"Емі мен вакцина жоқ": Денсаулық сақтау министрлігі Нипах вирусына қатысты мәлімдеме жасады
Фото: pixabay.comДенсаулық сақтау минристрлігі Үндістанда тараған қауіпті Нипах вирусын жұқтыру жағдайлары Қазақстанда тіркелмегенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Министрліктің мәліметінше, бұл вирусты жұқтыру, оны ел аумағына әкелу жағдайлары тіркелмеген.
“Қазіргі уақытта елдегі эпидемиологиялық жағдай тұрақты және бақылауда. Сонымен қатар, профилактика мақсатында және Үндістандағы Нипах вирусы бойынша эпидемиологиялық жағдайға байланысты Денсаулық сақтау министрлігі Мемлекеттік шекара арқылы барлық өткізу пункттерінде санитариялық-карантиндік бақылауды күшейтті.
Үндістаннан және ауру тіркелген Оңтүстік-Шығыс Азияның басқа елдерінен келген адамдарға ерекше назар аударылады. Осы инфекция бойынша қолайсыз елдердің тізбесі тұрақты негізде қайта қаралады және жаңартылады”, – деді ведомство.
Министрлік сонымен қатар, егер инфекция бізге жеткеннің өзінде медициналық ұйымдардың дайын екенін алға тартты.
“Шұғыл медициналық көмек және инфекциялық стационарлар бригадаларының дайындығы қамтамасыз етілді. Дәрілік заттардың, жеке қорғану құралдарының және дезинфекциялау құралдарының азайтылмайтын қорлары қалыптастырылды. Инфекцияның таралуын алдын алу үшін эндемиялық елдерге сапарға шығатын адамдарға жеке профилактика шараларын сақтауы ұсынылады. Сапардан оралғаннан кейін ауру белгілері пайда болса, дереу дәрігерге хабарлап, медициналық көмек алу қажет”, – делінген хабарламада.
Нипах вирусы зооноздық инфекцияларға жатады және адамдарға жануарлардан, соның ішінде жарқанаттар мен шошқалардан тарайды. Сондай-ақ осы вируспен ауырған адаммен тығыз байланыс кезінде де жұғады. Ластанған тағамдар мен сусындар арқылы берілуі мүмкін.
Ауру жоғары температурамен, бас ауруымен, жалпы әлсіздікпен, ал ауыр жағдайларда орталық нерв жүйесінің зақымдалуымен және пневмонияның дамуымен бірге жүруі мүмкін.
Министрлік бүгінгі күні Нипах вирусына қарсы арнайы емдеу және мақұлданған вакцина жоқ екенін алға тартты. Медициналық көмек тек симптоматикалық.
Еске салсақ, бұған дейін де Үндістанда адамға өте қауіпті Нипах вирусы таралып жатқанын хабарлаған едік.










