Еуроодақ Google-дың жарнама бағасы үшін сотқа бермек
pexels.com Тергеу расталса, айыппұл көлемі компания табысының 10 пайызына дейін жетуі мүмкін. SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Еуроодақта Google компаниясына қатысты тағы бір ірі антимонополиялық тергеу басталуы мүмкін.
Бұл жолы мәселе іздеу жүйесіндегі жарнама бағасын қалыптастыру тәжірибесіне байланысты. Еурокомиссия америкалық техногигант Google жарнама аукциондарында бағаны жасанды түрде көтеріп, жарнама берушілердің мүддесіне нұқсан келтіруі мүмкін деп күдіктеніп отыр. Тергеу Еуропалық комиссия аясында жүргізіліп жатыр. Қазіргі кезеңде Еуроодақтың бәсекелестік жөніндегі органдары ықтимал зардап шеккен жарнама берушілерге ресми сауал жолдаған. Реттеуші органның пайымдауынша, Google іздеу жүйесіндегі жарнаманы орналастыру шарттары арнайы аукцион арқылы анықталады. Дәл осы аукциондарда баға нарықтық тетіктерден тыс көтеріліп, жарнама берушілер артық төлем жасауға мәжбүр болуы мүмкін. Егер мұндай тәжірибе дәлелденсе, компанияға әлемдік жылдық айналымының 10 пайызына дейін айыппұл салынуы ықтимал. Тергеу әзірге бастапқы сатыда. Алдағы уақытта бұл істің ресми басталғаны жөнінде Еуроодақтың бәсекелестік саясатына жауапты комиссары Тереса Рибера мәлімдеуі мүмкін. Google-дың бас компаниясы – Alphabet бұл мәселеге қатысты өз ұстанымын білдірді. Компания өкілдерінің айтуынша, іздеу жүйесіндегі жарнама шағын бизнеске ірі брендтермен тең бәсекелесуге мүмкіндік береді, ал жарнама бағасы нақты уақыттағы ашық аукцион арқылы анықталады. Alphabet жарнама көрсету кезінде тек баға емес, жарнаманың сапасы мен өзектілігі, сондай-ақ нарықтағы бәсеке деңгейі ескерілетінін алға тартады. Аталған тергеу туралы ақпаратты Bloomberg таратты. Айта кетейік, Google бұған дейін де Еуроодақта бірнеше рет ірі айыппұлға тартылған. Компания интернет-сауда саласындағы бұзушылықтар үшін, мобильді операциялық жүйе нарығындағы үстем жағдайы үшін және жарнама технологиялары бойынша бәсекеге кедергі келтіргені үшін жауапқа тартылған. Бұған дейінгі санкциялардың жиынтық көлемі 9,5 млрд еуроға жеткен. Сонымен қатар Еуроодақ билігі Google-ға жасанды интеллектке негізделген балама іздеу жүйелеріне өз инфрақұрылымына қолжетімділік беруді және басқа іздеу сервистеріне пайдаланушылар туралы кеңейтілген деректер ұсынуды міндеттеген. Компания өз сервистеріне артықшылық беру, қосымшалар әзірлеушілер үшін үшінші тараптың төлем жүйелерін пайдалануды қиындату, сондай-ақ кейбір ақпарат көздерінің іздеу нәтижелеріндегі орнын төмендету фактілері бойынша да сынға ұшырап отыр.














