«-35 градусқа дейін аяз»: Демалыс күндері ауа райы қандай болады?

Бұл туралы "Қазгидромет" РМК мамандары мәлімдеді
Алдағы күндері Қазақстан Республикасының аумағында ауа райы Атлантика аймақтарынан жылжып келе жатқан циклон мен белсенді атмосфералық фронттардың ықпалында қалыптасады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Бұл жағдай елдің басым бөлігінде қар жаууына, ал оңтүстік өңірлерде жаңбыр мен қар аралас жауын-шашынның түсуіне әкеледі. Сонымен қатар боран соғып, желдің күшеюі күтіледі.
Циклон ел аумағы арқылы жылжыған сайын бірқатар өңірлерге жылырақ ауа массалары ене бастайды. Соның нәтижесінде ауа температурасы біртіндеп жоғарылайды. Атап айтқанда, түнгі уақытта орталық және шығыс өңірлерде ауа температурасы -5…-18°С-қа дейін, оңтүстік-шығыста -2…-7°С-қа дейін, ал таулы аудандарда -7…-15°С-қа дейін көтеріледі.
Алайда солтүстік облыстарда аязды ауа райы сақталады. Мұнда түнгі ауа температурасы -20…-35°С шамасында болады. Сонымен қатар құрамында суық арктикалық ауа шоғырланған антициклон жотасы елдің батыс өңірлеріне таралып, түнгі уақытта ауа температурасының -15…-30°С-қа дейін, ал солтүстік-батыста -20…-35°С-қа дейін төмендеуіне себеп болады.














