Әлеуметтік желіде ауызашардың жарысқан бейнелері көбейіп кетті – Бигелді Ғабдуллин
Жазушының пікірінше, ауызашар той емес

Фото: istockphoto.com

Фото: istockphoto.com
Танымал жазушы Бигелді Ғабдуллин әлеуметтік желідегі жеке парақшасында Рамазан айының қадір-қасиеті мен осы айдағы рухани құндылықтар туралы ойын жазған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Айта кетейік, 2026 жылы қасиетті Рамазан айы 19 ақпанда басталып, 20 наурыз бітеді.
«Рамазан тоқтау айы. Бұл тәннің емес, ең алдымен ой мен ниеттің тоқтауы. Адам осы кезеңде күнделікті әдеттің автоматизмінен шығып, өзіне мұқият үңіле бастайды: сөздеріне, іс-әрекетіне, ниетіне, жүрегін не нәрсе қозғап тұрғанына назар аударады. Сондықтанда Рамазанда адамгершілік мінез-құлықтың мәні айрықша артады. Ораза - таңнан кешке дейін ішіп-жеуден тыйылу ғана емес. Бұл өз-өзіңмен жұмыс, иманды күшейту, сабыр мен өзін-өзі бақылауды дамыту, дөрекіліктен, өтіріктен, өсек пен бос сөзден аулақ болу. Маңыздысы - адамның не жемегені емес, не айтпағаны, не ойламағаны, жүрегіне нені жолатпағаны», - деп жазған Ғабдуллин.
Оның айтуынша, бұл айда адам тамағын ғана емес, тұтынып жатқан ақпараты мен әртүрлі эмоциялар да тыйып үйрену керек.
«Қазақстандағы отбасылар үшін Рамазан дәстүрлі түрде әлеуметтік байланыстарды нығайтатын кезеңге айналады. Бірге ауызашар жасау, жақындарға көңіл бөлу, достарды, көршілерді, әріптестерді үйге шақыру - ораза ұстамаса да, адамға деген құрметтің көрінісі. Ауызашардың құндылығы дастарханның молдығында немесе жұмсалған қаржыда емес, ортақ ас пен қасиетті айдың берекесін бөлісе алуында», - дейді ол.
Өкінішке қарай, жазушы жазғандай, кейде Рамазан айының осы мән-мағынасы көлеңкеде қалып жатады.
«Әлеуметтік желілерде жыл сайын ауызашар дастархандарының сән-салтанатымен жарысқан бейнелер көбейіп келеді. Ауызашарды жарысқа, тіпті бәсекеге айналдыру - оның рухына қайшы. Бір жағынан, мол қаражат жұмсап, екінші жағынан тұрмысына шағымданатын жандарды көру де ойландырады. Негізінде ауызашар - той емес. Ол - тыныш әрі терең мәні бар рәсім. Мұнда қарапайымдылық, шынайылық және дұға мен ойға көбірек уақыт бөлу маңызды. Көрсетпелі молшылық оразаның негізгі идеясына - сабыр мен шектеуге - қайшы келеді. Рамазан сыртқы әрекеттер айы емес, ішкі өзгеріс айы. Оның басты мәні де осында: осы ай аяқталған соң адам аз да болса өзгеріп, сабырлырақ, адамдарға мұқият, өз-өзіне адалырақ болып шықса - оразаның жемісі сол. Ал егер ондай өзгеріс болмаса, онда ең маңызды нәрсе назардан тыс қалғаны», - дейді жазушы.













