Нипах вирусы: дәрігерлер сапарға шығатын қазақстандықтарға ескерту жасады
Фото: freepik.comДенсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Оңтүстік-Шығыс Азияның эндемиялық елдеріне сапарлауды жоспарлаған қазақстандықтарға бірқатар кеңес берді.
Нипах вирусының алдын алу және оның әкелінуіне жол бермеу үшін туристерге дәрігерлердің кеңесіне құлақ түру ұсынылды.
Атап айтқанда:
жарқанаттармен, шошқалармен және басқа да жануарлармен байланыстан аулақ болу;
жеке гигиена ережерін сақтау, қолды сабынмен жиі жуу немесе антисептиктерді қолдану;
тек қауіпсіз ауыз суды пайдалану;
шикі құрма шырынын ішпеу және жануарлар ластауы мүмкін өнімдерді тұтынбау;
жемістер мен көкөністерді тұтынар алдында мұқият жуу және тазалау.
«Ауру белгілері, мысалы, жоғары температура, жөтел немесе қатты бас ауруы пайда болған жағдайда дереу дәрігерге жүгіну қажет», – деп ескертеді ведомство өкілдері.
Еске салсақ, бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі ел аумағында бұл вирусты жұқтыру немесе оны шетелден әкелу жағдайлары тіркелмегенін хабарлаған еді. Дегенмен сақтық шарасы ретінде мемлекеттік шекарадағы барлық өткізу пункттерінде санитариялық-карантиндік бақылау күшейтілді.












