Сыр елінің перзентіне жоғары мемлекеттік марапат
Кеше киелі Сыр өңірінің орталығы – Қызылорда қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысы өтті. Ел тағдырына қатысты өзекті мәселелер көтеріліп, ұлттық мүдде мен қоғамдық келісімге негізделген маңызды бастамалар талқыланған алқалы жиынның Сыр бойында өтуі – өткен мен бүгінді сабақтастыратын, өңірдің ел өміріндегі тарихи әрі стратегиялық маңызын айқындай түсетін тағылымды таңдау болды.
Ұлтты ұйыстырып, ел бірлігін бекемдеуге бағытталған құрылтай барысында Мемлекет басшысы қоғам дамуына, ел экономикасының өркендеуіне елеулі үлес қосқан азаматтарды мемлекеттік наградалармен марапаттады. Солардың қатарында Сыр елінің тумасы, Қызылорда облысының Құрметті азаматы, белгілі кәсіпкер әрі қоғам қайраткері, «РЗА» акционерлік қоғамының президенті Самұрат Жұманұлы Имандосов та бар.
Облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының ұсынысымен Мемлекет басшысы Самұрат Жұманұлына Қазақстан Республикасының ең жоғары марапаттарының бірі – І дәрежелі «Барыс» орденін табыстады. Ел экономикасын дамытуға, ауыл шаруашылығы саласын өркендетуге, өңірдің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған көп жылғы қажырлы еңбектің лайықты бағасы.
Самұрат Имандосов бұған дейін де мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, «Құрмет», «Парасат» ордендерімен, сондай-ақ ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталған. Ал І дәрежелі «Барыс» орденінің табысталуы – оның ел дамуына қосқан үлесінің, туған жерге деген жанашырлығы мен азаматтық ұстанымының биік деңгейде мойындалғанының айқын дәлелі.
Жерлесіміздің жылдар бойы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына сіңірген еңбегі, ауыл шаруашылығы саласына енгізген жаңашыл бастамалары, жұмыс орындарын ашуға, ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруға қосқан үлесі көпшілікке үлгі. Сонымен қатар ол қоғамдық өмірге белсене араласып, игі істердің ұйытқысы болып келеді.
Самұрат Жұманұлының елге сіңірген еңбегі адал қызметтің, отансүйгіштіктің және жауапкершіліктің жарқын көрінісі. Оның өмір жолы мен еңбек жолы өскелең ұрпаққа өнеге болып, туған жерді дамытуға үлес қосамын деген азаматтарға әрдайым үлгі бола бермек.
А.ҚАЗМАҒАМБЕТОВА













