Топ-баннер
Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Мұсылманның мүмкіндік айы

Мұсылманның мүмкіндік айы

Жыл он екі айдың ішіндегі ең қайырлысы, парасат пен төзімнің мектебі болған қасиетті Рамазан айы табалдырығымызды аттады. Бұл кезең – адамзат баласының тек тәнін ғана емес, жанын да тазартатын, игі істерде жарысатын, ішкі әлемге үңілетін қасиетті уақыт.
Ораза ұстауды кей адам тек таңнан кешке дейін ішіп-жеуден тыйылу деп түсінуі мүмкін. Алайда оның мәні әлдеқайда тереңде жатыр. Алдымен адам баласы өз қалауын шектей отырып, ерік-жігерін шыңдайды. Бұл – қазіргі қарбалас заманда бізге керек ең қажетті қасиеттердің бірі. Бүгінде әлемдік медицина «интервалды ашығудың» ағзаны улы заттардан (токсиндерден) тазартып, жасушаларды жаңартатынын мойындап отыр. Демек, ораза – тәнге де шипа. Қайырымдылық – қоғам бірлігінің негізі. Рамазан айының әлеуметтік маңызы зор. Ораза ұстаған адам аштықты сезіну арқылы мұқтаж жандардың күйін түсінеді. Бұл жүректе мейірім мен жанашырлықты оятады. Санаға «шүкіршілікті» әкеледі. «Көршісі аш кезде тоқ жатқан бізден емес» деген қағиданы ұстанған халқымыз бұл айда ауызашар беріп, зекет пен пітір садақасын таратып, жетім мен жесірге қарайласуды парыз етті. Қош. Нағыз ораза қандай болмақ?
Нағыз ораза – тек асқазанның емес, бүкіл болмыстың тыйылуы. Оның ішінде тіл оразасы – өтірік айтпау, ғайбат сөйлемеу, біреудің сыртынан сөз тасымау. Көз оразасы – жамандыққа қарамау, арам істерден іргені аулақ салу. Жүрек оразасы – кек сақтамау, тәкаппарлықтан арылу, баршаға жақсылық тілеу, кешірімді болу.
Өткенге көз тастап көрейікші, қазақ халқы оразаны қалай ұстады? Бір қызығы, 19-ғасырдың екінші жартысында қазекемнің қасиетті Рамазан айындағы өмірі туралы жол жазбаларында әртүрлі бақылауларды кездестіруге болады. 1865 жылы Лев Мейер құрастырған «Ресейдің географиясы мен статистикасына арналған материалдарда» қазақтар үнемі дұға еткені, бірақ оразаны қатаң сақтамағаны жазылыпты: «Қырғыздардың дұғаларынан таңертең таңертең және кешке ерекше маңызды болып саналады. Бірақ ораза ұстаушылар аз, әсіресе қарапайым адамдар».
19-ғасырдағы орыс әдебиетіндегі қырғыздар қазақтар деп аталды. Әскери шенеунік Николай Фридерикстің «Түркістан және оның реформалары. Куәгерлердің жазбаларынан» (1869) басқа сурет пайда болады. Мұнда қазақтар, керісінше, оразаның нұсқамаларын қатаң ұстанған: «Ораза айы бойы қырғыздардың барлығы дерлік күні бойы, кешке дейін, тамақсыз, тіпті бір жұтым сусыз қалды. Құран жолда ораза ұстамауға мүмкіндік береді, бірақ суыққа қарамастан бізбен бірге болған қырғыздар күн батқанға дейін үнемі ораза ұстады» делінген.
Әр түрлі тарихи кезеңдерде ауызашар отбасылық, рулық және салттық дастарқан ретінде қабылданды. Этнограф Тәттігүл Картаеваның айтуынша, тіпті ең бай және асыл қазақтар арасында да ол қарапайым отбасылық дәстүр болып қала берді. Ауызашарға 100-200 адамды шақырып, оны жаппай қоғамдық мерекеге айналдыру дәстүрі біздің заманымызда қалыптасқан дейді этнограф.
Қазір ауызды құрмамен ашу әдетке айналған, бірақ бұрын қазақтар ауызашарды құрт пен ірімшіктен бастаған екен. Кұрт ағзадағы су-тұз балансын қалпына келтіруге көмектеседі делінсе, сәресінде еріген сары майға малынған немесе араласқан талқанды жеген. Бұл күні бойы тоқ жүруге себепші болған.
Кішкентайымыздан үлкендер мұсылмандықтың парызын орындауда санамызға сіңірген үлгі-өнегелері көп. Ол кезде Кеңес заманы болса да ораза, намазын өле-өлгенше тастамағандарды көз көрді. Құдай жоқ деп оқытқан атеистік заманда да қазекем иманды жүрекке сақтаған еді ғой. Құдай жоқ деп жар салған уақытта да ауылдың кіттәй кемпірлері оғаш мінез байқаса «астапыралла» деп отыратын. Қандай қиындық көрсе де жаратқанға «шүкір, Аллаға тәубе» деп Құдайдың бар екенін ұрпағының есіне жиі салып отырды. Құдайдан қорқып, тілін кәлимаға келтіріп, жан тазалығын сақтаған, жоқшылықта да, тоқшылықта да дініне, діліне берік болған ата бабамыз обал-сауаптың не екенін тәрбиемен көрсетті. Жүректегі имандылық, ақыл-ой, парасаттылықтың барлығы барша мұсылман бауырлардың ажырамас бөлігі болуы тиіс.
Рамазан – рақым айы. Алла Елшісі: «Кімде-кім рамазан айында шынайы сеніммен, сауабын бір Алладан үміт етіп, ораза ұстаса, бұрын-соңды жасаған күнәлары түгелдей кешіріледі», деген. Қасиетті айдың құрметі үшін бір-бірін кешіріп, мейірімділік жолын ұстанған пенделер сауапқа кенеледі. Өзгеге мейірім көрсеткен адамға Жаратқан оны мейіріміне бөлейді. Кешіргенге – кешірім жасалады. Жақсылықтың сыйы – тек қана жақсылық. Алла баршамыздың ниетімізді қабыл етіп, жақсылыққа жолығуымызды нәсіп етсін!

Айнұр ӘЛИ
Фото: Жасанды интеллект
21 ақпан 2026 ж. 26 0

Алпамыс баба ғибраты

21 ақпан 2026 ж. 23

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
232425262728