Психикалық денсаулық: депрессия, күйзеліс және ауытқулар аражігі
Психикалық саулық – қазіргі қоғамның ең өзекті мәселелерінің бірі. Психикалық саулықты қалпына келтіру тек ерік-жігерге ғана емес, сонымен қатар ағзадағы биологиялық процестерді реттеуге де байланысты.
Соңғы жылдары әлемдік деңгейдегі өзгерістер, ақпараттық ағынның көптігі және өмір сүру қарқынының жеделдеуі адам жанының тепе-теңдігіне айтарлықтай әсер етуде. Олай болса, депрессия, күйзеліс (стресс) және психологиялық ауытқулардың табиғатын, айырмашылығын және олармен күресу жолдарын сараптайық.
Күйзеліс: табиғи реакция ма, әлде қауіп пе?
Қазіргі таңда «күйзелістемін» немесе «депрессиядамын» деген сөздерді жиі естиміз. Алайда бұл терминдердің мағынасын шатастыру дер кезінде дұрыс көмек алуға кедергі келтіруі мүмкін.
Стресс – ағзаның сыртқы тітіркендіргіштерге қайтаратын бейімделу реакциясы. Ол екі түрлі болады. Эустресс – адамды жинақталуға, мақсатқа жетуге итермелейтін «пайдалы» стресс. Дистресс – ұзаққа созылған, адамның ішкі ресурстарын тауысатын зиянды күйзеліс. Белгілері: ұйқының бұзылуы, мазасыздық, бұлшықеттердің жиырылуы, әсіресе мойын, иық тұсы, зейіннің шашырауы.
Негізінен депрессиялық жағдай көңіл-күйдің түсуінен де тереңірекке енеді. Депрессияда адам жай ғана мұңайып қана қоймайды. Бұл клиникалық диагноз саналады. Ол мидағы нейромедиаторлардың (серотонин, дофамин, норадреналин) тепе-теңдігінің бұзылуынан туындайды.
Ғылыми зерттеулер бойынша депрессияның негізгі үштігін анықтаған. Алғашқысы, көңіл-күйдің ұзақ уақыт бойы, яки 2 аптадан артық төмен болуы. Ангедония – бұрын рақат сыйлаған істерге қызығушылықтың жоғалуы. Үшіншісі, ағзадағы қуаттың жоқтығы, тіпті ұйқыдан тұрғанның өзінде тез шаршағыштыққа бой алдырады.
Психологиялық ауытқулар
Көпбейінді ауданаралық орталық аурухананың дәрігер-психиатры Бақтыбай Тлеумбетовтің айтуынша, бұл термин кең ауқымды қамтиды. Үрейлі бұзылыстар (anxiety), биполярлы бұзылыс, ОКР (обсессивті-компульсивті бұзылыс) және тағы басқалары. Бұлар адамның әлеуметтік өміріне, жұмысына және қарым-қатынасына айтарлықтай нұқсан келтіреді.
Қалай ажыратамыз? Салыстырмалы кестені келтірейік.
КөрсеткішКүйзелісДепрессия
СебебіНақты сыртқы фактор (жұмыс, сабақ, емтихан)Көбіне ішкі себептер немесе химиялық дисбаланс
ҰзақтығыФактор жойылса, тез басылады14 күннен бастап айларға созылады
Өзін-өзі бағалауӘдетте өзгермейдіКінәлау сезімі, өзін төмен санау басым
ШешіміДемалыс, тайм-менеджментТерапия және қажет болса дәрілік ем
Психологиялық ауытқулардың туындау себептеріне үңілсек, ғылыми зерттеулер мәселенің үш негізгі факторын көрсетеді. Биологиялық – генетикалық бейімділік, гормоналды өзгерістер. Психологиялық – балалық шақтағы жарақаттар, тұлғалық ерекшеліктер (перфекционизм, пессимизм). Әлеуметтік – оқшаулану, қаржылық қиындықтар, экология және тұрақсыздық.
Сауығуға бағытталған серпіліс
Жоғары категориялы дәрігер-психиатры Бақтыбай Құлбайұлы сауығуға бағытталған қадамдар жасауға түрлі емдік әдіске жүгінуге болатындығында алға тартты. Егер сіз немесе жақыныңыз осындай күйде болса, келесі іс-әрекеттер маңызды.
Физиологиялық деңгейдегі көмек берген абзал. Күйзеліс кезінде ағзада кортизол көбейсе, депрессияда серотонин мен дофамин азаяды. Бұны реттеу үшін ұйқы гигиенасына мән берген дұрыс. Күн сайын бір уақытта жату және тұру әдетке айналдыру керек. Өйткені түнде бөлінетін мелатонин гормоны жүйке жүйесін емдейді.
Дене белсенділігінің де септігі тиеді. Күніне 30 минуттық серуен немесе жаттығу «бақыт гормондарының» табиғи жолмен бөлінуіне ықпал етеді. Дұрыс тамақтанудың да әсері мол. Магний мен В тобындағы дәрумендерге бай өнімдерді (жаңғақтар, балық, жасыл көкөністер) тұтыну жүйке жүйесін нығайтады.
Психологиялық техникаларды қолдану арқылы ойлау форматын өзгерту – сауығудың үлкен бөлігі. Когнитивті-бихевиоралды терапия жасаңыз. Өзіңіз туралы негативті «Мен ештеңеге қабілетсізбін», «Бәрі бұрынғыдай жаман болады» деген ойларды анықтап, оларды логикалық тұрғыда талдау қажет. Күнделік жүргізуді әдетке айналдырған жөн. Күн сайын болған 3 жақсы оқиғаны немесе өзіңіз риза болған 3 сәтті жазып отыру керек. Мәселен, ризашылық күнделігі сынды. Медитация және тыныс алу жаттығулары мидың «тыныштал» деген сигналын іске қосып, дистресс деңгейін төмендетеді.
Ақпараттық диета. Негативті жаңалықтар мен әлеуметтік желілерді шектеу. Дегенмен әлеуметтік және кәсіби қолдауға мән бер. Қоғамнан оқшауланбаған жөн. Депрессия адамды жалғыздыққа итермелейді. Жақын адамдармен сөйлесу, тіпті жай ғана қасында болу терапиялық әсер береді. Кәсіби көмекке жүгініп, психотерапевтке көріну ең дұрыс шешім. Кей жағдайда дәрілік терапия (антидепрессанттар) мидағы химиялық дисбалансты теңестіру үшін өте қажет.
Қашан дабыл қағу керек?
Егер төмендегі белгілер байқалса, өзін-өзі емдеуді тоқтатып, шұғыл маманға жүгіну қажет. Ұйқының мүлдем бұзылуы (инсомния) немесе тым көп ұйықтау. Тәбеттің мүлдем жоғалуы немесе шектен тыс тамақтану. Өз-өзіне зиян келтіру ойларының пайда болуы. Жеке гигиенаны сақтауға (жуыну, киіну) күштің жетпеуі.
Түйіндей келе, психикалық денсаулық «әлсіздік» емес. Керісінше, адамның жалпы денсаулығының ажырамас бөлігі. Өз сезімдеріңізге құлақ түру және қажет кезінде көмек сұрау – саналы адамның белгісі. Күйзеліс уақытша қиындық, ал депрессия емделуді қажет ететін ауру. Екеуін де назардан тыс қалдырмау өз өміріңізге деген жауапкершілік.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА









