Мәжілісте маңызды мәселелер қаралып, нақты тапсырмалар жүктелді
Бүгін аудан әкімі Алмасбек Есмаханов Сыр өңірінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қатысуымен өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысына байланысты, сондай-ақ облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың ауданға жасаған жұмыс сапарының қорытындысына және өзге де өзекті мәселелерге байланысты арнайы мәжіліс өткізді.Мәжілісте аудан басшысы алдымен 20 қаңтар күні Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың маңызына тоқталып, Сыр өңірінде өткен алқалы жиында қабылданған шешімдер еліміздің саяси, әлеуметтік және экономикалық дамуына тың серпін беріп, ұлттық бірлікті нығайтуға бағытталғанын атап өтті. Сондай-ақ Ұлттық құрылтай барысында жерлесіміз, Қызылорда облысының құрметті азаматы Самұрат Жұманұлының Мемлекет басшысының қолынан І дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталуы өңіріміз үшін зор мәртебе екені жеткізді.
Ұлттық құрылтайдан кейін облыс әкімінің ауданға жасаған жұмыс сапары аясында Бекарыстан би ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені, теміржол үстінен өтетін аспалы жаяу жүргіншілер көпірі пайдалануға беріліп, Сарбұлақ ауылы ауыз су жүйесіне қосылғаны айтылды. Бұл жобалардың барлығы аудан тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған нақты әрі маңызды қадамдар екені атап өтілді.
Мәжіліс барысында ауданның 2025 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне талдау жасалып, негізгі макроэкономикалық индикаторлар бойынша оң өсім қалыптасқаны айтылды. Осыған байланысты 2026 жылға арналған жоспарлы көрсеткіштердің толық әрі сапалы орындалуын қамтамасыз ету жөнінде сала басшылары мен кент, қала және ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар берілді.
Жиында аудан әкімі коммуналдық қызметтердің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету, тұрғындарды жылу, су, газ және электр энергиясымен үздіксіз қамту, азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу, мемлекеттік қолдау шараларының уақытылы әрі сапалы орындалуын қатаң бақылауда ұстау жөнінде жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді. Сонымен қатар Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда берген тапсырмаларын халық арасында кеңінен насихаттау, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және «Заң мен тәртіп» қағидатын қатаң сақтау міндеттері де күн тәртібінде екені ескертілді.
Мәжіліс соңында Алмасбек Әбілқасымұлы тиісті сала басшыларына аудан аумағындағы тазалық, абаттандыру, қар мен мұздан тазалау, көшелердегі істен шыққан түнгі жарықшамдарды қалпына келтіру мәселелері бойынша нақты тапсырмалар берді.











