзгеретіні белгілі болды

Елімізде 1 наурыздан бастап не өзгеретіні белгілі болды

Фото: istockphoto
1 наурыздан бастап қазақстандықтардың өмірінде қандай өзгерістер болады? Baq.kz наурызбен бірге келетін өзгерістерге шолу жасады, деп хабарлайды turkystan.kz.

13 күн демалыс
Биыл наурыз айында қазақстандықтар 13 күн демалады. Көктемнің алғашқы айында Қазақстанда екі маңызды мемлекеттік мереке тойланады: 8 наурыздағы Халықаралық әйелдер күні мен Наурыз мейрамы.

8 наурызға байланысты демалыс тәртібі:
Бес күндік жұмыс аптасымен еңбек ететін азаматтар Халықаралық әйелдер күніне орай 7, 8 және 9 наурыз күндері демалады. Ал 10 наурыз – жұмыс күні болып есептеледі.
Алты күндік жұмыс кестесі бар қызметкерлер 8 және 9 наурызда демалып, 10 наурызда қайтадан жұмысқа кіріседі.

Наурыз мейрамындағы демалыс:
Биыл Наурыз мерекесі демалыс күндеріне сәйкес келгендіктен, қазақстандықтар 21–25 наурыз аралығында қатарынан бес күн тынығады.
Алты күн жұмыс істейтіндер үшін 21, 22, 23 және 24 наурыз – демалыс, ал 25 наурыз жұмыс күні болып қалады.

Ораза айт мерекесі
Қасиетті Рамазан айы биыл 19 ақпанда басталып, 19 наурызға дейін жалғасады. Қадір түні 16 наурыздан 17 наурызға қараған түнге тура келеді. Ал Ораза айт мерекесі 20 наурыз күні атап өтіледі.

ІІІ тоқсан аяқталады
Үшінші оқу тоқсаны жалпы саны 10 аптаға жоспарланған. Ал көктемгі демалыс 19 наурызында басталып, 29 наурызды қоса есептегенде 11 күнге жалғасады.

Ауа райы қандай болады?
Синоптиктер Қазақстан аумағына арналған 2026 жылдың наурыз айының алдын ала консультативтік ауа райы болжамын ұсынды. Мамандардың мәліметінше, ай жалпы алғанда салыстырмалы түрде жылы әрі жауын-шашынды болуы мүмкін. Дегенмен нақты ауа райы жағдайы атмосфералық үдерістердің өзгеруіне байланысты нақтыланады.

Болжам бойынша, елдің басым бөлігінде ауа температурасы көпжылдық орташа көрсеткіштен шамамен 1°C жоғары болады. Бұл қыс мезгілінің біртіндеп аяқталып, күнтізбелік көктемнің өз күшіне ене бастайтынын аңғартады.Наурыз айында көптеген өңірде жауын-шашын көлемі қалыпты деңгейден артық болуы ықтимал. Әсіресе таулы және тау етегіндегі аймақтарда: Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстары, Жетісу өңірі мен Шығыс Қазақстанда жауын-шашын жиірек түсуі мүмкін. Ал бірқатар өңірлерде оның мөлшері климаттық норма шегінде сақталады деп күтіледі.

Наурыз – қыс пен көктем тоғысатын кезең болғандықтан, ауа райы өңірлер арасында айтарлықтай ерекшеленеді. Елдің солтүстігінде салқын күндер әлі сақталуы мүмкін, ал оңтүстік аймақтарда көктемнің жылылығы біртіндеп сезіле бастайды.

Конституциялық референдум: басты саяси оқиға
15 наурызда қазақстандықтар жаңа Конституция жобасына қатысты өз таңдауын жасайды. Жалпыұлттық дауыс беру ел бойынша он мыңнан астам учаскеде ұйымдастырылады, оның ішінде шетелдегі дипломатиялық өкілдіктер жанында да арнайы орындар ашылады. Бірнеше мемлекет халықаралық бақылаушыларын жіберіп, референдум барысын қадағалауға қатысады.

Мүлік пен алиментке қатысты ережелер өзгереді
Наурыздан бастап азаматтық құқық саласында маңызды жаңалықтар енгізіледі. Енді ажырасқаннан кейін ортақ мүлікті бөлу мерзімі автоматты түрде есептелмейді. Үш жылдық мерзім адамның мүліктік құқығы нақты бұзылғаны белгілі болған сәттен бастап саналады. Бұл жасырылған немесе кейін анықталған активтерге қатысты дауларды шешуге мүмкіндік береді.

Соттар алиментті тек табыс пайызымен емес, тұрақты ақша сомасы ретінде белгілеу құқығына ие болды. Бұл әсіресе кәсіпкерлерге, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға және шетелде тұратын ата-аналарға қатысты қолданылады. Жаңа тәсіл төлемдердің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.

Борышкерлерге талап күшейеді
Егер қарыз алушының басқа мүлкі болмаса, сот енді тұрғын үйдің толық құнын емес, ондағы үлесін өндіріп алуға рұқсат бере алады. Бұл қарыздан жалтару жағдайларын азайтуға арналған шара ретінде енгізілді.

Мемлекеттік қызметшілер мен әскери қызметкерлерге жаңа талаптар
Жаңартылған нормаларға сәйкес, әскери қызметкерлер мен мемлекеттік қызметшілердің табыс әкелетін мүлкіне қатысты нақты шектеулер бекітілді. Кейбір пассив инвестицияларға рұқсат берілгенімен, кәсіпкерлік қызметке қойылатын тыйым сақталады. Ал табыс әкелетін активтер міндетті түрде сенімгерлік басқаруға өткізілуі тиіс.

Медициналық қызметкерлерді қорғау күшейтіледі
Қызметтік міндетін атқарып жүрген медицина қызметкерлеріне күш қолдану немесе қорқыту әрекеттері үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіледі. Жаза айыппұлдан бастап ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыруға дейін қарастырылған. Бұл өзгеріс жедел жәрдем қызметкерлерінің қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.

Банк және қаржы секторындағы жаңалықтар
Наурыз айында банк жүйесін реттейтін заңның бір бөлігі күшіне енеді. Цифрлық қаржылық активтер заңды қаржы құралы ретінде енгізіліп, исламдық банкинг операцияларының құқықтық негізі нақтыланады. Сонымен қатар банктердің нарыққа кіру талаптары мен бақылау тетіктері жаңартылады.

Бизнес үшін жаңа талаптар мен жеңілдіктер
1 наурыздан бастап салық режимін таңдамаған кәсіпкерлер автоматты түрде жалпы режимге көшіріледі. Ал еңбек шарттарын тіркеу жүйесіндегі қателіктер үшін әкімшілік жауапкершілік енгізіледі.
Сонымен қатар шағын және микро бизнес үшін салық берешегі толық өтелген жағдайда бұрын есептелген өсімпұлдар мен айыппұлдарды есептен шығару жалғасады.

Қоғамдық тәртіп пен экологияға бақылау күшейеді
Енді жергілікті әкімдіктер қоғамдық орындарды ластау және абаттандыру ережелерін бұзу фактілері бойынша хаттама толтыру құқығына ие болады. Бұл қалалар мен ауылдардағы тазалықты бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді.

Сапар және көлік саласындағы өзгерістер
Наурыздан бастап бірқатар жаңалықтар енгізіледі:
Алматы мен Атыраудан Баку қаласына тікелей әуе рейстері қайта іске қосылады;
Египетке кіру визасының құны өседі;
FlyArystan тегін қол жүгінің салмағын 7 келіге дейін арттырады;
мереке кезеңінде теміржол билеттеріне берілетін кей жеңілдіктер уақытша тоқтатылады.


28 ақпан 2026 ж. 52 0

Еңбегі елдің есінде

28 ақпан 2026 ж. 51

Қарғыс ұратыны рас па?

28 ақпан 2026 ж. 37

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
232425262728