Топ-баннер
Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Рамазан айында тауарды қымбаттатқандар қатаң жазалана бастады

Рамазан айында тауарды қымбаттатқандар қатаң жазалана бастады

Әңгіме Тәжікстандағы тәртіп туралы болып отыр.
Фото: Жасанды интеллект негізінде жасалған
Аймағымыздағы діндес мемлекеттің билігі қасиетті айда бағаны қолдан өсіргендерді темір торға тоғытып, қатаң тәртіп орнатуға көшті. Ал, біздегі ахуал қалай? Сауап іздеген кәсіпкер мен пайда көздеген алыпсатардың аражігін кім ажыратады?
Күнделікті күйбең тіршіліктің ағысы, пайдакүнемдік, алдау-арбау және басқа қарау тірліктердің барысы Рамазан айы келгенде басқа арнаға бұрылуға тиіс еді. Алайда "сұраныс артты" деген желеумен бағаны шарықтату – үйреншікті, бірақ ұятты үрдіске айналған. Биыл Тәжікстан билігі бұл олқылықтың орнын заң тегеурінімен толтыруды жөн көрген сыңайлы.
Осы орайда тәжік елі тәртіп пен тағылым бойынша төл тәжірибесін ұсынды. Ел Үкіметі кәсіпкерлерге қасиетті Рамазан айында тауарларын негізсіз қымбаттатуға қатаң тыйым салды. Бұл талапты аяққа таптағандар табылып, тиісті жазаға тартыла бастады.
Полиция ет бағасын өсірген 2 саудагерді ұстады, деп хабарлады Asia-Plus. Олар 4тәулікке қамауға алынды.
Душанбе қаласының полиция қызметкерлері жүргізген тексеру барысында тәжік астанасының Сино ауданындағы Ж.Расулов көшесінде орналасқан "Магозаи гушт" дүкенінде ет сатқан Абдулазиз Абдуллоев пен Фирузджон Махмадуллоны тұтқындады.
"Олар азаматтардың сұранысы өскенін пайдаланып, өнім бағасын негізсіз көтеріп жіберген. Ұсталғандарға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтырылды және Сино аудандық сотының шешімімен әрқайсысына 4 тәулік әкімшілік қамау жазасы тағайындалды", – делінген Душанбе қалалық ІІМ басқармасының хабарламасында.
Қылмысы әшкереленген алыпсатарлардың етті нақты қандай бағамен сатқаны жөнінде мәлімет жарияланбады. Бірақ бұл құқық қорғау ұйымдарының құрғақ ескертуден нақты іске көшкенінің көрінісі.
Душанбе ІІМ басқармасы кәсіпкерлерге бағаны негізсіз өсіруден бас тарту керектігін тағы да еске салып, бұл бағыттағы тексеру шаралары жалғасатынын әрі күшейтіле беретінін мәлімдеді.
Осының қарсаңында, 18 ақпан күні Душанбе қалалық ІІМБ кәсіпкерлер мен саудагерлерді қасиетті Рамазан айында азық-түлік бағасын негізсіз көтермеуге шақырған болатын. Ведомство Рамазанның мейірім мен ізгілік айы екенін, осы кезеңде бағаны қолдан өсіру адамгершілік қағидаттары мен рухани құндылықтарға да қайшы келетінін еске салды.
Саудагерлер, кәсіпкерлер мен жеткізушілер баға тепе-теңдігін сақтап, адал еңбек етуге міндеттелді. Заң бұзушылық анықталған жағдайда, қолданыстағы заңнамаға сәйкес шаралар қолданылатыны ескертілді.
Бұған дейін Рамазан айына орай жасаған құттықтау үндеуінде ел Президенті Эмомали Рахмон тауарларды сатып алу-сату барысында әділ болуға, ысырапшыл дастарқан мен шамадан тыс тамақтанудан тыйылуға үндеген еді.
Президент қасиетті айда жасалған ізгі амалдардың сауабы өзге уақыттармен салыстырғанда әлдеқайда көп, еселеніп жазылатынын қаперге салды.
Эмомали Рахмон Рамазанның тағылымын терең түсінетін Тәжікстан халқы елдің гүлденуі мен ұлттық бірлікті нығайту жолында аянбай еңбек ете беретініне сенім білдірді.
Қазақстандағы сияқты, Орталық Азиядағы бұл елде де ет әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарлары (ӘМАТ) қатарына жатады. Ұлттық заңнама бойынша мемлекет сауда үстемесін шектеуге немесе бөлшек саудадағы ең жоғарғы бағаны белгілеуге құқылы.
Егер сатушы өз үстемесін шектеулерден асырса, бұл баға қалыптастыру тәртібін бұзу болып саналып, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 555-бабы бойынша хаттама толтыруға және жазалауға негіз болады.
Ақпарат құралдарының мәліметінше, Душанбе базарларында сүйегі бар сиыр етінің 1 келісі 100 сомони (шамамен 5 300 теңге), таза кесек еті – 145 сомониға (шамамен 7,6 мың теңге) дейін барады.
Баға көтерілуіне қатысты жағдай Қазақстанда да күн тәртібінде күйіп тұр. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы амалсыз, жылдағы дәстүр бойынша бизнес өкілдеріне жүгініп, ең болмаса Рамазан айында бағаны көтермеуді сұрап, жүректерге жол іздеді.
"Аса рақымды, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Барлық мақтау әлемдердің Раббысы Аллаға тән! Ардақты Пайғамбарымызға Алланың салауаты мен сәлемі болсын! Ораза – ең алдымен жүректің амалы. Рамазан – жүректі тазартуға, ниетті түзетуге, нәпсіні тәрбиелеуге және тақуалыққа жетуге мүмкіндік берілген қасиетті ай. Оразаның шынайы рухын түсінген адам ас пен судан тыйылуды басты мақсат етпейді. Ауыз бекітудегі негізгі мақсат – жүректі Аллаға жақындатып, ой мен жүректі түрлі дерттен тазалау, ішкі жан дүниені көркем мінезбен безендіру", – деді Бас мүфти Наурызбай қажы.
Ол сан ғасырдан бері Ислам дінін рухани тірегі еткен халқымыз берекелі Рамазан айын ерекше дайындықпен күтетінін еске салды. Сауаптар еселеніп жазылатын айда мұсылман жамағат ауызашар беріп, көмекке мұқтаж жандарға қайырымдылық жасап, үлкендердің алғысы мен батасын алуға тырысады.
"Осы ретте барша отандастарымды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қасиетті айда ұйымдастыратын қайырымдылық іс-шараларына үлес қосуға шақырамын. Кәсіпкерлерді әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасына жеңілдік жасауға үндеймін! Рамазан айына тура келген құдайы астарды ауызашар уақытында өткізіп, көбірек сауап алуға тырысайық!" – деді үндеді Бас мүфти.
Оның байламынша, қоғамдық тамақтану орындарында ауызашар мәзірін халыққа ыңғайлы бағамен ұсыну да – сауапты істің бірі.
"Дүкендерде күллі жамандықтың бастауы болған арақ-шарап сатылмаса деген тілегімізді жеткіземіз. Берекелі, сауабы мол айда Алланың мейіріміне бөленіп, әрбір ізгі амалымыздың жақсылығы еселеніп жазылғай!", – деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.
Әрине, кәсіпкерлердің "күллі жамандықтың бастауы" болған арақ-шарап сатудан бір айға болса да, жаппай бас тартқаны байқалмайды. Дегенмен, көңілге медеу боларлық нышандар да жоқ емес.
Рамазан айының шарапатының арқасында көпұлтты Қазақстан халқы игілікті сезініп, бір жасап қалмақ. Мәселен, бірқатар бизнесмендер ұлтына және дініне қарамастан, барлық қалаған жанға талон таратып, тегін тамақ бергізуде. Бұл енді, Рамазанның біздің қоғамдағы "жұмсақ күші".
Астана қаласының өзінде ірі гипермаркеттер желісі, дәмханалар мен кейбір мейрамханалар орта есеппен 1000-1500 теңге аралығында толыққанды тамақтану мүмкіндігін ұсына бастады. Бұл да қасиетті айдың бір берекесі болса керек.
Рамазан – тек құлшылық айы ғана емес, қоғамның адамгершілік деңгейін айқындайтын кезең. Бір елде әділдік заңмен қорғалса, екінші елде ол ар-ожданға тапсырылған. Алайда қай тәсіл қолданылса да, басты өлшем – халықтың әлеуметтік жағдайы мен әділеттілік принципі болуға тиіс. Қасиетті айдың рухына сай әрекет ету – ең алдымен билікке де, бизнеске де, әрбір азаматқа да ортақ жауапкершілік.
20 ақпан 2026 ж. 38 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
232425262728