Үндістанда емделмейтін вирус тарап жатыр
Үндістанда емделмейтін вирус тарап жатыр
Үндістандағы Батыс Бенгалия штатында Нипах вирусын жұқтырған бес жағдай тіркеліп, шамамен 100 адам карантинге жіберілген. Билік бұл індеттің таралуын тежеуге әрекет етіп жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz The Independent басылымына сілтеме жасап.
Вирусты осы аптаның басында екі медицина қызметкері жұқтырғаны расталған еді, ал жуырда тағы үш жаңа дерегі анықталды.
Жаңа расталғандардың арасында дәрігер, медбике және медициналық мекеме қызметкері бар. Дүйсенбіде алғашқы жағдай анықталғаннан кейін, шамамен 100 адамға карантинінде болу туралы нұсқама берілген.
Батыс Бенгалия денсаулық сақтау департаментінің өкілі қызметкердің жағдайы жақсарып келе жатқанын, алайда науқас әйелдің хәлі өте ауыр күйде екенін айтты. Екеуі де жүрек аурулары бар науқастарға арналған жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатыр.
Нипах вирусы өлімге әкелуі мүмкін және қазір оған қарсы арнайы дәрі-дәрмек жоқ. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы оны жоғары қауіп төндіретін патоген ретінде бағалайды. Вирустың тасымалдаушылары жарқанаттар болуы мүмкін, сондай-ақ, жемістер арқылы да берілуі ықтимал.
Жұқтыру белгілеріне қызу көтерілу, бас пен бұлшықет ауыруы, құсу және тамақтың ауыруы жатады. Ауыр жағдайларда ми қабынуы пайда болып, екі тәулік ішінде комаға түсуі мүмкін.
ДДСҰ дерегінше, Нипах вирусының өлім-жітім деңгейі жоғары: вирус штамына қарай өлім көрсеткіші 40–75 пайыз аралығында. Тірі қалған адамдарда ұзақ мерзімді неврологиялық салдар болуы ықтимал, соның ішінде тұрақты құрысу немесе психоневрологиялық асқынулар кездесуі мүмкін.











