Аида Балаева Ұлттық басылым күнімен құттықтады
Фотосурет: primeministers
Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Ұлттық басылым күнімен құттықтады, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ.
Министрдің айтуынша, бұл күннің отандық мерзімді баспасөз тарихындағы орны айрықша.
«Бұл күннің отандық мерзімді баспасөз тарихының бастауы саналуы тегін емес. Сонау 1913 жылғы 2 ақпанда қазақ халқының бірлігінің ұйытқысына айналған „Қазақ“ газетінің алғашқы саны жарық көрді», – деді ол.
Аида Балаева сол уақыттан бері газеттер мен журналдар мемлекет пен азаматтар арасындағы сенімді нығайтуға, ашық қоғам қалыптастыруға маңызды үлес қосып келе жатқанын атап өтті.
Министр қазіргі таңда қазақстандық басылымдар аға буын қалыптастырған игі дәстүрді лайықты жалғастырып отырғанын айтты.
Оның сөзінше, Мемлекет басшысы жақында «Turkistan» газетіне берген сұхбатында отандық баспасөздің бүгінде «ренессанс кезеңіне» қадам басқанын атап өткен.
«Шынында да, бүгінде ұлттық баспасөз интернет пен цифрлық технологиялардың арқасында аудиториясын кеңейтіп, қайта жаңғыру дәуірін бастан өткеруде. Осылайша, мерзімді басылымдар елдің медиа кеңістігінде маңызды орнын бекемдей түсті», – деді министр.
Сонымен қатар Аида Балаева ұлттық басылымдарды қолдау Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі қызметінің басым бағыттарының бірі болып қала беретінін жеткізді. Сөз соңында министр сала қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады.
«Осы орайда, салада еңбек етіп жүрген барша азаматтарды кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған реформалар мен бастамаларды, маңызды жобаларды халыққа жеткізудегі кәсіби шеберліктеріңіз бен әріптестік қолдауларыңыз үшін алғыс білдіремін. Сіздерге шығармашылық шабыт, сарқылмас күш-қуат, толайым табыс тілеймін!» – деді ол













