Қызылорданың «Қайсар» клубында ойнайтын нигериялық футболшы айына 8 млн теңге алады
Виктор Мозес Қызылорда клубындағы ең жоғары жалақы алатын ойыншылардың бірі атанды

Фото: instagram.com/fckaysar_official

Фото: instagram.com/fckaysar_official
Қазақстан футболында жалақысы ең көп талқыланатын легионерлердің бірі пайда болды. Қызылорданың «Қайсар» футбол клубы жаңа маусым алдында құрамын тәжірибелі ойыншымен толықтырды. Еуропаның жетекші чемпионаттарында ойнаған нигериялық жартылай қорғаушы Виктор Мозес енді Қазақстан Премьер-лигасында өнер көрсетеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Sports24.kz мәліметінше, Виктор Мозес «Қайсар» сапында айына шамамен 8 миллион теңге жалақы алады. Бұл сома футболшының жылдық табысын 160 мың АҚШ долларына дейін жеткізеді. Мұндай келісімшарт Қазақстан футболы үшін сирек кездесетін қаржылық деңгей саналады.
Виктор Мозес кәсіби мансабын Англия Чемпионшипіндегі «Кристал Пэлас» клубында бастап, кейін «Уиган Атлетик» құрамында өнер көрсетті. 2010 жылы Англия Премьер-лигасында алғаш рет алаңға шығып, екі жылдан соң Лондонның атақты «Челси» клубына ауысты.
Одан бөлек, нигериялық хавбек әр жылдары «Ливерпуль», «Вест Хэм Юнайтед», Түркияның «Фенербахче», Италияның «Интер» және Мәскеудің «Спартак» клубтарының намысын қорғады. Соңғы клубы – «Лутон Таун». Ол Чемпионшип аясында 18 матч өткізіп, бір гол соққан.
Жеке мансабында Виктор Мозес 495 ресми ойынға қатысып, 62 голдың авторы атанып, 47 нәтижелі пас берген. Сондай-ақ, Нигерия ұлттық құрамасы сапында 38 матч өткізіп, 12 гол соғып, 5 нәтижелі пасымен ерекшеленді.














