Қазақстанда Нипах вирусын жұқтыру жағдайлары тіркелгені рас па
Қазақстанда Нипах вирусын жұқтыру, сондай-ақ оны ел аумағына әкелу жағдайлары тіркелген жоқ. Қазіргі уақытта еліміздегі эпидемиологиялық жағдай тұрақты және толық бақылауда.
Фото: Freepik.comПрофилактика мақсатында және Үндістандағы Нипах вирусына байланысты эпидемиологиялық ахуалға орай ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мемлекеттік шекара арқылы барлық өткізу пунктерінде санитариялық-карантиндік бақылауды күшейтті.
Ведомство мәліметінше, Үндістаннан, сондай-ақ ауру тіркелген Оңтүстік-Шығыс Азияның өзге де елдерінен келген адамдарға ерекше назар аударылады. Осы инфекция бойынша қолайсыз елдердің тізбесі тұрақты түрде қайта қаралып, жаңартылып отырады.
- Медициналық ұйымдар инфекцияның ел аумағына әкелінуі мүмкін деген қауіпке байланысты дайындыққа келтірілді. Шұғыл медициналық көмек пен инфекциялық стационарлар бригадаларының дайындығы қамтамасыз етілді, дәрілік заттардың, жеке қорғану құралдарының және дезинфекциялау құралдарының азайтылмайтын қоры қалыптастырылды.
Инфекцияның таралуының алдын алу мақсатында эндемиялық елдерге сапар шегуді жоспарлап отырған азаматтарға жеке профилактика шараларын сақтау ұсынылады. Сондай-ақ шетелден оралғаннан кейін ауру белгілері байқалған жағдайда барған елі туралы ақпаратты көрсете отырып, дереу медициналық көмекке жүгіну қажет, - деп ескертті министрліктен.
Айта кетейік, Нипах вирусы зооноздық инфекцияларға жатады және адамдарға жануарлардан, оның ішінде жарқанаттар мен шошқалардан, сондай-ақ жұқтырған адаммен тығыз қарым-қатынас кезінде жұғуы мүмкін. Вирус ластанған тағамдар мен сусындар арқылы да беріледі.
Ауру жоғары температурамен, бас ауруымен, жалпы әлсіздікпен сипатталады. Ауыр жағдайларда орталық жүйке жүйесі зақымдалып, пневмония дамуы ықтимал.
Қазіргі уақытта Нипах вирусына қарсы арнайы емдеу тәсілі мен мақұлданған вакцина жоқ, медициналық көмек симптоматикалық сипатта көрсетіледі.
Еске салайық, бұған дейін Үндістанда өлімге әкелетін Нипах вирусы өршіп тұрғаны хабарланған болатын.










