"Қызылорда-Ақтөбе" жолы кеңейсе, апат та азаяды
Фото: shutterstock.comБұл хабар екі өңірді тұрақты байланыстырып жүрген тұрғындар мен жолаушылар үшін ғана емес, жол бойында нәпақасын тауып жүрген кәсіп иелерін де ерекше қуантты. Соның бірі – бірнеше бағытта жолаушы тасымалдап жүрген такси жүргізушісі Нұрсұлтан Нұғман. Ол бұл бастаманың ең алдымен жол қауіпсіздігін арттырып, апат санын азайтуға айтарлықтай үлес қосатынын атап өтті.
– Қызылорда мен Ақтөбе арасын жиі жол қылатын жолаушылар үшін бұл – өте жағымды әрі көптен күткен жаңалық. Ел Президентінің халықтың көкейінде жүрген күрмеулі мәселені назардан тыс қалдырмай, нақты шешім қабылдағаны ерекше қуантып отыр. 4 жолақты, кең әрі қауіпсіз жол батыс өңірге қашан жетер екен деп үміттеніп жүретін едік. Енді, міне, сол күн де жақындаған сияқты. Бұйырса, алдағы уақытта оның игілігін көріп, тас жолда көліктермен қақтығыспай, емін-еркін әрі қауіпсіз қозғалысқа мүмкіндік аламыз, – дейді такси жүргізуші Нұрсұлтан Нұғман.
Айта кетейік, аталған автожолды бірінші санатқа көшіру – өңірлер арасындағы қатынасты нығайтып қана қоймай, жолаушылардың уақытын үнемдеуге, көлік қозғалысының қарқындылығын арттыруға және жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған маңызды қадам болмақ.













