Ғалымдар аптаның қай күні күйзеліспен өтетінін анықтады

Бұл туралы The Independent басылымы жазды. Зерттеушілердің мәліметінше, жұмыс аптасының басы адам ағзасында ерекше биологиялық реакциялар туындатып, жүрек-қан тамырлары жүйесіне теріс әсер етуі мүмкін.
Гонконг университетінің ғалымдары жүргізген зерттеу аясында Англиядағы қартаюды ұзақ мерзімді зерттеу (ELSA) жобасына қатысқан 3 500-ден астам ересек адамның деректері талданды. Нәтижесінде, дүйсенбі күні алаңдаушылық сезімін жиі бастан өткеретін жандардың шаш үлгілерінен алынған талдауларда стресс гормоны — кортизол деңгейі 25%-ға дейін жоғарылағаны анықталды. Бұл көрсеткіш екі ай бойы жинақталатын стресс әсерінің бар екенін көрсетеді.
Зерттеушілердің айтуынша, бұл құбылыс тек жұмыс істейтіндерге ғана емес, зейнеткерлерге де тән. Демек, дүйсенбі күнінің адам физиологиясындағы стресс жүйесіне терең тамыр жайғаны байқалады. Бұл өз кезегінде жүрек ауруларының даму қаупін арттыруы мүмкін. Мәселен, статистикалық мәліметтерге сәйкес, дүйсенбі күндері жүрек талмасының жиілігі шамамен 20%-ға өсетіні тіркелген.
Мамандар бұл құбылысты ағзадағы гипоталамо-гипофизарлы-бүйрек үсті безі (ГГБҮБ) осінің жұмысымен байланыстырады. Бұл жүйе кортизол гормонын реттейді және оның тұрақты белсенділігі гипертония, инсулинге төзімділік пен иммундық жүйе бұзылуына алып келуі мүмкін.
Бұған дейінгі зерттеулер жұмыс күндері стресс деңгейі демалыс күндеріне қарағанда жоғары болатынын көрсеткен. Алайда соңғы ғылыми жұмыс дүйсенбі күнінің стрессті бастауға ерекше әсер ететін фактор екенін алғаш рет дәлелдеді.
«Кейбір егде жастағы адамдар үшін аптаның жаңа күнін бастау биологиялық тұрғыдан бірнеше айға созылатын күйзеліс реакциясын іске қосады. Бұл тек жұмыспен байланысты емес, дүйсенбі күнінің біздің физиологиялық күйзеліс жүйемізге қаншалықты терең әсер ететінін көрсетеді», — деп түсіндірді зерттеу авторларының бірі, профессор Тарани Чандола.
Ғалымдар дүйсенбімен байланысты стресс факторларын зерттеу және оларды жеңілдету жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алудың жаңа тәсілдеріне жол ашуы мүмкін деп үміттенеді.
Бұған дейін күйзеліспен күресетін бес тағам түрін жазған едік.