ТАЛСУАТТА АТА ЗАҢ ЖОБАСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Бүгін Талсуат ауылдық округінде ел болашағына бейжай қарамайтын азаматтардың басын қосқан мазмұнды кездесу өтті. Ауыл тұрғындары жаңа Конституция жобасын талқылап, ашық форматта пікір алмасты. Кездесуге «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы» үшін құрылған жалпыұлттық коалицияның өңірлік филиалы мүшелері Серік Дүйсенбаев, Ибадулла Құттықожаев, Мейрамбек Есжанов, Ержан Искендер және Дәурен Сейтжанов қатысып, Ата заң жобасындағы өзгертілген нормалардың маңызын кеңінен түсіндірді.
Облыстық коалиция мүшесі Серік Әбішұлы өз сөзінде бұл бастаманың түпкі мақсаты – әділетті қоғам қалыптастыру екенін атап өтті.
«Біз заң үстемдігі орныққан, халық үні ескерілетін мемлекет құруды көздейміз. Жаңа Конституция жобасы осы стратегиялық бағыттың берік құқықтық негізін қалайды. Құжатта азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктері күшейтіліп, билік тармақтарының тепе-теңдігі мен жауапкершілігі айқындала түскен. Бұл – еліміздің ұзақ мерзімді дамуына бағытталған нақты қадам», – деді ол.
Сонымен қатар, жаңа заң жобасында әлеуметтік әділеттілік, еңбек адамының мүддесін қорғау, білім мен денсаулық сақтау салаларының қолжетімділігін арттыру, мемлекеттік басқарудың ашықтығы мен тиімділігін күшейту мәселелері жөнінде пікірін жеткізді.
Қалалық коалиция жетекшісі Ибадулла Құттықожаев референдумның тарихи маңыздылығына тоқталды.
«Референдум – халықтың тікелей ерік білдіруінің айқын көрінісі. Бұл науқан әр азаматқа ел тағдырына қатысты шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Жаңа Конституция заңнаманы жаңғыртып, оны заман талабына сай жетілдіруге жол ашады. Құжаттың ана тілімізде, түсінікті түрде ұсынылуы – құқықтық мәдениетті арттырудың маңызды қадамы», – деді ол.
Жиында айтылғандай, жаңа Конституция жобасы – қоғам сұранысынан туындаған, кең талқылаудан өткен маңызды бастама. Ол азаматтардың мемлекет басқару ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтіп, әділ әрі жауапты басқару моделін орнықтыруға бағытталған.
Кездесу соңында тұрғындар 15 наурыз күні өтетін республикалық референдумға белсенді қатысуға шақырылды. Себебі ел болашағына қатысты таңдау жасау – әрбір азаматтың жауапкершілігі.












