Материалдық жауапкершілік туралы шарт болмаса да, қызметкер келтірілген залалды өтеуге міндетті ме
Фото: pixabayҚызметкермен материалдық жауапкершілік туралы шарт жасалмаса да, ол жұмыс берушіге келтірілген залалды өтеуге міндетті. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде түсіндірілді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Министрлік мәліметінше, Еңбек кодексінің 123-бабы 3-тармағына сәйкес қызметкер жұмыс берушіге келтірілген тікелей нақты залалды өтеуге міндетті.
Кодекстің 123-бабының 8-тармағында қызметкерге келтірілген залал үшін толық мөлшерде материалдық жауапкершілік жүктелетін жағдайлардың нақты тізбесі көрсетілген.
Оларға мыналар жатады:
жазбаша толық материалдық жауапкершілік шарты негізінде қызметкерге сеніп тапсырылған мүлік пен өзге де құндылықтардың сақталуын қамтамасыз етпеу;
біржолғы құжат бойынша есепке алынған мүлік пен құндылықтардың сақталуын қамтамасыз етпеу;
алкогольдік, есірткілік немесе уытты масаң күйде (олардың ұқсастары) залал келтіру;
материалдардың, жартылай фабрикаттардың, бұйымдардың (өнімнің), сондай-ақ құралдардың, өлшеу аспаптарының, арнайы киімнің және жұмыс беруші немесе қабылдаушы тарап қызметкердің пайдалануына берген өзге де заттардың жетіспеушілігі, қасақана жойылуы немесе бүлінуі;
бәсекелестікке жол бермеу туралы талапты бұзу салдарынан жұмыс берушіге немесе қабылдаушы тарапқа залал келтіру;
еңбек, ұжымдық шарттарда немесе қабылдаушы тарап актілерінде көзделген өзге де жағдайлар.
Қалған жағдайларда өтелуге тиіс залал мөлшері нақты келтірілген тікелей залал көлемімен айқындалады. Бұл ретте жұмыс беруші келесі жайттарды дәлелдеуі қажет: залал келтірілген факті, оның мөлшері, қызметкердің кінәсі және қызметкердің әрекеті (әрекетсіздігі) мен келтірілген залал арасындағы себеп-салдарлық байланыс.
Осылайша, толық материалдық жауапкершілік туралы шарттың болмауы немесе Кодекстің 123-бабы 8-тармағында көзделген негіздердің болмауы қызметкерді залалды өтеу міндетінен босатпайды. Залалды өтеу мөлшері әрбір нақты жағдайда нақты мән-жайлар мен дәлелдерге қарай айқындалады.
Сонымен қатар, Еңбек кодексінің 123-бабы 5-тармағына сәйкес қалыпты өндірістік-шаруашылық тәуекелге жататын залал үшін қызметкерге жауапкершілік жүктеуге жол берілмейді.













