Министрлік: Үш күнде 40 мыңнан астам жол ережесін бұзу дерегі тіркелді
Ішкі істер министрлігі жол жүрісі қауіпсіздігін арттыру және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында өткізілген «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасын қорытындылады. Айналдырған үш күнде 40 мыңнан аса бұзушылық тіркелді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Фото: freepik.com
Оның ішінде көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқарудың – 313, қарсы бағытқа шығудың – 175, міндетті сақтандыру талаптарын бұзудың 1 965 дерегі тіркелді.
Сондай-ақ техникалық байқаудан өтпеудің – 2 147, көлік басқару кезінде телефон пайдаланудың – 2 698 фактісі, маневр жасау қағидаларын бұзудың – 3 146 дерегі тіркелсе, жолаушыларды, багажды және жүктерді тасымалдау қағидаларын бұзудың 455 дерегі анықталды.
Өткізілген шара нәтижелері жолда жүру қағидаларын бұзудың салдары жол-көлік оқиғаларына тікелей әсер етіп, жол жүрісіне қатысушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретінін көрсетті.
Ішкі істер министрлігі азаматтарды жол жолда жүру қағидаларын қатаң сақтауға, жолда өзара сыйластық танытуға және қауіпсіздік әрбір адамның жеке жауапкершілігі екенін ұмытпауға шақырады.












